Нұра өңірінің мақтанышы Нұрхат Аманжол Тараз қаласында ұлттық спорт түрінен өткен Қазақстан чемпионатында жекпе-жекте ұрыстан 84 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды! Табандылығы мен қажырлы еңбегі, қайсар рухы мен жоғары шеберлігі нәтижесінде Нұрхат Нұраға алтын медаль әкелумен қатар Туризм және спорт министрлігінің стипендиясын иеленді.

Нұра ауданы әкімдігінің мәжіліс залында жекпе-жек ұлттық спорт түрінен Республика чемпионы атанған Нұрхат Аманжолды құттықтау үшін аудан әкімі Бақытжан Мұқанов салтанатты кездесу өтті. Жиынға спорт бөлімінің басшысы Ержан Смаилов, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Берік Ташмағанбетов, спорт саласының өкілдері, жаттықтырушылар мен спортшылар қатысқан жиында өңір басшысы Бақытжан Мылтықбайұлы өз салмақ дәрежесінде топ жарып, алтын медаль иеленген Нұрхатты жеңісімен құттықтап, жас спортшының жетістігіне жоғары баға беріп, оның аудан абыройын асқақтатқан жеңісі өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Чемпион алдағы уақытта да толағай табыстарға қол жеткізіп, республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғауына, Қазақстанның көк туын биікке көтеріп, жаңа белестерді бағындыруына тілектестік білдірді. Сонымен қоса, Нұрхат Аманжолға 100 мың теңге көлемінде сыйақы табыстап, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, шәкіртін жоғары жетістікке жеткізуге зор үлес қосқан жаттықтырушысы Баһадүр Романқұлов та аудан әкімінің Алғыс хатын иеленді.
Жиынға қатысушылар кездесуден кейін аудандық спорт кешеніне барып, жас спортшылардың жаттығуын тамашалады, дайындық деңгейімен танысып, спорттағы жетістіктеріне назар аударды. Спортшылармен кездесуде спорт бөлімінің басшысы Ержан Смаилов пен жаттықтырушы Баһадүр Романқұлов өскелең ұрпаққа сәттілік тілеп, биік мақсат қойып, үздік нәтижелерге жету үшін үздіксіз ізденіп, спортқа жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын атап көрсетті, Нұрхат Аманжол секілді ел мақтанышына айналып, аудан абыройын асқақтататын чемпиондар қатары көбейе беруіне тілектестік білдірді. Сөз кезегі келгенде ел чемпионы Нұрхат Аманжол да жас спортшыларды биік мақсаттарға ұмтылуға, өз күштеріне сеніп, алға қойған арман-мұраттарына жету жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ
Ortalyq.kz



