Қалт жібермей қадағалайды
Теміртауда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа цифрлық бақылау тетігі іске қосылды. Қалада прокурорларға ахуалды тәулік бойы бақылап, заң бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін Қадағалау ден қою орталығы жұмысын бастады.

сайтынан
Жаңа орталықтың жұмысымен Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев танысты. Мұнда бейнемониторинг, ақпаратты талдау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл бір жүйеге біріктірілген. Бұл прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттырып, оқиғаларға уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде бірыңғай жүйеге 1575 бейнекамера қосылған. Олар қала көшелері мен саябақтарында, мектептер мен балабақшаларда, медициналық ұйымдарда және басқа да нысандарда орнатылған. Кезекші прокурорлар камералар арқылы қаладағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап отырады.
Құқық бұзушылық немесе өзге де проблемалық жағдай тіркелген кезде ақпарат бірден өңделіп, тиісті шаралар қабылданады. Мұндай тәсіл кей жағдайда прокурордың оқиға орнына баруын қажет етпей, мәселені қашықтан бақылауға және жедел шешуге жол ашады. Сонымен қатар, 360 градусқа шолу жасайтын және оптикалық ұлғайту мүмкіндігі бар камералар оқиға барысын егжей-тегжейлі бақылауға мүмкіндік береді.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, орталықты тек техникалық құралдармен жабдықталған бөлме ретінде қарастыруға болмайды. Оның басты ерекшелігі – цифрлық мүмкіндіктерді прокурорлық қадағалау жүйесімен ұштастырып, заң бұзушылықтардың алдын алуға және оларға жедел әрекет етуге жағдай жасау.
Бұдан бөлек, уақытша ұстау изоляторларында отырған азаматтардың құқықтарының сақталуы да тұрақты бақылауда болады. Орталық цифрлық қадағалау жүйесімен ықпалдастырылған.
Жаңа орталықтың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң бұзушылықтарға жедел ден қою. Теміртауда цифрлық технологиялар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің практикалық құралдарының біріне айналып отыр.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



