Приозерск жылыту жүйелерін іске қосуға дайындалуда
Приозерск қаласында жылу маусымын 10 қазанда бастау жоспарланып отыр. Жаз айларында қаладағы қазандық пен коммуналдық желілерде қысқа дайындық жұмыстары жүргізілді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың жұмыс сапары барысында Приозерскінің қысқы маусымға дайындығы туралы баяндалды.

Қалалық қазандық 1974 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Сарышаған Сужылу – 2014» ЖШС басшысы Руслан Ғалымжановтың айтуынша, жаз бойы мұнда үш қазан, жылу алмастырғыштар және басқа да жабдықтар жөнделіп, деаэратор мен түтін сорғыш ауыстырылған. Сондай-ақ мазут қоры жасақталып, қысқы кезеңге қажетті отын көлемін жеткізуге келісімшарт жасалды.

Қалада коммуналдық желілер де жаңартылып жатыр. Биыл 3,5 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Оның ішінде тұрғын үйлерге тартылған 400 метр құбыр бар. Жылу шығынын азайту үшін құбырларға оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 800 метр жаңа су құбыры желісі тартылды.
Бәйтерек көшесінде кәріз желісінің құрылысы жалғасып жатыр. Жоспарланған 817 метрдің 650 метрі тартылды. Жұмыс аяқталғаннан кейін тұрғын үйлер орталық су бұру жүйесіне қосылады.

Ермағанбет Бөлекпаев аралаған нысандардың бірі – жағалау аумағы. Оны абаттандыру үш кезеңге жоспарланған. Қазір су-құтқару станциясы орналасқан аумақтағы бірінші учаскедегі жұмыстар аяқталуға жақын. Алдағы уақытта жағалауды «Ақ бағаналар» деп аталатын алғашқы құрылысшыларға арналған ескерткішке дейін ұзарту жоспарланып отыр. Жалпы абаттандырылатын аумақтың көлемі 7 мың шаршы метрден асады.

Қалалық жағажай аумағында автотұрақ,

балалар

және футбол алаңдары,

санитарлық тораптар

мен киім ауыстыратын орындар абаттандырылды.

Сонымен қатар Приозерскіде қаланың дизайн-коды әзірленді.

Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдері белгіленіп, олар инвесторларға ұсынылуда.

– Приозерскіде туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Қаланың дизайн-коды әзірленді. Ендігі міндет – бизнеспен жұмыс істеп, кәсіпкерлерге өз нысандарын ретке келтірудің маңызын түсіндіру. Өйткені мұның барлығы қаланың келбетіне әсер етеді. Сонымен қатар бос жер телімдері бар. Кәсіпкерлік дамуы үшін оларды қызығушылық танытқан барлық инвесторларға ұсыну қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.



