Қарағандыда түнде отшашу ұйымдастырған азамат анықталды
Қарағандыда мейрамхананың ашылуына орай түнгі уақытта отшашу ұйымдастырған 46 жастағы қала тұрғыны анықталды. Бұл дерек әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында белгілі болған.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желіден мейрамханалардың бірінің ашылу рәсімінен түсірілген бейнежазбаны анықтаған. Видеодан түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдар қолданылып, отшашу ұйымдастырылғаны анықталды.
Тексеру нәтижесінде пиротехниканы пайдаланған азамат белгілі болды. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында түнгі уақытта тыныштықты бұзып, белгіленбеген орындарда отшашу ұйымдастыруға байланысты төрт дерек тіркелген. Құқық бұзушылардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылған.
Полиция азаматтарды пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтап, қолданыстағы заңнама талаптарын бұзбауға шақырады.
Қарағанды облысының Полиция департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Ашық дереккөздерде жарияланған бейнематериалдар арқылы анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



