Балалар денсаулығы – ортақ жауапкершілік
Жаңа оқу жылының басталуымен балалар қайтадан мектептер мен басқа да ұйымдасқан ұжымдарға оралады. Осы кезеңде инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу, олардың таралуына жол бермеу ерекше маңызға ие. Сондықтан оқушылардың денсаулығын бақылау және профилактикалық тексерулер жүргізу – оқу процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.

Инфекциялық аурулардың алдын алуда мектеппен қатар ата-аналардың да жауапкершілігі зор. Балада аурудың алғашқы белгілері байқалса, оны мектепке, балабақшаға немесе үйірмеге жібермеу қажет. Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, мұрынның бітелуі, мұрыннан су ағу, жөтел сияқты белгілер пайда болған жағдайда баланы үйде қалдырып, дәрігерге қаралған дұрыс.
Аурудың алдын алу үшін күнделікті қарапайым гигиеналық талаптарды сақтау да жеткілікті. Бөлмелерді жиі желдету, ылғалды тазалық жүргізу, қолды сабынмен мұқият жуу, адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу және баланы ауа райына сай киіндіру маңызды. Таза ауада серуендеу, дұрыс әрі теңгерімді тамақтану да баланың иммундық жүйесін қолдауға ықпал етеді.
Балаларды жеке бас гигиенасына ерте жастан үйрету қажет. Әсіресе тамақ ішер алдында, көшеден және қоғамдық орындардан келгеннен кейін қолды мұқият жуу – инфекциялардың таралуын болдырмаудың ең қарапайым әрі тиімді шараларының бірі.
Балалардың денсаулығын сақтау – ортақ назарды қажет ететін мәселе. Ата-ананың қырағылығы, білім беру ұйымдарындағы профилактикалық шаралар және медициналық мамандардың ұсынымдарын сақтау инфекциялық аурулардың алдын алуға және балалар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Аурудың алғашқы белгілеріне дер кезінде назар аударып, профилактикалық шараларды сақтау арқылы әр отбасы баласының ғана емес, бүкіл қоғамның денсаулығына үлес қоса алады.
Юрий ЗАЛЫГИН
Қарағанды облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері,
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы



