«Медиа қызметкерлердің қызметіндегі дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбында семинар өтті
Қарағандыда «Saryarqa aqparat» ЖШС қызметкерлеріне дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша семинар өтті.

Іс-шара барысында ЖШС комплаенс-офицері Эльмира Абдрахманова қызметкерлерге дербес деректерді жинау, өңдеу және тарату тәртібі, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау мәселелерін түсіндірді.
Кездесуде ақпаратпен жұмыс істеу кезінде туындауы мүмкін негізгі тәуекелдерге назар аударылды. Атап айтқанда, дербес деректерді заңсыз тарату, құпия ақпаратты жария ету, тексерілмеген мәліметтерді жариялау, қызметтік ақпаратты жеке мақсатта пайдалану және материалдарды үшінші тұлғаларға негізсіз беру мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар жұмыс аккаунттарына рұқсатсыз кіру, әлсіз құпиясөздерді пайдалану, күмәнді хаттар мен хабарламаларды ашу, жеке құрылғылар мен мессенджерлер арқылы ақпараттың таралуы сияқты ақпараттық қауіпсіздік қатерлері талқыланды.
Семинар соңында қызметкерлерге жарияланатын ақпараттың дұрыстығын алдын ала тексеру, дербес деректерді заңды негізсіз таратпау, қызметтік ақпараттың құпиялылығын сақтау және ақпараттық инциденттер анықталған жағдайда жауапты тұлғаларға дер кезінде хабарлау ұсынылды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



