Жаңалықтар

Қазақстанның алғашқы АЭС-іне дейінгі жол:Атом энергетикасының тарихы

Атом электр станциясын салу реактор ғимаратын тұрғызумен ғана шектелмейді. Оның артында ондаған жылдық ғылыми зерттеу, технологиялық тәжірибе және қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру жұмыстары тұр.

Фотоколлаж Liter.kz

Атом энергетикасының ғылыми негізі 1896 жылы француз физигі Анри Беккерельдің табиғи радиоактивтілікті ашуынан басталды. Кейін ғалымдар атом құрылысы мен сәулелену қасиеттерін зерттеді. 1938 жылы уран ядросының бөлінуі тәжірибе жүзінде дәлелденіп, бұл процестің физикалық түсіндірмесі берілді.

1942 жылы Энрико Ферми жетекшілік еткен Chicago Pile-1 қондырғысында тарихтағы алғашқы басқарылатын тізбекті ядролық реакция жүзеге асты. Бұл зерттеу реакторларын, кейін атом энергетикасын дамытуға жол ашты.

1951 жылы АҚШ-тағы EBR-I реакторы алғаш рет ядролық бөліну энергиясы есебінен электр энергиясын өндірді. Ал 1954 жылы Обнинск атом электр станциясы жалпы электр желісіне қосылып, МАГАТЭ дерегінше, әлемдегі алғашқы атом электр станциясы атанды.

Қазақстанның атом энергетикасындағы тарихы да тәуелсіздік кезеңінен әлдеқайда бұрын басталған. 1973-1999 жылдары Ақтауда БН-350 реакторы жұмыс істеді. Ол электр және жылу энергиясын өндіруге, сондай-ақ суды тұщытуға пайдаланылды. Сондықтан қазіргі жоба тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы ірі АЭС болғанымен, елімізде энергетикалық реакторды пайдалану тәжірибесі бар.

Қазақстанның ядролық ғылымындағы маңызды оқиғалардың бірі – Семей ядролық сынақ полигонының 1991 жылы жабылуы. Кейін полигон аумағын зерттеу, радиациялық жағдайды бақылау және қауіпті нысандарды жою жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта Ұлттық ядролық орталық маңызды рөл атқарып келеді.

Атом энергетикасын дамытуға дайындықтың жаңа кезеңі 2014 жылы «Қазақстан атом электр станциялары» компаниясының құрылуымен басталды. Ал 2024 жылғы 6 қазанда өткен республикалық референдумда азаматтардың 71 пайыздан астамы АЭС салу мәселесін қолдады.

2025 жылғы 8 тамызда Алматы облысының Үлкен ауылы маңында инженерлік іздестіру жұмыстары басталды. Мамандар аумақтың геологиялық, сейсмикалық, гидрогеологиялық және экологиялық ерекшеліктерін зерттеді.

2026 жылғы 3 қыркүйекте «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» құрамындағы «Атомстройэкспорт» компаниясы АЭС-ті жобалау, жабдық жеткізу және құрылыс бойынша келісімшартқа қол қойды. Құжаттың күшіне енуі үшін заңнамада көзделген рәсімдер әлі де жүргізілуі тиіс.

АЭС салу – күрделі әрі ұзақ процесс. Ол заңнаманы жетілдіруді, тәуелсіз мемлекеттік бақылауды, мамандар даярлауды, физикалық қорғауды, апаттарға дайындықты, ядролық отынмен қамтамасыз етуді және радиоактивті қалдықтарды басқаруды қамтиды.

Қазақстанның заманауи АЭС-ке дейінгі жолы әлемдік атом энергетикасының тәжірибесін, БН-350 реакторының жұмысын, ұлттық ғылыми орталықтардың қызметін және қазіргі жобаны дайындау кезеңдерін біріктіреді. Болашақ станцияның қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуі үшін ғылыми негіз, білікті мамандар және халықаралық талаптарға сай қатаң бақылау қажет.

Мәди Азбергенов
«ҚАЭС» ЖШС энергетика тобының жетекші инженері

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button