“Әділетті қоғамға – шыншыл сөз”: Сарыарқа жастары нендей ой түйді?
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңірдегі ғылым, білім, мәдениет, медиа және қоғамдық салалардағы белсенді жастармен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағын талқылады.

Кездесу барысында Президенттің әр кезеңде айтқан ой-тұжырымдарының бүгінгі реформалармен сабақтастығы сөз болды. Әлібек Үсенұлының айтуынша, жинаққа енген, сонау 1990-жылдары айтылған пікірлердің қазіргі мемлекеттік саясаттағы басымдықтармен үндесуі Мемлекет басшысының ұстанымдарымен сабақтас.

Ол мысал ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1995 жылы «Парасат» журналына берген сұхбатындағы «Кез келген проблеманың шешімі – адамдарда» деген пікірін атап өтті. Бүгінде адам капиталы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының біріне айналған. Сондай-ақ Президенттің 2019 жылы айтқан «Әділет жолы – ауыр жол, бірақ ауыр болса да, одан тура жол жоқ» деген сөзі қазіргі реформалардың өзегіндегі әділет қағидатымен үндесетініне тоқталды.

– Бүгін өңіріміздің ғылым, білім, мәдениет, медиа және қоғамдық ортада жүрген белсенді жастарының басын қосып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы турасында сөз қозғадық. Мемлекет басшысының әр кезеңде айтқан ойларының бүгінгі реформалармен үндестігін сараладық. Сол құндылықтардың бүгінгі қоғамдағы орнын, әсіресе жас буынға берер тағылымын тілге тиек еттік. Жинақ Мемлекет басшысының өткен ғасырдың 90-шы жылдары айтқан ой-тұжырымдарын қамтиды. Отыз жыл – аз уақыт емес. Адамның көзқарасы, өмірлік тәжірибесі толысып, өзгеретін кезең. Мемлекеттік басқарудың биік сатысына енді көтерілген Тоқаевтың сол кезде айтқан ойлары, президенттік мәртебеге ие болып, ел тізгінін ұстаған кезеңдегі ауқымды реформаларымен үндеседі. Бұдан мемлекет басшысының бірізділігі, ұстанымына деген адалдық, сөзі мен ісінің үйлесімі байқалады. Мәселен, 1995 жылы “Парасат” журналына берген сұхбатында: «Кез келген проблеманың шешімі – адамдарда», – деген екен. Бүгінде адам капиталы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығына айналды. 2019 жылы «Әділет жолы – ауыр жол, бірақ ауыр болса да, одан тура жол жоқ», – деген. Бүгінде әділет ұғымы елдегі реформалардың өзегіне айналып отыр, – деді Әлібек Әлденей.

Кездесуде әдебиеттің қоғамдық ойға ықпалы, тарихтан тағылым алу, ел бірлігін сақтаудағы ортақ құндылықтар, Конституция және азаматтық жауапкершілік, ғылым мен білімнің ел дамуындағы орны, қазақ тілін жаңа білім мен технологияның тіліне айналдыру, жасанды интеллектіні қоғам игілігіне пайдалану, жастардың білімі мен еңбегі, сондай-ақ ақпарат кеңістігіндегі шыншылдық мәселелері талқыланды.
Әңгіме барысында әділетті қоғам қалыптастыру тек мемлекеттік институттардың міндеті емес екені айтылды.
– Жиын барысында түсінгенім: әділетті қоғамды құру міндетін мемлекетке арта салуға болмайды. Бұл – біздің ортақ парызымыз. Адал еңбек, білім мен білік, азаматтық жауапкершілік, ел мен жерге деген жанашырлық әрбір қазақстандықтың өмірлік ұстанымына айналғанда ғана қоғам өзгереді. Сонда ғана реформалардың игілігін сезінеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Кездесудің қорытындысы бойынша озық ойлы жастарға арналған жаңа кітапхана ашылды. Жаңа орталық кітап оқып, білім іздейтін орын ғана емес, қарағандылық жастар мен оқырмандардың еркін пікір алмасып, жаңа идеяларын ортаға салатын коворкинг алаңы ретінде де қызмет етпек.

«Бір сөзбен айтқанда, өзіміз өмір сүргіміз келетін қоғам жайлы ой толғадық», – деді Әлібек Үсенұлы.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



