Ақтоғай ауданының Нарманбет ауылында білім саласының ардагері, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Сәтімбек Сламбектің «Алтын ұя, ардақты ел» атты кітабының тұсаукесері өтті. Ауылдың жүз жылдық мерейтойы аясында жарық көрген тағылымды еңбек Нарманбет ауылы мен Қарасу елді мекенінің қалыптасу және даму тарихын кеңінен қамтиды.

250 данамен жарық көрген кітап – туған жердің өткенін түгендеп, ел жадында сақталған тарихи деректерді кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен көлемді еңбек. Кітапта ел басына түскен нәубет жылдарындағы ауыр кезеңдер, ауылды ұйымдастыру жылдары, кеңестік дәуірдегі колхоз құрылысы, сол бір қиын-қыстау шақта ел бірлігін сақтап, маңдай терімен еңбек еткен азаматтардың өмір жолы архивтік деректер мен ел аузындағы естеліктер негізінде баяндалады. Еңбектің алғы сөзін Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Мұқан жазған. Ал, кітаптың жарық көруіне бас демеушілік жасаған – ауылдың айтулы тумасы, Ақмола облысы Егіндікөл ауданы «Қоржынкөл-А» ЖШС бас директоры Әбілқайыр Ошақбаев.

Автор ауыл тарихын бірнеше бағытқа бөліп қарастырған. «Тұғыры биік туған жер», «Білімнің қайнар бұлағы», «Отты жылдар қасіреті», «Тарихқа енген тұлғалар», «Ел ардақ тұтқан есімдер», «Ауыл азаматтары туралы жазбалар», «Нарманбет ауыл азаматтары» атты бөлімдерде елдің өткені мен бүгінін сабақтастыратын құнды деректер топтастырылған. Кітаптың тағы бір ерекшелігі – тарихи оқиғалардың архив құжаттарымен дәйектелуі. Атап айтқанда, 1926 жылдан бергі жергілікті құрылыс, артельдер мен серіктестіктердің қалыптасуы, кейінгі колхоздардың құрылуы және оларды басқарған азаматтар жөніндегі деректер мұрағат құжаттарына сүйене отырып берілген. Бұл мәліметтер ауылдың шаруашылық тарихын нақты деректер арқылы тануға мүмкіндік береді.

Еңбекте туған топырақтан түлеп ұшқан елге белгілі тұлғалар да кеңінен сөз болады. Олардың қатарында ақын Нарманбет Орманбетұлы, қазақтың жауырыны жерге тимеген балуаны Моншақбай Жантулақов, Қарабұлақ ауылынан қанат қаққан физика-математика ғылымдарының докторы, академик Орынбек Жәутіков, профессор Қайдар Арыстанбеков, медицина ғылымдарының докторы Гүлбахрам Тарыбаева, қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітова, Қазақ КСР халық әртісі Манарбек Ержанов, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Абзал Бөкен сынды ардақты есімдер бар. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде медицина саласының ардагері Амантай Әмірқұлов, белгілі меценат Әбілқайыр Ошақбаев және кітап авторы Сәтімбек Сламбек сөз сөйлеп, тағылымды еңбектің маңызына тоқталды.
– Туған жердің тарихын жазу – үлкен жауапкершілік. Себебі, ауылдың тарихы дегеніміз – осында өмір сүрген адамдардың тағдыры, олардың маңдай тері, елге жасаған еңбегі. Біз өткенді ұмытпауымыз керек. Осы кітапта бір кездері қиындықты бірге жеңіп, ауылды көтерген азаматтардың еңбегі, елдің бірлігі мен ынтымағы көрініс тапқан. Сәтімбек Сламбектің бұл еңбегі сол азаматтардың есімін ұлықтап, ауыл тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізетін құнды мұра болады деп ойлаймын. Бұл кітаптың әр шаңыраққа жетіп, ауылдың шежіресін білгісі келген жас ұрпақтың қолына тигені маңызды, – деді Амантай Әмірқұлов.

Жиында Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Асқар Иманғази құттықтау сөз сөйлеп, авторға ризашылығын білдірді. Ауыл тұрғындары да сөз алып, кітаптың тарихи маңызына тоқталып, Сәтімбек Сламбекке ақжолтай тілектерін жеткізді. Туған жердің тарихын түгендеген авторға ауыл азаматтары ерекше құрмет көрсетіп, шапан жауып, астына ат мінгізді.
Айта кетейік, «Алтын print» баспасынан жарық көрген «Алтын ұя, ардақты ел» кітабы – бір ауылдың ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын танытатын шежірелі еңбек. Ауылдың жүз жылдық мерейтойы қарсаңында оқырманға жол тартқан бұл кітап туған жерге деген тағзымның, ел тарихына деген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы



