Жерлестер екі медаль еншіледі
Аударыспақтан Түркістанда өткен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында облыс атынан сынға түскен Ерәділ Марат күміс жүлдегер атанса, Бейбіт Айнатаев қолаға қол жеткізді. Чемпионатқа елдің түпкір-түпкірінен 200 спортшы қатысып, өзара бақ сынасты.

Чемпионатта қатысушылар тоғыз салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ерәділ 59 келі салмақта жеті рет кездесіп, ақтық бәсекеде ақтөбелік қарсыласына есе жіберді.
– Ерәділдің салмағында көп қатысушы болғандықтан, оларды екі топқа бөлген. Өзі түскен топта кіл мықтылар жиналыпты. Десе де, бар күшін салып, ақтық кезеңге дейін жетті. Қарсыласымен соңына дейін белдесіп, қоянқолтық ұрысқа шыққан. Бұл сайыстың ережесі бойынша балуанның бір қолы тізгінде, екінші қолы қарсыластың белбеуінде болуы шарт. Осы тұста қолы белбеуден шығып кетіп, қарсыласына есе жіберіп алды. Бүгінде қос спортшы күзде ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді, – деді аударыспақтан Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Сағат Төлеуов.
Бейбіттің салмағы 74 келіде 20 қатысушы болды. Жерлесіміз бес кездесу өткізді. Өкінішке қарай, төртінші кездесуінде түркістандық қарсыласынан жеңіліп қалды. Сол қарсыласы финалға шыққан соң Бейбітке жұбаныш белдесуіне мүмкіндік берілді. Осы кезеңде ол жамбылдық балуанмен кездесіп, қарсыласын таза жеңді. Нәтижесінде, чемпионаттың қола жүлдесін еншіледі.
Айта кетейік, қос спортшы да Ақсу-Аюлы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Екеуін Сағат Төлеуов пен Мадияр Төлеген жаттықтырады
Ербол Ерболат
«Ortalyq Qazaqstan»



