Бас тақырыпБілімЖаңалықтар

Мектеп формасы: талап пен талғам үндесе ме?

Жаңа оқу жылына санаулы күн қалды. Қазір ата-аналардың күн тәртібінде мектепке қажетті талай дүниенің тізімі тұр. Ал, сол тізімнің ең маңыздысы – мектеп формасы.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мектеп формасы сырттай қарағанда қарапайым ғана киім болып көрінуі мүмкін. Алайда, оның төркінінде тәртіп, баланың қауіпсіздігі мен жайлылығы, ата-ананың қаржылық мүмкіндігі, мектептің жауапкершілігі сияқты бірнеше мәселе тоғысады. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында мектеп формасына қойылатын талаптарды білу ата-ана үшін маңызды.

Биыл негізгі талаптар өзгеріссіз қалды. Демек, ата-анаға жыл сайын жаңа ереже іздеп, алаңдаудың қажеті жоқ. Қолданыстағы талаптардың ішінде көпшілік біле бермейтін маңызды тұстар бар.

Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар оны қолдануда бірізділікті қамтамасыз етуге, ата-аналардың оң көзқарасын қалыптастыруға және білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Яғни, мектеп формасының мақсаты – оқушыларды бірдей киіндірумен ғана шектелмейді. Ол білім беру ұйымындағы ортақ тәртіп пен іскерлік ортаны қалыптастырудың бір элементі саналады.

Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оны таңдауда білім алушылардың жас ерекшеліктері, климаттық жағдайлар, сабақ өтетін орын, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі. Мектеп формасының түсі мен үлгісі де белгілі бір талаптарға сай болуы керек. Киім классикалық стильге сәйкес келіп, бірыңғай түстер гаммасында орындалады, ал, түстердің шамадан тыс араласуына жол берілмейді. Ұлдарға арналған формада пиджак, жилет, шалбар, күнделікті және мерекелік жейде, трикотаж кофта, кардиган, поло жейде немесе тенниска сияқты киімдер қарастырылған. Қыздарға пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық блузка, кардиган, поло жейде немесе тенниска ұсынылады. Суық мезгілде климатқа қарай жилет, сарафан және водолазка секілді киімдерді пайдалануға болады. Шалбар еркін пішілген, тобықты жауып тұратындай болуы тиіс.

Мұнда бір маңызды мәселе бар. Мектеп формасының нақты пішімін білім беру ұйымы өз бетінше ғана белгілемейді. Ол қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындалады. Қабылданған шешім жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Егер кейін формаға қандай да бір өзгеріс енгізу қажет болса, бұл өзгерістер де аталған органдармен келісіліп қабылданады. Ата-ана баласына форма сатып алмас бұрын мектепте бекітілген нақты талаптарды біліп алғаны жөн. Бұл әрі артық шығыннан сақтайды, әрі талапқа сәйкес келмейтін киім сатып алудың алдын алады.

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Акпарованың түсіндіруінше, мектеп формасына қойылатын талаптардың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында ортақ тәртіпті қалыптастырумен қатар, оқушының қауіпсіздігі мен оқу жағдайына сәйкестігін қамтамасыз ету. Оның айтуынша, ата-аналар форманы өздері таңдаған өндірушіден немесе сауда желісінен сатып ала алады, ал, мектептер белгілі бір өндірушіге басымдық бермеуі тиіс. Бұл ретте ең маңыздысы – форманың белгіленген талаптарға сай болуы, баланың жас ерекшелігі мен оқу жағдайына сәйкес келуі және қауіпсіздік нормаларын сақтауы.

– Мектепке дайындықтың ата-ана қалтасына салмақ түсіретіні жасырын емес. Бір балаға форма сатып алумен шектелмей, аяқ киім, сөмке, спорттық киім, кеңсе тауарлары секілді қажетті заттарды да алу керек. Бір отбасында бірнеше оқушы болса, шығын көлемі одан әрі артады. Осыны ескере отырып, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның аясында мектеп формасын, аяқ киім мен мектепке қажетті оқу құралдарын сатып алуға көмек қарастырылған. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен шамамен 450 мың баланы қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған. Бұл – қағаздағы ғана көрсеткіш емес, жаңа оқу жылына дайындық кезінде қаржылық қиындық көретін жүздеген мың бала мен олардың отбасы үшін нақты қолдау, – деді Шынар Акпарова.

Қаламыздағы мектептердің ресми ақпараттарында 2026 жылы жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен әлеуметтік көмек алушыларға 50 851 теңге көлемінде қаражат қарастырылғаны көрсетілген.

Мектеп формасына қойылатын талаптардың ішінде баланың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты нормалар да бар. Оқу жылы бойы оқушының үстінен түспейтін киімнің сапасы оның күнделікті жағдайына тікелей әсер етеді. Осы ретте мамандар ата-аналарға форма таңдағанда сыртқы үлгісіне ғана емес, оның санитариялық талаптарға сәйкестігіне де мән беруге кеңес береді.

– Мектеп формасын таңдағанда ата-ананың назары тек бағаға түспеуі керек. Бала бұл киімді күн сайын бірнеше сағат бойы киеді. Сондықтан, оның денеге жайлылығы, қозғалысқа кедергі келтірмеуі, ауа райына сәйкестігі және матасының сапасы маңызды. Киім сатып аларда оның затбелгісіндегі матаның құрамына, өндірушісіне, өлшеміне және күтім жасау тәртібіне назар аударған жөн. Баланың денесіне тым тар немесе керісінше шамадан тыс кең киім сабақ кезінде жайсыздық тудыруы мүмкін. Бастауыш сынып оқушылары үшін бұл мәселеге мұқият қараған дұрыс, өйткені, олар сабақ арасында белсенді қозғалады. Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Қолданыстағы талаптарға сәйкес мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін фурнитура мен аксессуарлар болмауы керек,– деді Шахтинск қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлнар Жұмағұлова.

Жаңа оқу жылы басталды екен деп былтырғы форманы бірден шетке ысырудың да қажеті жоқ. Егер өткен жылы алынған киім баланың өлшеміне сай болса, түсі мен үлгісі мектеп талабына сәйкес келсе және сыртқы жағдайы жақсы сақталса, оны қайта пайдалануға болады. Балалардың тез өсетінін ескерсек, бұл отбасы бюджетіне түсетін салмақты азайтудың тиімді жолы. Алдымен үйдегі бар дүниені түгендеп, содан кейін ғана жетіспейтін заттарды алғаны дұрыс.

Мектеп формасына қатысты тағы бір маңызды мәселе ата-ананың міндеті. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген қағидаларды және міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Демек, ата-ана мектептің бекіткен талаптарын алдын ала біліп, баласына сол талапқа сәйкес киім таңдауы қажет.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button