Мергендердің мерейі үстем болды
Қарағандыда дәстүрлі садақ атудан ересектер арасында Мәди Бапиұлы атындағы Қазақстан Кубогы өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған дүбірлі додаға еліміздің 19 өңірінен 200-ден астам спортшы қатысып, мергендігі мен шеберлігін сарапқа салды. Жарыстың шешуші кезеңіне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов пен облыстың ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Нұркен Кобжанов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Ел кубогы «Пута», «Қалқан», «Орта Азия» және «Жамбы» нысанасы бойынша өтті. Доданың алғашқы күнінде спортшылар «Пута» және «Қалқан» нысанасында бақ сынаса, екінші күні «Орта Азия» мен «Жамбы» нысанасында өзара мықтыны анықтады.
– Кіл мықтыларды біріктірген осындай ауқымды турнир қатысушыларын қабылдау – Қарағанды облысы үшін үлкен мәртебе. Мәди Бапиұлы атындағы турнир дәстүрлі садақ атуды дәріптеу мен насихаттау, сондай-ақ, жастардың халқымыздың ұлттық құндылықтары мен мәдени мұрасына деген қызығушылығын нығайту үшін ерекше маңызға ие. Спортшыларға, жаттықтырушыларға, федерация басшыларына және барлық ұлттық спорт жанашырларына оны дамытуға және бай дәстүрлерімізді сақтауға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіремін. Барлық қатысушыларға нысананы дәл көздеп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді және әділ, әрі тартысты бәсеке тілеймін! – деді Нұркен Кобжанов.
«Пута» – дәстүрлі түркі садақ ату өнерінде қолданылатын арнайы нысана түрі. Бәсеке ережесіне сәйкес ерлер – 70 метр, әйелдер – 60 метр қашықтықтан мергендік сынайды. Әр спортшыға тоғыз оқпен жеті мүмкіндік беріледі. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған 32 мерген плей-офф кезеңіне жолдама алады. Одан әрі бәсеке жеңімпаз анықталғанға дейін плей-офф жүйесі бойынша жалғасады

Ал, «Қалқан» нысанасы бойынша сайыста мерген мен нысана арасы – 50 метр. Бұл санатта ұлдар мен қыздар бірдей бақ сынай алады.
Әр спортшыға тоғыз оқпен жеті мүмкіндікпен.
– «Жамбы» нысанасы – қазақтың дәстүрлі садақ ату өнеріне негізделген сайыс түрі. Мұнда нысананың өлшемі – 25×15 сантиметр. Ату қашықтығы 30 метрден басталады. Жарыс ережесіне сәйкес әр қатысушыға бес оқтан бес мүмкіндік беріледі. Осылайша, мергендер іріктеу кезеңінде барлығы 25 рет оқ атып, плей-офф кезеңіне жолдама үшін бақ сынайды. Одан кейін әр раундта бес оқтың үшеуін пайдаланып, өзара мықтыны анықтайды, – деді ерлер арасында дәстүрлі садақ атудан Қарағанды облысындағы тұңғыш спорт шебері Нұрбол Жеңісов.
Биылғы ел кубогында есте қаларлық рекорд тіркелді. Ерлер арасындағы бәсекеде алматылық Абдулла Дүйсен төрт нысананың төртеуінде де топ жарып, төрт алтын медальді бірдей еншіледі. Осылайша, ел чемпионатында төрт алтынды жеңген алғашқы спортшы атанды.
Сонымен қатар, «Орта Азия» нысанасы бойынша әйелдер арасындағы финалдық бәсеке де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ақтық сынға бір әулеттің өкілдері енесі мен келіні қатар шыққан. Тартысты додада келін енесіне жол беріп, жеңісті аға буынға сыйлады.
Командалық есепте Алматы құрамасы төрт алтынмен жеңімпаз атанды. Шығыс Қазақстан облысы екі алтын, төрт күміс еншілеп, ІІ орынға жайғасты. Ал, Шымкент бір алтын және үш қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.
Жаңа маусымға дайын
Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен Орталық саябақта «Сарыарқа» хоккей клубы мен «Qarmet» жастар клубының жаңа маусым алдындағы таныстырылымы өтті. Айтулы шара барысында қос ұжымның жаңарған құрамы, бапкерлер штабы және алдағы маусымға арналған мақсат-міндеттері көпшілікке ресми түрде таныстырылды. Жиынға басқарма басшысы Нұркен Нұратов пен «Сарыарқа» хоккей клубының директоры Берік Тұямашев қатысып, ізгі тілегін білдірді.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



