Медицина

Шипа шуағы сөнбеген өлке

Облыстың тоқсан жылдық тарихына зер салсақ, алдымыздан өндіріс өркені, кенші еңбегі, қала мен даланың тағдыры қатар шығады. Сол шежіренің жұрт көп айта бермейтін, бірақ, ең қастерлі бір тарауы бар. Ол – адам өмірін арашалап, ел саулығын күзеткен Арқа медицинасының тарихы. Алғашқы емдеу пункттері, шағын ауруханалар, ауыл арасындағы фельдшерлік көмек болып басталған сол бір қайнар бүгінде кең арнаға айналды.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Содан бері заман өзгерді, медицина да түлеп, түрленді. Бір кездері өндіріс басындағы жұмысшыға, шалғай ауылдағы сырқатқа алғашқы көмек көрсетуді басты мақсат тұтқан жүйе бүгінде жоғары технологиялы салаға айналды. Қазір аймақта 177 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде, аурухана да, емхана да, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен медициналық пункт те бар. Осы үлкен жүйеде 12 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді.

– Соңғы жылдары облыс медицинасының инфрақұрылымын жаңғыртуға айрықша көңіл бөлуде. Мұндағы басты мақсат – сапалы медициналық көмекті тұрғындарға, әсіресе, шалғай ауылдағы ағайынға жақындату. Осы бағытта Ұлттық жоба аясында ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бойынша облыста 92 нысан салынды. Аймақта ірі медициналық жобалар да жүйелі іске асуда. Балқашта заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен қамтылған ауданаралық көпбейінді аурухана құрылысы аяқталды. Теміртауда ангиографиялық операциялық бөлім іске қосылды. Қарағандыда 200 орындық жаңа перинаталдық орталық салынуда. Ана мен бала денсаулығына арналған 25 ерте араласу орталығы ашылып, балаларды оңалту және паллиативтік көмек бағыттары да дамып келеді, – дейді облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Оспанова.

Шындығында, медицинаның мерейі зәулім ғимаратпен ғана өлшенбейді. Оның шынайы бағасы – ауылдағы адамның аудан орталығына сабылмай, дер кезінде ем алуында. Сол себепті, жаңа нысандармен бірге кадр мәселесі де қатар шешілуде. Былтыр облысқа келген 195 жас маманның 70-і ауылдық аудандарға жолданды. Мамандарға көтермеақы төленіп, баспана, резидентура гранттары секілді қолдау шаралары қарастырылды. Нұра ауданында дәрігерлерге арналған 14 пәтерлі үйдің пайдалануға берілуі де – жас маманды ауылда тұрақтандыруға жасалған нақты қадам.

Жоғары технология десек, Х.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада енгізілген Remebot RM-200 нейрохирургиялық роботы да өңір медицинасының жаңа белесін айқындайды. Ми ісігі, эпилепсия, Паркинсон ауруы секілді күрделі жағдайларда жоғары дәлдікпен араласуға мүмкіндік беретін бұл жүйе – қарағандылық дәрігерлердің енді ең күрделі салаларда да батыл қадам жасап келе жатқанын аңғартады.

Тоқсан жылдық белесте Арқа медицинасының кешегі бастауы мен бүгінгі биігі осылай сабақтасып жатыр. Поспеловтар қалыптастырған дәрігерлер мектебі бүгінде жас мамандармен, жаңа технологиямен, ауылға жеткен медициналық көмекпен толығып келеді. Ал, өңір медицинасының шынайы мерейі – құрғақ көрсеткіште емес, аман қалған өмірде, үміті үзілмеген отбасында, ақ халатты жанға айтылған шынайы алғыста.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button