Жаңалықтар

«Өлсең де, өлмегенге боласың тең…»

Суреттер автордан

Театр. Сахнада «Қарагөз» спектаклі. Сырымның әкесі Жабайдың бір руды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап» отырған Мөржанның Қарагөздің ұзату тойынан шыққан шиеленістің шарықтап, биік деңгейіне жеткен кезіндегі айқастың қызған тұсы. Руластарын шетінен қуырып, бәріне себепші Сырым серіні кінәлап, жазалаудың ауыр салмағын, ашумен айтқан, сүйектен өткен сөзімен де бет қаратпай кінәлап кеткен Мөржан бастаған Өсер руының бар ұяты мойнына ілініп қалған Жабай мен Сырым сері. Өсер руының денесіне таңбаланған өшпес ар-намыс күпісін арқалаған Жабай іші өртеніп, күйіп тұрса да жалғыз ұлы Сырымды жазаға қимай, ұрсар сөзінің өзін ұлының жүрегін жараламай, қиналыспен айтып отырған Жабайды көріп, екі оттың ортасында қалған әке мейіріміне еріксіз риза боласың.

Жабайдың ішкі күйзелісін, психологиялық жан дүниесін жеткізіп отырған аса дарынды актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қайрат Кемалов. Осындай терең толғаныспен тәкаппар, қайсар ұлына сөзін өткізе алмаса да, әкелік мейірі мен ақ тілеуін іштей тілеп, «жазымнан сақтай гөр!» дегендей, артына бұрылмай кетіп бара жатқан Сырымның соңынан қимастықпен қарап тұрып, домбырасын шертіп, «Шырмауықтың» сазына ұйып тұрып қалды. Асау мінез ұлының заманына сай заңына көнбей, ноқтасын үзіп бара жатқанына өкінсе де, қатерден сақтауын тілеп, іші күйсе де, жақсылықтан үмітін үзбей амандығын сұрап тұрған алып жүректі әкені көріп, мерейің тасиды. Қамқорлықпен тілеуін тілегенімен, шарасыздықтың шырмауындағы әке күйзелісін керемет жеткізеді. Бір спектакльдегі эпизодтық кейіпкердің өзімен сол заманның ауыр трагедиясын жеңілдету қолынан келмесе де, ағыстың екпінімен кете бермей, «суға кеткен тал қармайды» деген қағидаға сүйеніп, ұлының жаңа заманның үрдісіне сай еркіндікке ұмтылғанына іштей қолдау көрсеткен әке мінезін көреміз.

Эпизодтық кішкентай кейіпкердің өзінен заман үрдісінің желі қай жақтан, қалай соғып тұрғанын бүгінгі заманмен табыстыра білетін ойлы актер. Қайрат Кемаловтың сомдаған кейіпкерінің қайсысын талдап көрсеңіз де актерлік шеберліктің сан алуан компоненттерін байқауға болады. Оның тұлғасы, сөз сөйлеу мәнері, қимыл-әрекеті, ойлау жүйесі, оттай жанған көз жанары (оценкасы) бәрі де кейіпкерінің мінез-құлқына, заманына сай икемдеп бейнелеген. Образдардың бір-біріне ұқсамай, даралана бейнеленуі актердің табиғи талантымен қоса терең білімі мен ізденіс қасиетінің ерекшелігінде. Және де көптеген әртістерден ерекше бір артықшылығы жадының мықтылығында. Қайрат Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Қадір Мырза-Әлі, Төлеген Айбергеновтің және Серік Ақсұңқарұлының өлең-поэмаларын жатқа оқығанда тіпті, ғажап қой! Әсіресе, өзінің көзін көріп, талай қасында болған Мұқағали ақын туралы әңгімелерін айтып, өлеңдерімен тұздықтап жібергенде ақынның өзін көргендей боласың. Және бір еске алатын тұс Мұқағали образын сахнада алғашқы болып сомдаған осы Қайрат Кемалов еді. Қателеспесем, 1992-1993 жылдар-ау деймін, Астанада режиссер Жақып Омаров қазіргі Ұлттық Қалибек Қуанышбаев театрының сахнасында қойған жазушы-драматург Оразбек Бодықовтың Шәмші туралы пьесасында Мұқағалиды керемет сомдаған актер де Қайрат болатын.

Ал, Шахановтың өлеңдерін былай қойғанда мектеп қабырғасында оқып жүргенде поэмаларын жатқа соғатын. Ең алғаш 1972 жылы Қарағандыдағы №2 мектепте оқып жүрген оған кезінде әртіс боламын десең, өлеңді жатқа оқуың керек дегенімде Шахановтың ұзын-сонар поэмасын мүдірмей, көркемдеп оқып берген. Мектеп оқушысы түгілі әртістердің өздері поэманы түгел жатқа оқуы өте сирек болатын ол кезде.
Қайраттың өмірдегі тағы да бір ерекше қасиеті даланың дана ақсақалдарындай әңгіме шертетінінде еді. Бала кезінде көпті көрген жайлаудағы шалдардай көк шалғынға отыра кетіп, шақшасын аяқ киіміне соғып қойып, алақанындағы насыбайын ерініне қыстыра салып, әңгімесін шерткенде сөздің шұрайын келтіретін. Қай салаға салсаң да, әңгіменің майын тамызып отыратын. Театрдың жас актерлері үзіліс болса, гүлге үймелеген бал араларындай Қайрат ағасын төңіректеп алатын.

Әдебиет, тарих, актерлер жайында танымдық әңгімелер айтып, әсіресе қысыр күлдіргі әңгімелерге келгенде қамшы салдырмайтын еді-ау. Әр ауылдан әпенділер жайлы қызықты әңгімелерді жинап жүретін. Торғай өңіріндегі Ақтоғай ауданындағы бөспе, боғауызшыл Айса, Жаңаарқадағы жынды Ысқақ дегендер туралы қырсық шалдардың іс-әрекеттері мен әңгімелерін айтып, тыңдармандарын ішек-сілесін қатырып отырып, өзі тіптен езу тартпайтын әңгімешіл еді. Әңгімесіне жастардың құмартатыны сондай, пойызда болса купесіне, автобуста болса отырған жеріне үймелеп алатын. Өзі де жастарды ерекше жақсы көретін. Әсіресе Айдостың, Бауыржанның, Ахай, Сұлтан, Жандос, Бақытжандардың әр жеткен табыстарына қуанып, тілеулес болып отыратын. Олардың тыңдағысы, білгісі келетін әңгімелерінің тиегін ағытып, желдей есіп кететін ешкімнің көңілін қалдырмайтын мейірімді болатын.

Өмірде сондай қарапайым, кішіпейіл менменмендігі жоқ болғанымен, сахнаға шыққанда тіптен басқа адам, басқа тұлға. Сахнада өте жинақы, ұсақ-түйек, жеңіл-желпі ойнай салу деген мүлде жоқ. Өзінен де, өзге әріптестерінен де биік сұранысты талап ететін сахнаның Патшасы. Ренжісе, тек сахнада немқұрайлы жүрген шалағайларға ренжуі бар, ал, қолынан келмесе де тырысып, барын салып, Алла берген талантын сарп етіп жүрген актерлерге түсіністікпен қарайтын.

Оның театр сахнасында сомдаған айтулы кейіпкерлерінің қай-қайсысы болса да көрерменді де, сыншыларды да бейжай қалдырмай, рухани ләззат сыйлап, ойларын кеңейтіп, жүректерін тебірентіп, өмірге жаңа көзқараспен қарауға түрткі болған образдар галереясы болып қалды. Әсіресе ұлы даланы әнімен тербеткен Ақан сері, мыңмен жалғыз алысқан ұлы Абай, қазақты көргің келсе «міне» деп көрсететін Сәкен, әлем драматургиясындағы Шекспирдің Отелласы, Брук, көңілді де әзілкеш Петручио, қазақ драматургиясындағы Бәйдібек би, Қаздауысты Қазыбек би, Бұқар баба образдары, сол сияқты Шыңғыс Айтматов, Николай Гоголь, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Әкім Тарази шығармаларындағы сан алуан бейнелер Қайрат Кемаловтың сомдауында театр тарихында алтын әріппен жазылып, болашақ ұрпаққа мәңгілікке эталон болып қалды.

Кезінде сыншылар мен журналис­тердің газеттерге жазған сын-мақалаларының көбі сақтаулы. Солардың бірі 1996 жылы наурыз айында Серікбай Алпысұлы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш» повесінің сарынымен жазған Қалихан Ысқақтың «Таңғы жаңғырық» драмасындағы Бақтығұлды сомдаған Қайрат Кемалов туралы «Қайраттың Бақтығұлы тіпті ғажап. Батырға лайық тұлға, күндей күркіреген дауыс, актерлік шеберлік, зұлым заман торында арыстандай бұлқынған, жігері құм, еңбегі еш қайран ердің бүкіл қасіретін бізге барынша табиғи қалпында жеткізе білген» – деп суреттеген сыншы-журналист. Мұндай жазбалар жетерлік деуге болады.

Қазақтың белді театр сыншысы, өнертану ғылымының докторы, профессор Бағыбек Құндақбайұлы, өнертану ғылымының кандидаты, профессор Әшірбек Сығай, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаевтар талай театр фестивальдерінде Абай, Бәйдібек, Сыбанқұл, Зарқынбек бейнелерін ризашылықпен ерекше талдап, жас актерлерге үлгі болар шеберлік тұстарын мадақтап, тоқталып өтетін. Қайрат қатысқан осы спектакльдер халықаралық, республикалық фестивальдерде лауреат атанып, театрға бедел әкелген көрнекті спектакльдер қатарында болды.

Белгілі сыншы, Мемлекттік сыйлықтың лауреаты, профессор, Әшірбек Сығай: «Қайрат Кемалов – Абай, Бәйдібек, Қобыланды, Отелло, Дуанбасы, Сәкен секілді тұлғаларды сомдайтын өте сирек кездесетін тұлғалы актерлердің бірі». Айтса айтқандай, сахнадағы Қайрат сомдаған кейіпкерлер қайнаған қым-қуыт өмір арасында эмоциямен кетіп қалмай, барлық іс-әрекетті ақылға жеңдіріп, ойын, сөзін бағалауын, жүйке талшықтары арқылы үзіп алмай, өтірік жыламай жеткізе білетін шебер актер. Әсіресе, психологиялық драмаларда таптырмайтын актер 60 жасқа келгенше кинода жолы болмай, қанша түсем деген кейіпкерлеріне қолы жетпей жүріп, «Қазақ хандығы» фильміндегі Керей хан рөлімен қалай жарқырады десеңізші. Керей ханның тұлғасы, атқа отырысы, ойлы көзқарасы, ашуланғандағы ішкі толғанысы, әрекеттері нағыз дарынды актердің шеберлік қасиетін керемет береді.

Ал, «Ақбоз үй» фильміндегі Пахратдин рөлімен елдің басына түскен нәубеттен ағайындарын аман алып қаламын деп елсіз құм көшкінімен алысып жүріп, көршілес елге жол тартқан жанашыр ақсақалдың бейнесін қалай сомдаған. Аз ғана азық қылар бидайларын өздеріне жетпей тұрса да, аш балаларға бөліп берер кездегі Қайраттың шаршаңқы көздерінің түпкіріндегі жанашырлық қасиетінің оты ұшқын шашып айналасына күш береді. Осы екі кинодағы рөлдері үшін шетелде өткен кинофестивальде Түркияда және Эфиопияда «Ең үздік ерлер рөлі үшін» номинациясын жеңіп алды. Бұл біріншіден, қазақ кино саласын мойындау болса, екіншіден, Қазақстанда да әлем актерлерінің сапында тұратын таланттар бар екенін тағы да бір дәлелдегені. Қайраттың шеберлігінің елімізден асып шетелде де, мойындалуы өзінің мамандығына деген махаббаты мен тынымсыз ізденіп, еңбектенуінің арқасы.

1987 жылы театрдың сол кездегі бас режиссері Ерсайын Тапенов жас актерлерді Мәскеу қаласына бір айлық білім көтеру институтына оқуға, әрі тәжірибе алмасуға алып барды. Жетекшіміз кіші театрдың актері Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі М.Новохижин болды. Сол кісінің нұсқауымен актерлік шеберліктің биік шыңында сомдалған әртіс­тердің қандай рөлдерін, қай театрдан көруге болатынын сұрап алып, әр актер өздерінің кумирлерін көруге тарап-тарап кеттік. Айлық репертуарды алып қай күні қай спектакльге, қай театрға баратынымызды белгілеп, жетекшімізге айтып рұқсат (шақыру) билеттерін алып алдық. Сонда байқағаным, Қайрат Шекспир, Чехов, Островский спектакльдерін таңдап алғанын көрдім. Ойлап қарасам бұл спектакльдер Қазақстанда өте сирек қойылатын, репертуарға тек есеп үшін ғана болмаса, актерлік құрамның шеберлігін шыңдап, үлкен мектептен өткізу, шамаларын байқау үшін қойылатын. Өйткені, ол кездерде көрерменнің талғамы әлі де психологиялық трагедияларды сараптауға дайын емес еді.

Рамазан екеумізді ертіп алып, Вахтангов театрынан Шекспирдің «Юлий Цезарьындағы» М.Ульянов, В.Лановой, Борисовалардың ғажап шеберлігін, МХАТ-тан А.Чеховтың «Иванов» драмасында ерекше шеберлік иесі Смоктуновскийдің ғажап ойындарын, кіші театрдағы орыс актерлерінің нағыз шеберліктің шыңын бағындырған И.Ильинский, Ю.Каюров, Ю.Соломиндердің өнерін көріп үлкен сабақ алып, таңқалып, тамсана талдап айтып отырушы еді. Біздер осындай дәрежеге жете аламыз ба деп қоятын. Және де өз сахнасында сол ұлы актерлердің кейіпкер сомдаудағы тәсілдерін пайдалана отырып, асқар шыңға, биікке көтерілді. Ульяновтың ішкі қуатын, Смоктуновскийдің терең ойлану қабілетін, Соломиннің сахна мәдениетін игерудегі ерекшелігін, Ильинскийдің сөз сөйлеу мәдениетін бойына сіңірді. Табиғат берген талантымен, ұстаздарынан алған біліміне даңқты орыс театр мектебінен үлкен сабақ алып, мерейленіп қайтты.

Ең өкініштісі актерлік шеберліктің кемелденіп келе жатқан тұсында өмірінің үзіліп кеткендігі. Сахнада өткен өмір жолын түйіндеп, алған білімін бүгінгі күннің сұранысына сай толықтырып, икемдеп, алдыңғы толқын сахна шеберлерінің үлгілі мектебін жалғастырып, шексіз өнер ортасында адасып кетпей, ізгі жолды жалғастырып, бүгінгі ұрпаққа ұлттық сахна өнерін дамытып, аманаттап жүрген шағында, демалып жатып оянбай кеткені жанға батады. Әлі де халқына берері мол, айтары көп өте сирек кездесетін сахнаның бірегей тұлғасы ұлттық руханияттың шамшырағы болып алаулап келе жатқан шағында еді-ау!

Бір ғана Сәкен театрының емес, қазақ өнерінің алып тұлғалары Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімовтердей алтынның сынығы болатын. Айырмасы ағалары еліміздің бас театрында қызмет етсе, Қайрат Кемалов Қарағанды секілді ірі өңір орталығындағы облыстық өнер ордасына қызмет етсе де, асқан дарынымен қазақ елінің сахна мен кино өнерінің асқақтауына өлшеусіз үлес қосып, өз атын руханият тарихына алтын әріппен жазып қалдырған ардақты тұлға! Абай атамыз айтқандай:
Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де, өлмегенге боласың тең!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Қазақстанның Халық әртісі,
Мемлекттік сыйлықтың лауреаты

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button