Мемлекеттік қызметтің миссиясы
Кейде мемлекет деген ұлы ұғымды заңдар мен қаулылардан, ғимараттар мен мекемелерден іздейміз. Шын мәнінде, мемлекет – ең алдымен адам. Елдің ертеңіне алаңдайтын, халықтың мұңын тыңдайтын, қоғамның тынысын сезінетін, күн сайын азаматтардың тағдырымен бетпе-бет келетін адам. Сондықтан, мемлекетке деген көзқарас көбіне сол мемлекеттің атынан сөйлейтін, шешім қабылдайтын, қызмет көрсететін азаматтардың бейнесі арқылы қалыптасады.

Қазақ «Елге қызмет ету – ердің ісі» дейді. Мұнда тұтас бір тағдыр, тұтас бір жауапкершілік жатыр. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мемлекеттік басқарудың өзіндік мектебін қалыптастырды. Елмен бірге мемлекеттік қызмет те есейді, жаңарды, заман ағымына бейімделді. Бүгінде мемлекеттік аппарат қоғамның сұранысына жедел жауап беретін, халықпен бірге дамитын заманауи институтқа айналып үлгерді.
Осы орайда қоғамдағы кез келген оң өзгерісте, табысты бастамада мемлекеттік қызметшілердің маңдай тері мен қажырлы қайраты жатқаны сөзсіз.
Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған өзгерістердің түпкі мақсаты – әділетті, тиімді және халыққа жақын мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Осы бағыттағы маңызды қадамның бірі – жақында қабылданған жаңа редакциядағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң.
Мұнда 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Негізгі идеясы – мемлекеттік қызметтің жаңа мәдениетін қалыптастыру.
Бүгінгі күннің мемлекеттік қызметшісі кабинетте отырып бұйрық беретін шенеунік емес. Ол – қоғаммен ашық диалог жүргізетін, халықтың сұранысын ескеретін, нақты нәтижеге жұмыс істейтін кәсіби маман. Жаңа заңда алғаш рет мемлекеттік қызметтің миссиясы нақты белгіленді.
Қоғам дамыған сайын мемлекеттік қызметке қойылатын талап та арта түседі. Бүгінде кәсіби біліммен қатар адалдық, ашықтық, жауапкершілік, адаммен тіл табыса білу, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу сияқты қасиеттер алдыңғы қатарға шықты. Жаңа заңда мінсіз бедел институтының енгізілуі де кездейсоқ емес.
Әдеп пен адалдық мемлекеттік қызметтің басты өлшеміне айналған бүгінгі кезеңде бұл талаптардың мәні бұрынғыдан да артып отыр. Мемлекеттік қызметші үшін халықтың сенімі – ең үлкен марапат. Ал, сол сенімді сақтау – ең үлкен жауапкершілік.
Бүгінде облыста штат бойынша 4405 мемлекеттік қызмет орны қарастырылса, оның 3939-ы нақты қызметкерлермен жасақталған. Олардың арасында басқарушылық шешім қабылдайтын тәжірибелі басшылар да, жаңа Қазақстанның келбетін қалыптастырып жатқан жас буын да бар.
Қарағанды өңіріндегі мемлекеттік қызметтің тағы бір ерекшелігі – әйел азаматтардың белсенділігі. Бүгінде облыста 2687 әйел мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Ал, ер азаматтардың саны – 1252.
Олардың күнделікті жұмысы көп жағдайда көзге көріне бермейді. Бірақ, әр салынған мектептің, пайдалануға берілген тұрғын үйдің, жөнделген жолдың, іске қосылған кәсіпорынның, әлеуметтік қолдау алған отбасының қуанышында да мемлекеттік қызметшілердің жүйелі еңбегі бар. Мемлекеттік қызметтің ерекшелігі де осында. Оның нәтижесі көбіне есепте емес, адамның тағдырында көрінеді.
Ал, 2026 жылдың 1 сәуірінен енгізілген мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа тәртібі меритократия қағидаттарын одан әрі күшейте түсті. Бүгінде іріктеу толық цифрлық форматқа көшірілген. Конкурсқа қатысу рәсімдері «Е-қызмет» жүйесі арқылы онлайн жүргізіледі. Құжат тапсырудан бастап тестілеу, бағалау және конкурстық кезеңдерге дейінгі барлық процесс автоматтандырылған.
Бұл ашықтықты қамтамасыз етеді, адами факторды азайтады, ең мықты кандидаттарды анықтауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметші еңбегінің түпкі мақсаты біреу ғана. Ол – халықтың әл-ауқатын жақсарту, мемлекетті нығайту, ел болашағына қызмет ету. Ендеше, халықтың сенімі әрдайым серік болсын! Өйткені, мемлекет қуаты – халық сенімінде.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»


