Ауыл медицинасында серпінді бастама
Бүгінде Қарағанды облысының ауылдық елдімекендерінде денсаулық сақтау нысандарын дамыту жалғасуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында тоғыз ауылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек пункттері салынып жатыр. Қайтарылған активтер есебінен бой көтерген жаңа медициналық жеті нысан ауылдардағы алғашқы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін аттыруда.

Бұл жұмыстар қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі нақты тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Президент бұған дейін ауыл медицинасын жаңғырту – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өткен болатын. Соған сәйкес, қайтарылған активтерден түскен қаражат ел игілігіне жұмсалып, әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталды.
Соңғы екі жылда облыстың бірнеше ауданында жаңа медициналық мекемелер ел игілігіне берілді. Ақтоғай ауданында жаңа медициналық пункт ашылса, Шет ауданында заманауи талаптарға сай жаңа ғимарат жұмысын бастады. Мысалы, Ақтоғайдағы жұқпалы аурулар бөлімшесі күрделі жөндеуден өтті, құрал-жабдықтар жаңартылды. Жас мамандарды тарту үшін көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй ұсынылды. Алайда, әлі де кадр тапшылығы бар. Ауданға акушер-гинеколог, жалпы тәжірибе дәрігері және инфекционист қажет екенін айта кеткен жөн.

Балқаштан келген жас маман Әлихан Махамбет 2024 жылы Қарағанды медицина университетін бітіріп, Ақтоғай аудандық ауруханасына терапевт болып орналасты.
– Мен қиындықтардан қорықпаймын. Екінші курстан бастап, санитар болып жұмыс істедім. Ақтоғайды өзім таңдадым. Маған үй берілді, 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алдым. Ауылда жұмыс істеу – зор тәжірибе, – деді Әлихан.
Шет ауданына қарасты Жұмыскер, Ақшатау, Төменгі Қайрақты, Көктінкөл, Бұрма, Киікті ауылдарындағы заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттер де процедуралық, егу, тексеру кабинеттерімен жабдықталған.
Сонымен қатар, Абай және Бұқар жырау аудандарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар іске қосылғанын айта кеткен жөн. Нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай артты. Атап айтсақ, Байқадам, Сарытөбе және Тоғызқұдық ауылдарындағы жаңа нысандардың жұмысы қарқынды жүрді. Әсіресе, Тоғызқұдық ауылындағы дәрігерлік амбулатория толыққанды медициналық көмек көрсетуге бейім. Нысан ауысымына сай 45 адамды қабылдай алатын мүмкіндікке ие болып, қазіргі таңда ауылда 1100-ден астам тұрғынға қызмет көрсетуде. Мұнда бір дәрігер, екі медбике және акушер жұмыс істейді.
– Тоғызқұдық ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияда барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда бір дәрігер, екі медбике және акушер жұмыс істейді. Дәрігер науқастарды қабылдап, диагноз қойып, ем тағайындайды, медбикелер күнделікті ем-шараларды жүргізіп, екпе салу мен бақылау жұмыстарын атқарады, ал акушер ана мен бала денсаулығын қадағалап, тиісті медициналық көмекті көрсетеді. Қазіргі таңда біз ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті толық көлемде көрсетіп отырмыз, – дейді медициналық мекеме қызметкерлері.
Тоғызқұдықтағы жаңа амбулатория пешпен жылытылатын ғимараттың орнына салынғандықтан толық жаңартылған заманауи медициналық орталыққа айналды. Мұнда физиотерапия, емдік дене шынықтыру кабинеттері, күндізгі стационар, жөтел кабинеті және бейне-кольпоскоп қарастырылған. Сонымен қатар, инфекциялық ауруға күдікті науқастар үшін бөлек кіреберістер жасалып, қауіпсіздік талаптары толық сақталған.
– Бұрын қызметкерлер пешпен жылытылатын бейімделген ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр болатын. Қазір бізде заманауи үлгідегі амбулатория бар, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажеттінің бәрі қарастырылған. Сонымен қатар, физиотерапия, емдік дене шынықтыру кабинеттері, күндізгі стационар, жөтел кабинеті, бейне-кольпоскоп бар. Жұқпалы ауруға күдікті науқастар үшін бөлек кіреберістер жасалған. Кадр тапшылығы көтермеақылар, тұрғын үйге берілетін пайызсыз несиелер арқылы шешілуде. Жақында бізге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жас дәрігер мен медбике келді, – деді Орталық аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Мергенбаева.
Бұқар жырау ауданы әкімдігінің мәліметінше, ауданда соңғы жылдары 24 медицина қызметкері жұмысқа тартылған. Олардың қатарында жалпы тәжірибе дәрігерлері, хирург, педиатр, фармацевтер, акушерлер мен медбикелер бар. Биыл тағы бірнеше маман жұмысқа орналасып, алдағы уақытта терапевт, акушер-гинеколог және анестезиолог-реаниматологтардың келуі күтілуде. Бүгінде аудан бойынша 54 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді, ал тағы бірнеше нысанның құрылысы жалғасып жатыр.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі ауылдық жерлерде барлығы 92 медициналық нысан салынуда. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіш.
Осылайша, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың салынуы – шалғай ауылдардағы алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл нысандар тұрғындарға медициналық қызметті жақын жерден алуға жағдай жасап тұр. Шұғыл көмек көрсету жүйесін де ретке келтірген.
Сонымен қатар, аталған бастама ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласын кезең-кезеңімен жаңғыртуға серпін беріп отыр. Құрылыс жұмыстарының кең көлемде жүргізілуі өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына айтарлықтай сеп.



