Мейірім мен кәсібилік мекені
Ғаламның ең қымбат қазынасы – адам өмірі десек, сол өмірдің күзетінде тұрған ең ізгі мамандық иелері – медицина қызметкерлері. Сырқатты дерттен айықтырып, жабырқаған жанға жылу сыйлайтын ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашан да өлшеусіз. Олар – адам баласының «басы ауырып, балтыры сыздап» қиналған сәтте бірінші болып қол созатын, үміт отын жағатын мейірімділік мекені.

Көңілдің дауасы
Бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласы кең жүйеге айналған. Өңірде 177 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 47 аурухана, 38 емхана, 11 дәрігерлік амбулатория, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт және 47 медициналық пункт бар. Облыс бойынша 12 249 медицина қызметкері еңбек етеді. Соның 3 940-ы – дәрігер, 8 309-ы – орта медицина қызметкері.
– Соңғы жылдары облыста бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Ұлттық жоба аясында ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Өңірде 92 медициналық нысан салынды. Балқаш қаласында заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен қамтылған көпбейінді ауданаралық аурухана құрылысы аяқталды. Теміртау қаласындағы көпбейінді ауруханада ангиографиялық операциялық бөлім іске қосылды. Мұның бәрі тұрғындарға күрделі медициналық көмекті өз өңірінде алуға мүмкіндік береді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Оспанова.
Облыс өткен жылдан бері республикалық телемедицина жобасына белсенді қатысып келеді. Биыл бұл қызметті кеңейту және ауылдық елдімекендер мен аудан орталықтарын қажетті жабдықтармен қамту жұмысы жалғасуда. Жоба аясында 118 телемедициналық жабдық кешенін орнату жоспарланған.
Жедел медициналық көмек қызметі де күшейтіліп келеді. Былтыр облысқа қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған 113 заманауи жедел жәрдем көлігі сатып алынған. Қазір өңірде жедел жәрдем қызметі 99 бригадамен қамтылған. Әр бригада құрамында екі медицина қызметкері мен бір жүргізуші бар. Жыл басынан бері облыста 164 414 жедел жәрдем шақыртуы тіркелген. Бірінші санаттағы шақыртуларға бригадалардың орташа жету уақыты – 9 минут, екінші санатта – 10,7 минут, үшінші санатта – 11,6 минут, төртінші санатта – 14,1 минут.
Биыл Саран қаласында жаңа жедел жәрдем қосалқы станциясы ашылса, Топар кентінде осындай нысан ашу жоспарланып отыр. Заманауи модульдік қосалқы станциялар шақыртуларға шұғыл әрекет етуге және медициналық бригадалардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жаңа технология – жаңа мүмкіндік
Медицина – үздіксіз жаңарып отыратын сала. Бүгінгі дәрігердің қолындағы құрал да, емдеу тәсілі де, шешім қабылдау жүйесі де бұрынғыдан өзгерген. Сол бағытта өңірде жоғары технологиялы медициналық көмек кардиохирургия, нейрохирургия, травматология және ортопедия, жалпы хирургия, урология, гинекология, онкология, репродуктология және балалар хирургиясы бағыттары бойынша көрсетіледі.
Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада Қазақстанда алғашқылардың бірі болып нейрохирургиялық Remebot RM-200 роботы енгізілді. Бұл құрылғы миға жасалатын аса дәл операцияларды орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірде кардиохирургиялық және эндоваскулярлық көмектің қолжетімділігі де артып келеді. Биыл Балқаш пен Теміртауда ангиографиялық кешендерді іске қосу жоспарланған. Бұл жүрек-қан тамырлары аурулары кезінде шұғыл араласуды өңірлердің өзінде жүргізуге жол ашады.
Онкологиялық инфрақұрылым да жүйелі түрде нығайтылып жатыр. Онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогының құрылысы аяқталуға жақын. ПЭТ/КТ орталығы салынып жатыр.
Ана мен бала саулығы – басты назарда
Өңір медицинасында ана мен бала денсаулығын сақтау бағытына айрықша көңіл бөлініп отыр. №1 перинаталдық орталыққа күрделі жөндеу аяқталған. Қарағанды қаласында 200 орындық жаңа перинаталдық орталық салу жұмысы жүргізілуде. Медициналық ұйымдар жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көмек көрсетуге арналған заманауи жабдықтармен қамтылып келеді.
Облыста ерте араласу бағытындағы 25 орталық ашылған. Емханалар жанындағы әйелдер консультациясы дамып, мектеп стоматологиясы жолға қойылуда. Балалар денсаулығын қорғау саласында оқу-әдістемелік орталықтың құрылуы да маңызды қадамның бірі.
Биыл өңірде «AMAN SAYA» модельді балалар паллиативтік орталығының құрылысы басталды. Ал, Балқашта «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларының қолдауымен балаларға арналған оңалту орталығы ашылмақ.
Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде өңірде бірқатар маңызды көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптасқан. Нәресте өлімі 45,7 пайызға, бала өлімі 46 пайызға төмендеген. Ана өліміне жол берілмеген.
Кадр – саланың күретамыры
Медицинада ғимарат та, құрал-жабдық та маңызды. Бірақ, бәрінен бұрын адам капиталының орны бөлек. Өйткені, ең озық аппараттың өзі оны меңгерген білікті мамансыз нәтиже бермейді. Сондықтан, өңірде дәрігерлерді, әсіресе, ауылға баратын жас мамандарды қолдау шаралары жалғасып келеді.
Былтыр облысқа 195 жас маман келген. Оның 70-і ауылдық аудандарға жолданған. 63 маманға көтерме жәрдемақы төленген. Біржолғы қолдау көлемі 1,5 миллион теңгеден 8,5 миллион теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Нұра ауданында дәрігерлерге арналған 14 пәтерлі үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен резидентураға 130 грант бөлінді.
Жас мамандарға көтермеақы, бюджеттік кредит, қызметтік тұрғын үй, резидентурада оқу мүмкіндігі, қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары ұсынылады. Мұның бәрі өңірдегі кадр тапшылығын азайтып, дәрігерлерді тұрақтандыруға бағытталған.
Тәуекел һәм төзім
Медицина – үлкен жауапкершілік пен адам өміріне адалдықтың мектебі. Түн баласы көз ілмей кезекшілікте жүріп, әрбір соққан жүректің лүпілін күзету – ерлікпен пара-пар еңбек. Олар біздің денсаулығымызды күзетіп, кейде өз денсаулығын тәуекелге тігеді. Пандемия, төтенше жағдай, жол апаты, шұғыл операция, жедел шақырту секілді сын сағаттарда алдыңғы шептен табылатын да осы ақ халатты жандар.
Қолы шипалы, жүрегі мейірімді дәрігерлеріміз бен мейірбикелеріміздің еңбегі елене берсін!
Мерекелеріңіз құтты болсын, шипагерлер!
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



