МедицинаБас тақырып

Қарағандыда медицина қызметкерлері күніне орай сала үздіктері марапатталды

Аймақта Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, сала үздіктері марапатталды. Адам өміріне араша түсіп, қалтқысыз қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға мемлекеттік наградалар мен облыс әкімінің арнайы премиялары табыс етілді.

Суреттерді түсірген Рамазан Есмұхан

Салтанатты кешті белгілі әзілкеш, тележүргізуші Тұрсынбек Қабатов пен Татьяна Турлай тізгіндеді. Ресми марапаттау рәсімі мерекелік концертпен сабақтасып, залға жиналған сала ардагерлері, дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері мен жас мамандар өңір медицинасының бүгінгі тынысын айшықтаған ерекше сәттің куәсі болды.

Мерекелік жиында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев медицина саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар сала үздіктеріне жоғары мемлекеттік наградаларды табыстады. Атап айтқанда, Теміртау қаласының көпбейінді ауруханасының директоры Арғын Бидайбаев «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы №3 көпбейінді аурухананың онкохирургі Қайрат Қожамбердин мен №1 көпбейінді аурухананың педиатр-дәрігері Галина Юринаға ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені табыс етілді.

Аймақ басшысы өз сөзінде медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны мен еңбегінің өлшеусіз екенін атап өтті.

– Сіздер әр күн сайын адал еңбектеріңізбен еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Қазіргі заманда көп нәрсені цифрлармен, технологиялармен және деректерді беру жылдамдығымен өлшеуге болғанымен, ешқандай алгоритмге келмейтін өлшемдер баршылық. Бұл – адамға деген қамқорлық, жанашырлық, науқас адамның өмірін сақтау үшін соңғы минутқа дейін күресу қабілеті. Біздің әрқайсымыз өмірімізде кем дегенде бір рет дәрігерлер қауымына терең ризашылық сезімінде болғанымыз ақиқат. Осы сәттерде біз сіздердің күн сайын жер бетіндегі ең құнды нәрсе – адам өмірін сақтап қалатындарыңызды анық ұғынамыз, – деді облыс әкімі.

Мерекелік кеш барысында облыс әкімінің денсаулық сақтау саласындағы арнайы премиясы да табысталды. Бұл марапат өңір медицинасының әр буынында адал еңбек етіп жүрген мамандарды қолдауға, олардың кәсіби беделін арттыруға бағытталған.

«Үздік орта медицина қызметкері» номинациясы бойынша Осакаров ауданы аудандық ауруханасының хирургиялық кабинет медбикесі Ақмарал Нагметуллина марапатталды. Медицинадағы 36 жылдық еңбек жолында ол науқасқа қалтқысыз қызмет етудің, орта буын медицина маманына тән жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

«Үздік жас дәрігер» аталымы Қарағанды қаласындағы №1 көпбейінді аурухананың жалпы практика дәрігері Гүлжамал Құрманға берілді. «Үздік акушер-гинеколог» номинациясына облыстық клиникалық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері, сарапшы Ирина Пак лайық деп танылды. Ал, «Үздік жалпы практика дәрігері» аталымы Қарағанды қаласындағы №2 емхананың жалпы практика дәрігері Жанар Ибрагимоваға бұйырды.

Ауыл медицинасындағы жауапты еңбегі үшін Бұқар жырау ауданы аудандық ауруханасының жалпы практика дәрігері Бекзат Берістем «Үздік ауыл дәрігері» атанды. «Үздік хирург» номинациясы профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Владимир Дырдаға табысталды. Ал, «Үздік денсаулық сақтау ұйымдастырушысы» аталымына облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты ЖИТС орталығының директоры Бейбіт Сағымбаев ие болды.

Кештің ең айшықты сәттерінің бірі – «Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясының табысталуы. Бұл марапат облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Анна Хорошашқа берілді.

Жалпы еңбек өтілі 55 жылды құрайтын маманның өмір жолы – медицинаға адалдықтың, адам өмірі үшін күрес жолындағы табандылықтың айқын көрінісі.

– 1968 жылдан бастап еңбек жолымды Саран қаласындағы жедел жәрдем қызметінде бастадым. Кейін облыс орталығына келіп, осы салада ұзақ жыл еңбек еттім. Бүгін еңбегімді елеп, осындай құрмет көрсетіп жатқанына өте қуаныштымын. Өмірде талай қиын кезеңді де, жауапты сәттерді де бастан өткердік. Қазір медицина бұрынғыдай емес, технология дамыған. Науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік көп. Дегенмен, біздің уақытымыздың да өз қызығы мен қиындығы қатар жүретін. Қазір фельдшерлер бригада болып, топтасып жұмыс істейді. Ал, біздің кезімізде бір өзіміз бірнеше міндетті қатар атқаратынбыз. Бұл мамандықтың жауапкершілігі өте ауыр. Соған қарамастан, осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Екі балам да менің ізімді жалғап, дәрігер болды. Қазір Астана қаласында қызмет етіп жүр, – деді марапат иесі Анна Хорошаш.

Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна төрінде «MEZZO» тобы, әнші Бейбіт Қорған, Маржан Арапбаева өнер көрсетіп, ақ халатты жандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button