Мемлекеттік құрылым реформасы
2026 жылғы 15 наурызда елімізде жалпыхалықтық референдум өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясы қабылданды. Жаңартылған Негізгі заң бұрынғы мәтіннің 80%-дан астамын қамтып, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі конституциялық реформалардың біріне айналды.

Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау жекелеген нормаларды жаңартумен ғана шектелмей, мемлекеттің конституциялық моделін іс жүзінде өзгертуді білдіреді. Заңдық тұрғыдан алғанда, реформа конституциялық құрылыстың негіздеріне, билікті бөлу тетігіне, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесіне, сондай-ақ, азаматтардың конституциялық кепілдендірілген құқықтары мен бостандықтарының көлеміне әсер етті.
Конституциялық өзгерістер қоғамдық-саяси жағдайлардың өзгеруімен, мемлекеттік институттардың дамуы және басқару жүйесін заманауи талаптарға бейімдеу қажеттілігімен байланысты болды.
Реформаның негізгі міндеттері – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, саяси тұрақтылықты нығайту, заң шығару процесін жетілдіру және билік құрылымдарының жұмысын оңтайландыру.
Жаңа Конституция мемлекетті басқарудың неғұрлым орталықтандырылған әрі жедел моделін қалыптастыруға бағытталған.
Ең маңызды жаңалықтың бірі – Қазақстан Республикасының вице-президенті лауазымының енгізілуі. Бұл жаңа мемлекеттік қызмет билік сабақтастығы мен мемлекеттік басқару тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құрылады.
Вице-президент мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру бойынша бірқатар өкілеттіктерге ие болады және Конституцияда көзделген жағдайларда Мемлекет басшысының міндетін уақытша атқара алады.
Жаңа Конституция Парламенттің екі палаталы құрылымынан бас тартуды көздейді. Енді Қазақстанда Сенат пен Мәжілістің орнына бір палаталы Парламент жұмыс істейтін болады.
Реформаны қолдаушылардың пікірінше, мұндай жүйе заң қабылдау процесін жеделдетуге, бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға, заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға және депутаттардың саяси жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, мемлекеттік органдар қызметіне парламенттік бақылаудың маңызы арта түседі.
Конституцияның жаңа редакциясы Президент өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді. Президенттік билік институтына елеулі өзгерістер енгізілді. Конституция Мемлекет басшысының кадр саясаты мен ұлттық қауіпсіздік саласындағы өкілеттіктерін кеңейтті.
Президент Парламентпен келіспей-ақ, Бас прокурорды, Ұлттық банк төрағасын, Конституциялық сот төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын және бірқатар негізгі мемлекеттік ведомстволардың басшыларын тағайындау құқығына ие болды.
Реформа авторлары мұны басқарудың жеделдігін арттыру және атқарушы биліктің жауапкершілігін күшейту қажеттілігімен түсіндіреді.
Президенттің кадрлық өкілеттіктерін кеңейту іс жүзінде президенттік басқару нысанын күшейтіп, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті өзгертеді. Конституциялық құқық тұрғысынан қарағанда мұндай өзгерістер билікті бөлу қағидатын сақтау үшін парламенттік және соттық бақылаудың тиімді тетіктерін талап етеді.
Жаңа Конституцияда Қазақстан Республикасының азаматтығынан ешқандай жағдайда айыруға болмайтыны туралы ереже жеке бекітілді. Бұл азаматтардың құқықтық мәртебесінің маңызды кепілдіктерінің біріне айналды.
Сондай-ақ, меншік құқығы, азаматтарды ұстау тәртібі, сот арқылы қорғалу, жеке басына қол сұқпаушылық кепілдіктері және конституциялық құқықтарды қорғау тетіктері сияқты мәселелерді реттейтін баптар жаңартылды.
Өзгерістер жеке тұлғаның құқықтық кепілдіктерін нығайтуға және азаматтарды мемлекет тарапынан қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.
Азаматтықтан айыруға тыйым салуды бекіту адам құқықтарын қорғаудың заманауи халықаралық стандарттарына, соның ішінде, 1948 жылғы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының ешкімді азаматтығынан негізсіз айыруға болмайды деген қағидатына сәйкес келеді.
Сот арқылы қорғалу және жеке басына қол сұқпаушылық туралы жаңартылған ережелер тиісті құқықтық рәсім (due process) қағидатын сақтау жөніндегі конституциялық кепілдіктерді күшейтеді.
Бұдан бөлек, жаңа Конституция заңдылық пен Негізгі заңды қорғауды қамтамасыз ететін тетік ретінде конституциялық бақылаудың маңызын күшейтеді. Конституциялық сот нормативтік актілердің Конституцияға сәйкестігі туралы дауларды шешуде, сондай-ақ, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда негізгі рөлге ие болады.
Конституциялық бақылау институтын күшейту – құқықтық мемлекеттің маңызды элементі, өйткені, ол конституциялық қағидаттар мен адам құқықтарына қайшы келетін заңдардың қабылдануына жол бермейді.
2026 жылғы конституциялық реформа Қазақстанның саяси трансформациясының маңызды кезеңіне айналды. Негізгі заңның жаңа редакциясы билік құрылымын өзгертеді, мемлекеттік басқару жүйесін жаңартады және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтеді.
Конституциялық-құқықтық тұрғыдан алғанда, реформа Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде одан әрі дамытуға бағытталған. Мұнда билік органдарының қызметі Конституциямен шектеледі, ал, адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде танылады.
Мемлекетіміздің тұрақты дамитындығын ескерсек, конституциялық реформа Қазақстанның жеке тұлға, қоғам және мемлекет мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін заманауи демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде одан әрі дамуының негізіне айналатындығы сөзсіз.
Света ШАРДАРБЕКОВА,
«Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің басшысы



