Жаңалықтар

Кең ауқымды амнистия-2026: ІІМ егжей-тегжейін айтты

Қазақстанда Конституцияның қабылданғанына байланысты қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ІІМ өкілдері мәлімдеді.

Заң жобасына сәйкес, қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ келтірілген залал толық өтелген жағдайда ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталғандарға қолданылуы мүмкін. Жалпы алғанда, амнистия шаралары 15 мыңнан астам адамды қамтиды деп күтілуде.

Сонымен қатар құжатта нақты шектеулер қарастырылған. Амнистия террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағандарға, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне, азаптау мен жыныстық қол сұғушылық қылмыстары үшін сотталғандарға, сондай-ақ рецидивистерге қолданылмайды.

Әкімшілік амнистия аясында азаматтар, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша орындалмаған айыппұлдардан босатылуы мүмкін. Бұл шара шамамен 1 миллион әкімшілік айыппұлды қамтиды.

Алайда қару мен есірткінің заңсыз айналымы, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу сияқты қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін құқық бұзушылықтарға амнистия жүрмейді.

– Қылмыстық амнистия шаралары 15 мыңнан астам адамға, соның ішінде түзеу мекемелеріндегі 1,5 мың сотталғанға қатысты болуы мүмкін. Заң жобасы белгіленген нормаларды сақтауға және заңға бағынатын өмір салтын ұстануға дайын екенін дәлелдеген азаматтарды қоғамға қайтаруға жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар амнистия өткізу қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді, себебі заң жобасында нақты шектеулер мен ерекшеліктер көзделген. Амнистияның күші террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында жасалған әрекеттер, азаптау, сондай-ақ жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстарды жасаған адамдарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, амнистия рецидив жағдайларында қолданылмайды. Осылайша құжат ауыр және қоғамға қауіпті әрекеттер үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын сақтайды: құқық бұзушылық қайта жасалған жағдайда жауапкершілік шаралары жалпы негіздерде қолданылады, – деді ІІМ заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаменті бастығының орынбасары Ермек Шүлден.

Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button