Тарихқа тағзым, тағдырларға құрмет

Құрметті жерлестер!
Бүгін біз өткен ғасырдың зұлмат жылдарында жазықсыз жапа шеккен саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алып отырмыз. Бұл жылдар халқымыздың тарихында терең із қалдырды. Көптеген отбасылардың шаңырағы шайқалып, ашаршылық пен қуғын-сүргін салдарынан көптеген адамдар өз Отанынан кетуге мәжбүр болды. Дегенмен, халқымыз мұндай қиындықтарға қарамастан биік рухы мен адамгершілікті, ізгілікті сақтап қалды.
Депортация жылдарында Қазақстан көптеген этностардың туған Отанына айналды. Қиын-қыстау кезеңге қарамастан, қазақ халқы келгендерге барынша көмек қолын соза білді. Бұл ауыр кезең бүгінде Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностарды біріктірді.
Тарихтан тағылым алу – келешек ұрпақ алдындағы маңызды міндет. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының тағдыры бізге тәуелсіздіктің, ел бірлігі мен тұрақтылықтың қадірін терең түсіндіреді. Сондықтан, өткеннің ауыр сабақтарын ұмытпай, тарихи шындықты ұрпақ санасына сіңіру, әділдік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Бүгінгі бейбіт өмір мен татулықтың бағасын білу арқылы ғана біз жарқын болашаққа нық қадам жасай аламыз.
Өткенді еске алу бізге бейбітшілік пен өзара келісімді, түсіністікті сақтауға ықпал етеді. Осындай ауыр кезеңдерді басынан кешірген халқымыз үшін бұл күн жазықсыз жапа шеккендерді еске алып, оларға тағзым ететін күн болып табылады. Жазықсыз жапа шеккендер қасіреті ешқашан ұмытылмайды.
Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ,
Қарағанды облысының әкімі
Нұркен КОБЖАНОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы



