Сарсаңға салған соңғы қоңырау
Жыл сайын мамырдың соңында мектептерде соңғы қоңырау соғылып, оқушылар үшін маңызды бір кезең аяқталады. Әсіресе, 11-сынып түлектері үшін бұл күн ерекше мәнге ие. Осы күннен кейін оқушылар арасында той-думан ұйымдастырып, оны мереке ретінде атап өту дәстүрге айналған. Алайда, бұл туралы қоғамда пікір сан алуан. Бірі «Жастардың еңбегінің жемісін атап өтудің заңды жолы» деп есептесе, енді бірі «мұны орынсыз шығын мен тәртіпсіздікке апаратын әрекет» – дейді.

Бұл қоғамда жыл сайын көтерілгенімен, әлі күнге дейін нақты шешімін ешкім таппады. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те атап өтті. Ол әр министр түрлі шектеулер енгізіп, арнайы бұйрықтар да қабылдағанын айтты. Дегенмен, бұған дейін бәрі қағаз жүзінде қалды. Сонымен қатар, ол банкет мәселесінде жауапкершіліктің кімде екенін нақтылады. Асхат Аймағамбетов айтқандай, мұғалімдер оқушылардан ақша жинау, қымбат мереке ұйымдастыруды талап етпейді. Керісінше, мектеп басшылығы мен ұстаздар ысырапшылдыққа жол бермеуге тырысады, барынша мектеп қабырғасында өткізуді ұсынады. Алайда, соңғы шешім ата-анада.
– Мұндағы тағы бір маңызды мәселе – жауапкершілік. 25 мамырдан кейін оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп емес, тікелей ата-аналар жауап береді. Өкінішке қарай, кейбір өңірлерде мұғалімдерді түнгі уақытқа дейін тойхананы «күзетуге» қалдыратын жағдайлар да кездеседі. Бұл – дұрыс емес. Себебі, мұғалімнің негізгі міндеті – білім беру, ал, оқушыларды бақылау немесе күзету оның қызметіне кірмейді, – деді Мәжіліс депутаты.
Ал, депутат Ирина Смирнова мұндай кештерге мүлдем тыйым салу керек деген пікірде. Оның ойынша, той-томалақ көптеген мәселенің туындауына себеп. Сондықтан, оларды заң жүзінде шектеу қажет. Бұл мәселеге ата-аналардың да көзқарасы әртүрлі. Қарағандылық ата-ана Венера Мусина бұл күннің оқушылар үшін маңызды екенін айтқанымен, қазіргі той-думандар шектен тыс шығынға айналуда деп алаңдайды.
– Баламыздың мектеп бітіруі – біз үшін де ерекше күн. Әрине, оқушылардың қуанып, сыныптастарымен қоштасып, естелік кеш өткізгісі келетіні түсінікті. Бірақ, қазіргі кезде кейбір банкеттер әрі қымбат, әрі бәсекеге айналып кетті. Қымбат мейрамхана, сәнді киім, лимузин сияқты дүниелердің бәрі ата-анаға салмақ. Ең бастысы – баланың амандығы мен тәрбиесі. Сондықтан банкет қарапайым, қауіпсіз және артық шығынсыз өткені дұрыс, – деді Венера Мусина.
Енді мұның оң жақтарына тоқталайық. Оқушылар мектеп қабырғасында ұзақ жыл білім алып, көптеген естеліктер жинайды. Сондықтан, мереке етіп, той жасау – сол кезеңмен әдемі қоштасудың бір тәсілі. Бұл кеште оқушылар бір-біріне алғыс айтып, мұғалімдермен қоштасып, балалық шақтарын еске алады. Мұндай сәттер адам өмірінде маңызды орын алады.
Сонымен қатар, дұрыс ұйымдастырылған кеш мәдениетті демалысқа айналуы мүмкін. Арнайы бағдарлама, тәрбиелік мәні бар сөздер, қарапайым форматтағы кеш – мұның бәрі оқушылар үшін пайдалы әрі есте қаларлық болуы мүмкін. Десек те, кештің кері жақтары да жоқ емес. Ең алдымен – қаржылық мәселе. Қымбат мейрамханалар, сәнді киімдер, қосымша қызметтер ата-аналарға салмақ. Бұл кейбір отбасылар үшін оңай емес. Екіншіден – қауіпсіздік мәселесі. Кей жағдайларда бақылаусыздықтан түрлі жағымсыз оқиғалар орын алуы мүмкін. Үшіншіден, банкет кейде бәсекеге айналып кетеді. Оқушылар арасында «кімнің тойы жақсы?», «кімнің киімі қымбат?» деген түсінік қалыптасады.
«Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Арайлым Мекеева өз пікірін білдірді.
– Соңғы қоңырау – оқушылар үшін ерекше әрі есте қалатын күн. Сондықтан, әр отбасы бұл сәтті өзінше атап өткісі келеді. Дегенмен, ең бастысы – кештің қауіпсіз әрі ұйымшыл түрде өтуі деп ойлаймын, – дейді Арайлым Мекеева.
Осы айтылғандарды ескере отырып, банкетке біржақты баға беру қиын. Бұл мәселенің дұрыс немесе бұрыс болуы оны ұйымдастыруға байланысты. Кеш қарапайым, қауіпсіз және тәрбиелік мәні бар түрде өтсе, орынды. Егер ол ысырапшылдық пен тәртіпсіздікке әкелсе, онда қажеті шамалы.
Сондықтан, ең оңтайлы шешім – ортақ келісім. Мектеп, ата-ана және оқушы бірігіп, тиімді форматты таңдауы керек. Мысалы, мектеп ішінде қарапайым кеш немесе табиғат аясында шағын жиын ұйымдастыруға болады.
25 мамырдан кейін кеш өткізу – қазіргі қоғамдағы даулы тақырыптардың бірі. Бұл мәселе жыл сайын көтерілгенімен, нақты шешімін табу үшін әр тарап өз жауапкершілігін түсінуі қажет. Ең бастысы – бұл күннің мәнін ұмытпау: ол – білім алған жылдарды қорытындылап, болашаққа сеніммен қадам басатын күн.
Мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басатын сәтті әр отбасы есте қаларлықтай өткізгісі келеді. TikTok пен Instagram желілерінде тараған жаңа үрдіс қоғамда түрлі пікір туғызуда. Ол – мектеп бітіруші түлектерге көлемі адам бойындай үлкен гүл шоқтарын сыйлау. Әлеуметтік желілерде сәнге айналған бұл көрініс бастапқыда әдемі әрі әсерлі болып көрінуі мүмкін. Түрлі-түсті алып гүлдер, қымбат безендірулер, ерекше орамалар, бәрі де видео мен фотоға әдемі шығады. Бірақ, осы трендтің екінші жағы да бар. Көп жағдайда мұндай «сәнді сыйлықтар» ата-аналарға материалдық және психологиялық ауыртпалық.
TikTok желісінде тараған видеолардың бірінде тележүргізуші Айгүл Мүкей де бұл құбылысқа қатысты пікір білдіріп:
– Бұл талғамның жоқтығы, тіпті, сыған тойына ұқсап тұр, – деп сын айтқан. Ол соңғы қоңырау білім мен тәрбиені бағалайтын күннен гөрі бір-бірінен асып түсу жарысына айналып кеткендей. Бұл пікір әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
Қазіргі таңда гүл шоқтарының бағасы өте қымбат. Кей ата-аналар «Баласының көңілі қалмасын, өзгелерден кем көрінбесін» деп, қарызға кіріп болса да, қымбат гүл алуға тырысады. Бір оқушыға алып гүл сыйланса, екіншісі де сондай күтеді. Осылайша қарапайым мереке бәсекеге айналып бара жатқандай. Мұндай жағдай, әсіресе, көпбалалы, қаржылық жағдайы орташа отбасыларға ауыр тиеді. Кейбір ата-аналар күнделікті қажеттіліктің өзін әрең жауып жүргенде, бір күндік сән үшін қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр. Көпшілік «Осынша ақшаны уақытша нәрсеге жұмсау дұрыс па?» деген сұрақ қоя бастады. Гүл сыйлау – жақсы дәстүр. Бірақ, оның мөлшері мен бағасы адамның қадірін анықтамауы керек.
Соңғы қоңырау – жарыс пен даңғаза емес, оқушының өміріндегі маңызды белес. Банкет те, гүл де – тек сол күннің сәні ғана. Ең бастысы – ата-ананың қалтасы емес, баланың қуанышы мен тәрбиесі. Бір күндік мақтан үшін артық шығынға барып, бір-бірінен асып түсу қоғамға жақсы үлгі емес. Қарапайымдылық пен шынайылық бар жерде ғана мерекенің мәні сақталады.
Диляра ЖАҢБЫРБАЕВА,
ҚарҰЗУ II курс студенті



