Жаңалықтар

Қарағанды сәулет мектебінің ұстазы

Кез келген қаланың ең асыл қазынасы – оның тарихында өшпес із қалдырған адамдары әрине. Қарағанды қаласының тұрғындары Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, сәулет өнерінің білікті ұстазы Сергей Алексеевич Лебедевтің жарқын есімін зор ризашылықпен сақтап келеді. Ол туған қаласының тарихын терең білетін, оның қайталанбас сәулеттік мұрасын жоғары бағалайтын және сол асыл мұраны сақтауға бар ғұмырын арнаған жан еді. Қарағандының төл перзенті бола тұра, ол бала кезінен-ақ көптеген тарихи ғимараттардың қалай бой көтергенін, қаланың сәулеттік келбетінің қалыптасуын өз көзімен көріп өсті. Кейін сәулет саласының білікті маманы атанған соң, ол бірегей сәулет нысандарын сақтап қалуға белсене атсалысып, олардың жаңғыруы мен қалпына келтірілуіне жанашырлықпен еңбек етті. Бұл кісінің мол тәжірибесі мен терең кәсіби білімі әрдайым түрлі сала мамандары үшін аса құнды болды. Қаланың құрылысын жүргізу және қайта жаңғырту ісімен айналысқан мамандар үшін оның естеліктері мен кеңестері ерекше маңызды және Қарағандының қайталанбас келбетін сақтауға ұмтылған әрбір жанға бағыт-бағдар беруіне қосылған үлкен үлес еді.

Ленинградтағы (Санкт-Петербург) ин­женерлік-құрылыстық институтын тәмамдағаннан кейін Сергей Алексеевич 1968 жылдан бастап, Қарағанды политехникалық институтында (қазіргі Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті) бар күшін салып, үзбей еңбек етті. Әрдайым кәсіби кемелденуге ұмтылу мақсатында, ол Мәскеу сәулет институтында және Германиядағы сәулет бюросында, еңбектері қатысқан шығармашылық байқауларда жоғары бағаланып өткен тағылымдамалар нәтижелерінде аталып отырды.

Қарағанды тарихын терең білуі Сергей Алексеевичті жергілікті телебағдарламалардың тұрақты қонағына айналдырды. Ол қала туралы тартымды, қызықты әңгімелеп, белгілі бір тарихи кезеңнің рухын, сол уақыттың қоғамдық мұраттарын және қалалық сәулеттік мұрасына енген нысандардың көркем бейнеленуін әсерлі түрде жеткізе білетін.

С.А.Лебедев – «Қарағанды және Қарағанды облысы» энциклопедиясына енген көптеген мақалалардың авторы. Сонымен қатар, оның Қазақстанда және шетелде жарық көрген газет-журналдарда көптеген жарияланымдары бар.

Сергей Алексеевичтің талантының тағы бір қыры – оның акварельдік және графикалық туындылары. Мәскеу мен Қарағанды қалаларындағы көрмелерде бірнеше рет ұсынылған еңбектері оның асқан шеберлігі мен нәзік көркемдік талғамын айқын көрсетеді. Бұл шығармаларда туған өлкенің табиғатына және Қарағандының сәулеттік мұрасына деген шынайы сүйіспеншілігі көрініс тапқан.

Сергей Алексеевич елу төрт жылын педагогикалық қызметке арнады. Оның белсенді қатысуымен 1997 жылы Қарағанды политехникалық институтында «Сәулет» мамандығы ашылды. Ғылыми еңбектерінің маңызды бағыты Қазақстан сәулеті мен қала құрылысы мәселелеріне, Қарағандының сәулеттік мұрасын сақтау мен сәулеттік білім беру саласына арналды.

«Сәулет» мамандығы студенттерінің дипломдық жобалары Қазақстанда және шетелде бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды.

Сергей Алексеевич Лебедевтің ғылыми және педагогикалық қызметі көптеген марапаттармен және құрметті атақтармен лайықты бағаланды.

Қарағанды техникалық университетінің «Сәулет» мамандығының түлектері бүгінде Қазақстанның түрлі қалаларында және шетелде табысты еңбек етуде. Олардың көпшілігі Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі атанып, туған университет қабырғасында белсенді ұстаздық қызмет атқарып келеді. Осылайша олар өз ұстазы Сергей Алексеевич Лебедев өмірін арнаған игі істі жалғастыруда.

(Материал Қазақстан Сәулетшілер одағы Қарағанды ұйымының қаржылық қолдауымен жарияланды)

М.В. Любченко,
Қазақстанның Құрметті сәулетшісі,
ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі
№162

Басқа материалдар

Back to top button