Бірыңғай форма, бірегей мүмкіндік
Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, еліміздегі мектеп формасының нарығы шамамен 100 млрд теңгені құрайды екен. Алайда, оның 90 пайызы шетелдік өндірушілердің үлесінде. Соңғы жылдары өңірдегі жергілікті өндірушілер саны да едәуір қысқарып, 10-15 кәсіпорыннан небәрі 2-3 компания ғана қалған. Сол санаулылардан суырылып шығып, мектеп формасын тігуге Қарағандыда үш фабрика білек сыбана кіріспек. Енді өңірдің бірқатар мектебі бұйырса, келесі оқу жылында осы жергілікті жеңіл өнеркәсіп орындары тіккен су жаңа формамен мектеп есігін ашады. Бұл – қанатқақты жоба. Бірақ, жоспар – батыл. 2030 жылға дейін Қарағанды ісмерлері өз оқушыларына өзінің киімін кидіруге белді бекем буып отыр. Ал, ол дегеніңіз – сапа, қолжетімді баға, баршаға бірдей тең форма.

Қарағандылық кәсіпкерлердің оқушыларды бірыңғай мектеп формасымен қамтудың жаңа тетігі 2026-2027 оқу жылынан бастап, пилоттық режимде іске қосылмақ. Дәлірек айтқанда аймақтың 22 мектебінің оқушылары «Bizdin Forma», «Ютария ltd», «ЕСКО» ЖШС тігін фабрикаларындағы тігіншілер қолынан шыққан формамен сабаққа барады.
Жобадағы 22 мектептің төртеуі – Қарағандыдан, төртеуі Абайдан, екеуі Қарқаралыдан, екеуі Нұрадан, үшеуі Шахтинскіден, төртеуі Теміртаудан болса, жобаға Сараннан үш мектеп қатысады. Облыстың кәсіпкерлер палатасының айтуынша, бүгінде кәсіпорын, ата-аналар және мектеп арасында тікелей байланыс орнатылды. Толық бақылау циклі енгізілген.
Қазіргі таңда мектептерде бірыңғай форма емес. Бұл пилоттық жобаның іске қосылуы мектеп оқушылары арасында теңдікті қалыптастырады. Біздің мектеп «Bizdin Forma» фирмасымен жұмыс істейді. Олар дизайндарын әкеліп, көрсеткеннен кейін біз қамқоршылар кеңесін жинап, ақылдасамыз. Содан кейін мектеп бойынша ата-аналар жиналысын өткізіп, ата-аналарға мектеп формасының үлгісін таныстырамыз, – деп мәлімдеді №87 жалпы білім беру мектебінің директоры Шолпан Жангабулова.
Бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде, яғни 2026-2027 оқу жылында, мектептер, ата-аналар және өндірушілер арасындағы өзара іс-қимыл моделі сынақтан өтеді. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, 2028-2029 жылдары ол өңірдің барлық мектептеріне тарайды. Осылайша 2030 жылға қарай мектеп формасын қамтамасыз етудің тұрақты өңірлік жүйесін қалыптастыру – міндет.
– 15 мамырға дейін әр пилоттық мектеп форма жиынтығы мен дизайнын бекітеді. Оқушылар саны мен өлшемдер кестесін өндірушілерге ұсынады. 15 тамызға дейін негізгі өнім көлемі дайындалады. Тамыз айында өлшеп көру және тарату ұйымдастырылады. 1 қыркүйекте пилоттық мектептердің 1-7 сынып оқушылары бірыңғай форма киеді, – деді облыстың кәсіпкерлер палатасы Жеңіл өнеркәсіп кеңесінің төрағасы Андрей Шмарин.
Андрей Шмарин мектеп формасының құны дизайн, матасы, жиынтығы белгілі болған соң ғана мәлімделетінін айтады. Дәл қазіргі кезде бұл мектептерде талқыда. Нақты ұсыныстар мамырдың басында жария етіледі. Форма әр мектептің таңдауы мен талғамына қарай тігілмек.
2029 жылдан бастап мектеп формасын өңірдегі сауда желілері арқылы сату жоспарланған. Бұл ата-аналарға қажетті киімдерді еркін түрде бөлшек сауда орындарынан сатып алуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінеді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын оқушылар мектеп формасымен толық қамтамасыз етіледі. Көпбалалы отбасылар үшін өндірушілер тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Ал, сыныптық тапсырыс көлемі артқан жағдайда, мұқтаж балаларға тегін мектеп формасы берілуі мүмкін.
Мамандардың пікірінше, жаңа жоба отандық өндірісті жандандырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлік бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Айша ҒАНИ



