Медицина

Ұлт денсаулығы – ұлы мұрат

Ұлт денсаулығы – мемлекеттің ең басты капиталы. Оның сапасы денсаулық сақтау жүйесінің деңгейімен өлшенеді. Бүгінде Қарағанды осы бағытта ауқымды реформалардың орталығына айналды. Өңірде тек ауруды емдеу емес, адам капиталын сақтау­дың кешенді жүйесі құрылуда. Инфрақұрылымды жаңарту, кадрлық әлеуетті нығайту және технологиялық прогресс – ұлт болашағы үшін стратегиялық серпінді қадам.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды облысының медициналық картасы соңғы екі жылда айтарлықтай өзгерді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстың ең шалғай елдімекендеріне дейін заманауи медицина жетті. Барлығы 92 нысанды салу жоспарланса, соның тең жартысынан астамы бүгінде есігін айқара ашты.

Мұндағы ең маңызды ұғым – әлеуметтік әділеттілік. Мемлекетке қайтарылған активтерден алынған қаражаттың бір бөлігі дәл осы ауылдық медицинаны дамытуға бағытталды. Бұл – ел игілігі халықтың денсаулығына қызмет еткенінің көрнісі. Балқаш қаласындағы заманауи емхана, ауылдардағы жаңа амбулаториялар жоғары технологиялық жабдықтармен (УДЗ, цифрлық рентген) қамтылған нағыз диагностикалық орталықтар. Х.Мақажанов атындағы клиникада орнатылған бірегей нейрохирургиялық роботтар Арқа медицинасының әлемдік стандарттарымен иық тіресе алатынын дәлелдеді.

Денсаулық сақтау саласындағы кез келген реформаның табысты болуы – тікелей маманның біліктілігі мен оның жұмыс орнындағы тұрақтылығында. Қарағанды облысы бүгінде кадр тапшылығын жоюдың өзіндік әдісін ұсынды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі медициналық ұйымдарда 12 мыңнан астам маман еңбек етеді. Әсіресе, ауылдық жерлердегі акушер-гинекологтар, педиатрлар мен жалпы тәжірибелік дәрігерлерге деген сұраныс жоғары. Осы түйткілді шешу үшін облыс басшылығы батыл қадамға барды.

Тапшы мамандықтар бойынша ауылға жұмысқа орналасқан дәрігерлерге берілетін біржолғы көтерме жәрдемақы 8,5 миллион теңгеге жетті. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Қаржылық қолдау да өз же­місін бере бастады. Былтыр облысқа келген 137 жас маманның тең жартысы (61 дәрігер) дәл осы ауылдық елдімекендерді таңдаған. Сонымен қатар, кадр мәселесін стратегиялық тұрғыдан шешу үшін жергілікті бюджет есебінен резидентураға 179 грант бөлінді. Бұл – ертеңгі күні облыс ауруханаларына дайын, білікті тар бейінді мамандардың келуіне кепілдік. Әйткенмен, мәселе тек ақшамен шешілмейді. Жас мамандарға жайлы баспана мен заманауи еңбек жағдайын жасау – кадрды тұрақтандырудың басты шарты болып қала бермек.

Салынған заманауи нысандар мен тартылған білікті мамандар саламатты ұрпақ тәрбиелеудің берік іргетасына айналуда. Дегенмен, денсаулық тек дәрігердің еңбегі емес, экологиялық тазалық пен дұрыс өмір салтының да үйлесімі екенін ұмытпаған абзал.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button