Басым үлес – өңдеуде
Статистикалық бизнес-тіркелім деректері бойынша Қарағанды облысында 2018 жылғы 1 қаңтарға 28700 заңды тұлға тіркелген. Тіркелген кәсіпорындар мен ұйымдар санының 19931 әрекет ететін болса, оның ішінде 10895 – белсенді. Бұл туралы облыстың статистика департаменті хабарлайды.
Былтыр қаңтар-желтоқсанда облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 2259,2 млрд. теңгеге өнім өндіріпті. Бұл 2016 жылғы тиісті кезеңнен 4,1%-ға артық екен. Облыстың өнеркәсіп өндірісі көлемінің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ол пайызға шаққанда – 78,4%. Ал, кен өндіру және карьерлерді қазу – 12%, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау – 8,2% шамасында. Сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылау 1,4%-ды құрайды.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім шығару көлемі 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанда 246,5 млрд. теңге. Бұл 2016 жылғы тиісті кезең деңгейінен 1,6%-ға көп. Жоғарылау мал шаруашылығы өнімін өндірудің 3,8%-ға, оның ішінде мал мен құстың барлық түрлерінің етін өндірудің 4%-ға, сиыр сүтін өндірудің 4,6%-ға өсуіне байланысты.
Тұрғын үй құрылысына 168,9 млрд. теңге бағытталған. Облыс аумағында халық пен кәсіпорындардан жалпы ауданы 374,1 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылған дейді мәліметтер.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА



