Бұрынғы бояудағы бүгінгі сынық
Қарағанды облыстық өнер мұражайы жаңа жылды кәсіпқой суретші Ерлан ГАЙМОЛДИННІҢ жеке көрмесімен бастады. Тұңғыш көрмесі былтыр Астана қаласында өткен қарағандылық суретшінің шығармашылығы мұнда алғаш рет қойылып тұр екен. Автордың айтуынша, оның осы көрмеге қойылған картиналарын сурет өнеріндегі белгілі бір бағыттан гөрі модернге жатқызуға болады.
Тынып жатқан қара судың бетіне ашық әрі солғын бояуларды әр түрлі әдістермен кескіндеп, өмір бояуларын қондырғанмен, сіз судың тереңінде не бұғып жатқанын тап басып айта алмайсыз ғой. Сол сияқты, Ерланның тамыры тарихи аңыздардан сыр тартқанымен, бояуы – заманауи. Бір қарағанда, байқала қоймайтын бояулар әлемі өмір құбылыстарының белгісіз қырларына жетелейді. Бұған дейін де айтылып, суреттеліп жүрген аңыз әңгімелер желісінен тағы бір жұмбақ қылтиып шыға келеді. Бұл – өзіндік көзқарас пен өзгеше ойлаудың жемісі. Әлгінде біз тамашалаған 24 туындының әрқайсы автор қолтаңбасы деп тап басып айта алмасақ та, бұрынғы бедерге түскен бүгінгі бояудың зері бейжай қалдырмайды. Түрлі ой кеңістігіне тартады.
Грек аңызы айтатын «Еуропаны ұрлаған» бұқаны бұл кісі де салыпты. Көп салынған сурет болса да, өзіндік көзқарасы мен көңіл-күйін кескіндепті. Бізді бір таң қалдырғаны – автор үлкен тақырыптардың қай-қайсына болсын барғанға ұқсайды. Ежелгі Грек аңыздарымен қатар, ер Түріктің елесі жүзген ескі әңгімелер, қазақ эпостарындағы бейнелер, ұлы Шыңғыс ханның шешесі «Өелун», Кет бұғаның «Ақсақ құланы да» осы көрмеге қойылды. Суретшінің өзі: «Қасқыр бейнесі салынған суреттерге сұраныс жоғары. Тез өтіп кетіп жатады»,– дейді. Ерекеңнің біз көрген «Екі қасқыр» суреті қалай аударып қарасаң да, картина. Төрт құбылаға тең жортардай қасқырлар бұрынғы кейпінен айрылған… Ал Шыңғыс қаған шешесінің тағдыр тауқыметі – жүзіндегі кескілескен бояуларда. Қорамсағындағы бес жебенің бірі сынып қалғанымен, маңдайы жарық!
Жәнібек Әлиман.



