Жаңалықтар

Қауіпті кесел

    Мемлекеттік қызметшілер арасында жемқорлық азаймай тұр. Бұған дәлел – мемлекеттік қызметшілерге қатысты сотқа жолданған қылмыстық істердің санының азаймауы. Яғни, өткен жылы сотта жемқорлыққа қатысты 97 іс қаралса, биылғы соңғы 11 айдың өзінде бұл көрсеткіш 80-ге жеткен. Қоғамның дертіне айналған бұл қасіретке қарсы бірқатар іс-шаралар атқарылып жатқанымен де, түбімен жою мүмкін болмай отыр.

Әр мемлекеттік қызметшінің міндеті – сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оны кез келген кезеңде жою үшін шара қолдану. Өкінішке орай, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 154 қылмысты анықтап, жемқорлық құқық бұзушылық бойынша 141 іс сотқа жіберілген. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 1,3 есе жоғары, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қарағанды облысы бойынша департаменті штабының басшысы Д.Капенова.

Жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаражатын ұрлау, жұмсап қою және мақсатты түрде пайдаланбауға қатысты қылмыстық қудалау шараларын қолдануды мақсат тұтады. Бөлінген қаражатты әрі қарай игеру тиімділігін тексеруге ерекше назар аударады.

Мысалы, «Оқжетпес-Т» ЖШС директоры мемлекеттен бөлінетін қаражатты жымқыру мақсатында өзінің танысымен алдын ала келісімге келген. Теміртау қалалық соты аталған серіктестіктің мүлкін кәмпескелеу туралы қаулы шығарды.

Тұрғындардың әлеуметтік осал топтары есебінен баюды мақсат еткен лауазымды адамдар кездесетіні өкінішті.

Мысалы, қоластындағы қызметкері арқылы мүгедектіктің мерзімін ұзарту мен мүгедектік алу үшін 10 мыңнан 200 мың теңгеге дейін пара алған еңбек, әлеуметтік даму және көші-қон департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы М.Оспановқа Жезқазған қалалық сотының қаулысымен жаза тағайындалған.

Осы сияқты, мүгедектігі туралы оң қорытынды беру үшін пара алған Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың Еңбек заңнамасын бақылау бөлімінің басшысы А.Байсалбаевқа бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Сыбайлас жемқорлықтан білім беру саласы да айналып кете алмай отыр.

Мемлекеттік сатып алулар бойынша шарт жасасуға ықпал еткені және жалпы қолдау көрсету үшін қала балабақшалырының директорларынан пара алғаны үшін Теміртау қаласының қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Рахимовқа 5,6 млн.теңге көлемінде айыппұл салынған.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button