Бюджет орындалысы назарда
Қарағанды облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен «Сәтбаев қаласы құрылыс бөлімі» ММ-де бюджет қаражаттары мен мемлекеттік активтердің пайдаланылуы мәселесі бойынша аудит жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының 2012-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары талқыланды. Оның ішінде Сәтбаев қаласының №6 ықшам ауданында бесқабатты көппәтерлі және №8 ықшам ауданында коттедж үлгісіндегі тұрғын үйлердің құрылысы барысында теңбағалы тұрғын үйді беру есебінен, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кені алынған шахталардың аумағына түскен, Жезқазған, ГРП, Весовая, Крестовский және Перевалка кенттерінің тұрғындарын көшіру қаралған.
2017 жылы көрсетілген мақсаттарға 063 «Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) дамуына апатты аймақтардан тұрғындарды көшіру үшін тұрғын үйлерді құрылысына нысаналы трансферттер» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 10 454,4 млн. теңге бюджет қаражаттары бөлінген болатын. Осы жобаны жүзеге асыру барысында жалпы сомасы 1 034,5 млн. теңге заң бұзушылықтар анықталды.
Құрылыс бөлімімен, 7 келісім-шарт бойынша Қазынашылықта келісім-шартты тіркеуге дейін, яғни, келісім-шарт заңды күшіне енгенше, азаматтық-құқықтық мәміле жасау түріндегі, 219,9 млн. теңге сомаға заң бұзушылық орын алған.
Сонымен қоса, атқарылған шаруалар жұмыс кестесіне сәйкес белгіленген мерзімде бірнеше рет бұзылған. Осыған байланысты Сәтбаев қаласының құрылыс бөлімінің бұрынғы бастығына, мердігерлерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы сотқа шағымданбағаны үшін, әкімшілік құқық бұзушылық жазасы қарастырылды.
Орындалған жұмыстарға тексеріс жүргізу нәтижесінде мердігерлерге құрылыс-монтаж жұмыстарының сомасы 112,9 млн. теңгеге арттырылып төлегені анықталды. Оның ішінде: «Астана шаңырақ-2030» ЖШС – 91,1 млн. теңге, «Тавис» ЖШС – 21,8 млн. теңге.
Сондай-ақ, мердігерлерге Құрылыс бөлімімен орындалмаған жұмыстарға негізсіз 352,4 млн. теңге және 349,2 млн. теңге төлемдер жүргізілген.
«Жезқазған қаласы құрылыс бөлімі» ММ-де бюджет қаражаттары мен мемлекеттік активтерді пайдаланылуы мәселесі бойынша жүргізілген аудитпен, жалпы сомасы 57,2 млн. теңге заң бұзушылықтар анықталды. Онда Жезқазған қаласы Батыс тұрғын ауданы ТҚИ инженерлік желілерінің құрылысы инвестициялық жобасы бойынша 43,2 млн. теңге сомаға төменгі тұрған жергілікті бюджеттен бюджеттік инвестицияларды қоса қаржыландыру шарттары сақталмаған. Сонымен қатар, 2015 жылғы 5 қабатты 30 пәтерлі Жезқазған қаласы Гагарин көшесі 70/1 тұрғын үй құрылысының нысаны бойынша, бюджет қаражаттарын 14 млн. теңге сомасына тиімсіз пайдаланған. Атап айтқанда, көзделген бюджеттік бағдарлама нәтижелерінің орындалмауы салдарынан заң бұзушылықтар орын алып отыр.
Қарағанды облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті.



