Бас тақырыпТеміртау

Ұстаздар ұлықталған күн

Теміртау қаласында ұстаздар қауымының кәсіби мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді. Шәкірт тәрбиелеу ісінде ерен еңбегімен көзге түсіп, көпке үлгі болған мұғалімдерді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттады.

Мұғалімдер үшін ең құнды сыйлық – шәкірт ықыласы. Үздік ұстаздарды Мәдениет сарайының фойесінде кадеттер мен жас күйшілер зор салтанатпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Ал, үлкен залда талантты оқушылар мен қала өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама көрсетіліп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ұстаздар ұлықталды.

  • Бұл – біз үшін, халық үшін маңызды күн. Адам балабақшаға барған сәттен бастап ұстаздан ғылым нәрін алады. Балаға бүкіл білімнің нәрін сіңіретін – ұстаздар. Мұғалімдер қауымының кәсіби мерекесі қарсаңында барша ұстаздар қауымына жемісті еңбек, отбасылық бақыт тілегім келеді, – деген қала әкімі Ғалым Әшімов №3 орта мектептің директоры Млюк Қызылбаевқа және №10 «Волшебный замок» балабақшасы басшысының міндетін атқарушы Людмила Саватееваға «Қарағанды облысының білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады.

Ұстаздар қауымының құрметіне ұйымдастырылған салтанатты кештің қадірілі қонағы – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Қадірлі мамандық иелерін кәсіби мерекесімен құттықтаған министр теміртаулық мұғалімдер білім деңгейінің жоғарылығымен және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуымен ерекшеленетінін атап өтті.

  • Ұстаз еңбегіне Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп баға береді ғой. Расымен де, қазіргі таңда мемлекет болашағы үшін ең маңызды мамандықтар сапында ұстаздық қызмет тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласының өзінің жеке бақылауында ұстап отыр. Елімізде мұғалім мәртебесін арттыру, әлеуметтік ахуалын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жасалуда, – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр Теміртау қаласының білім беру ісіне ерекше еңбек сіңірген педагогтерді марапаттады. Атап айтқанда, зейнет жасына келсе де ұстаздық қызметтен қол үзбей, шәкірт тәрбиелеу, балаларды білім нәрімен сусындату жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан математика пәнінің мұғалімі Мария Рейбандт “Еңбек ардагері” төсбелгісімен марапатталды. Ал, №15 қазақ мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Жанат Базарбаева министрдің қолынан “Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері” төсбелгісін алды.

  • Бұл – менің сүйікті жұмысым. Мамандық таңдауда қателескен жоқпын. Өйткені, балалармен жұмыс істеу – жаныма жақын кәсіп. Оларға, тек, мектеп бағдарламасында көрсетілген тапсырмаларды ғана орындатып қоймай, білімдерін шыңдап, көз ізденулеріне жол ашқым келеді. Сондықтан да, шәкірттерімді түрлі байқауларға, олимпиадаларға жиі қатыстырамын. Еңбегім еш кетпеді. Ең алдымен, шәкірттерім үмітімді ақтап, биік белестерден көрініп жүр. Соның нәтижесінде еңбегім еленіп, министрліктің төсбелгісімен марапатталдым, – дейді Жанат Базарбаева.

Мұғалімдер күнінің құрметіне ұйымдастырылған салтанатты кеште 25 ұстаз түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды. Теміртау қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, марапатқа ұсыну барысында ұстаздардың еңбек өтілі, тәжірибесі және шәкірттердің білім деңгейі назарға алынған. Қаладағы әр мектеп марапатқа лайық деп танылған оқытушыларды ұсынған. Ал, арнайы комиссия мүшелері өтініштерді сараптап, үздіктерін таңдап алған.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button