Дәрігер қыздардың ерлігі
Тарих көші неғұрлым ілгері жылжыған сайын майдангерлер қатары да сирей түсуде. Аға буынның ерлік жолынан әлі де талай беймәлім сырдың беті ашылмай жатқаны анық. Солардың бірі – қарағандылық дәрігер мен медбикелердің жауынгерлік жолы, олардың майдандағы ерліктері, тағдырлары. Олар жайлы деректердің толық сақталмауы біздің іздестіру жұмысымызға да кедергі келтірді.
Ұлы Отан соғысындағы дәрігер әйелдердің ерліктері замандастарын ғана емес, бүгінде бізді де таң қалдырады. Соғыс жылдарында нәзікжанды дәрігерлер қауымы үлкен рөл атқарды. Олар қажет болса, майданда жараланған сарбаздарды өздері арқалап, емдеу пунктеріне жеткізген. Жаралыларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, операция жасады. Майдангер сарбаздарды аяғына тік тұрғызып, әскер қатарына қайтарды. Дәрігерлер мен медбикелер арасында Қарағандылық жерлестеріміз де көп болды. Облыстық архив қорында жауынгер қыздардың өмір деректері мен қоса, біраз суреттері де сақталған.
Сол жауынгер арулардың бірнешеуінің ерлік жолына тоқталғанды жөн көрдім.
Соғыс кезінде әскери медбике болып жұмыс істегендердің бірі – Гүлімжан Қарсыбекова (1921). Ол Ленинград блокадасын бұзуға қатысып, Новгородты азат еткені үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. І Украина майданы құрамында Польшаны азат етуге қатысып, онда 12 мың әскери тұтқында отырған үлкен аурухананы басқарды. Ленин орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, Қазақстанның жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкерінің төсбелгісімен марапатталған, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы.
Ал, Рахима Көшкімбаева да – әскери дәрігер, медицина қызметінің аға лейтенанты. Оның әскери еңбек жолы Воронеж маңында басталып, Курск, Белгород, Дембина, Краков, 111-ші далалық эвакуация госпиталімен өткен. Польшаның әскери госпиталі «Паульс лагері» деп аталатын бас казармада орналасып, аянбай еңбек еткен. Рахима Көшкімбаева Ұлы Жеңіс туралы қуанышты хабарды Германияның Дрезден қаласында естіпті. Жауынгерлік жолы Австрияның Вена қаласында аяқталған. 1947 жылдан құрметті еңбек демалысына шыққанша Ульянов ауданы свердлов совхозының учаскелік ауруханасында бас дәрігер болып жұмыс істеген.
1920 жылғы Краснодардағы медициналық институттың түлегі Вера Барановскаяны (1896) қарағандылықтар жақсы таниды. Өйткені, ол 1933 жылы Қарағандыға келіп, хирургия қызметін құрудың бастауында тұрды. Соғыс басталғанда оны хи рург әрі Қарағанды қаласындағы № 3970 аурухананың медицина бөліміне меңгеруші етіп тағайындайды. 1943 жылдың басында Қарағандыға Ленинград ауруханасы келгенде, Вера Сергеевна сол госпитальге ауысады. Кейін аурухана майданға ауыстырылғанда ол да соғысқа аттанды. Брянск, Үлкен Чувалы, Екатериновка, Елей – бұл № 3972 эвакуациялық аурухана орналасқан жер. Аурухананың хирургия қызметі үшін Барановская Құрмет орденімен марапатталған. Соғыстан кейін Вера Сергеевна Қарағандыдағы фельдшерлік мектепте жұмыс істеп, 1946 жылы Алматыға көшеді. 1967 жылы Барановскаяға «Қазақстандағы жұмысшыларға хирургиялық көмектің үлгілі қойылымы үшін», «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілді.
Бүгінде жасы 100-ден асқан Нина Сорокина (1919) кеншілер қаласында үлкен құрметке ие. Ол медицина қызметінің полковнигі. 1942 жылдан майдан даласында Дон, Оңтүстік фронт құрамында соғысқан. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Сонымен қатар, Валентина Алексеева, Анна Анищенко, Людмила Антонова, Ольга Бакирова, Анна Земец, Мария Зусман, Вера Лаврова, Анастасия Киселева, Александра Коровина, Анна Котова, Вера Лаврова, Мария Минина, Александра Никитина, Вера Носкова, Нина Пичкур, Тамара Сагимян, Татьяна Сапцина, Антонина Степанова сынды көптеген дәрігер сұлулар жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.
Мұнда олардың толық тізімі келтірілген жоқ. Орталық Қазақстанның әйелдері Мәскеуді қорғаудан бастап, Ленинград қоршауынан асып, Шығыс Еуропа жерінен жүріп өтіп, Берлиндегі Рейхстаг қабырғаларына дейін жеткені тарихтан мәлім.
Иә, Ұлы Отан соғысының ауыр сынынан өтіп, бейбіт еңбекте де өнегелі ісімен үлгі болған бұл нәзікжандыларды шын мәнінде ержүрек арулар десек қателеспейміз.
Жаңагүл ТҰРСЫНОВА,
Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің басшысы.