Жаңалықтар

Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ: «Ауылдар аудан әкіміне әлі де бағынышты»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісіне тікелей қатысты екенін атап көрсетті. Елдегі саяси өзгерістер азаматтардың өз мәселелерін өздері шешуге атсалысуынан бастау алады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа жүйесінде бұл қаншалықты мүмкін? Оның заңдық негізі, күтетін нәтиже мен бүгінгі жай-күйі жайлы сұрақтарымызға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ жауап берді.

Президент Жолдауда айтқандай, «Ең алдымен, мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының міндеттерін тиімді ажырату қажет». Басқарудың екі институтының айырмашылығы неде? Олардың ара-жігін қалай ажыратамыз?

Мемлекеттік басқару дегеніміз мемлекеттік жоғары билік тарапынан жүктелген басқаруды айтамыз. Жергілікті өзін-өзі басқару деп – азаматтардың өздері ұйымдасып ауылдағы, кенттегі, қаладағы өз мәселелерін өздері шеше алу құқығын айтамыз. Жалпы, бізде көп уақыт бойы мемлекеттік билік басым болып келді. Енді азаматтардың өз мәселелерін өздері шешу үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту қажеттілігі туындайды.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды неден бастау керек?

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін бастысы оның заңдық негізі болуы керек. Қазір ниет бар, бірақ, ол өте күрделі, бір күнде орын алмайтын процесс. Мемлекет тарапынан бастамалар, ал, халық тарапынан түсінушілік, белсенділік болуы керек. Осы екі жағдайда дамиды. 1990 жылдардың басында парламентте жоғары кеңес болса, ауылдық жерлерде селолық кеңестер болды. Кейін ол таратылып, бір түсініксіз жүйе қалыптасты. Ауылдардағы әкім мемлекеттің, биліктің өкілі. Сондықтан, жергілікті өзін-өзі басқару ауылдық аймақтарда жоқ болды. Кей жерлерде ақсақалдар кеңесі, аумақтық кеңестер болғанымен, мұның бәрі формальды сипатта еді. Әрі нақты халықтың қатысуы үшін белгілі бір тетіктер болған жоқ. Мәслихаттар да болды, бірақ, оларға көп жағдайда мемлекеттік функциялар жүктелді. Қазір жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін бізге заңды реттеу керек. Оның тұжырымдамасы қабылданды. Бұл дұрыс, бірақ, дегенмен де оның пысықтайтын нәрселері көп. Ең бастысы заңдық тетіктер шешілсе әрі қарай дамытуға болады.

Сіз айтып отырған заңдық тетік «Өзін-өзі басқару туралы» жаңа заң болатын шығар?.. Оны әзірлеу туралы да Жолдауда тапсырылды. Оның қазіргі қолданыстағы заңнан айырмашылығы неде болады деп ойлайсыз?

Президент биылғы Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы мәселелерге тоқтала келе, арнайы заңды әзірлеуді ұсынған болатын. Бұның алдында қабылданған заң «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» деп аталды. Басында ол тіпті, жергілікті мемлекеттік басқару деп қана аталатын. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқару туралы кейіннен ғана, 2012 жылы қосылған. Енді, қазіргі кезде арнайы жеке заң керек болып тұр, себебі, басқару органдарының құзыреттері әлі толықтай қалыптаспаған. Институционалды құрылымын анықтамай жатып оны дамыту қиын. Сондықтан, арнайы заң қажеттігі сарапшылар тарапынан бірнеше жылдар бойы айтылып келе жатыр. Менің ойымша, бұл заңда тұжырымдамада көрсетілген ауылдық кеңестер құрылады, солардың құзыреттері мен тәртібі анықталып, ауыл әкімдерінің құзыреттері кеңейтілсе, қаржылық, құқықтық мәселелерін шешіп берсе, өте жақсы болар еді. Осыларды анықтау бұл заңның басты мақсаты болады.

Ал, былтыр қабылданған тұжырымдама туралы не айтар едіңіз? Ол бойынша жүргізілген жұмыстар бар ма?

Былтыр тамыз айында қабылданған жергілікті өзін-өзі басқарудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы өте қажеті тұжырымдама. Ол бұрынғыдай емес, қысқа мерзімге жасалды. 4 жылға. Осы 4 жыл ішінде бірінші кезекте ауыл әкімдерін кезең-кезеңмен сайлау. Ол тұжырымдама қабылданбай жатып басталып кетті. Содан кейін, ауылдық кеңестерді құру. Сосын аудан әкімдерінің мәселесі қарастырылған болатын. Егер осы шаралар іске асатын болса, онда жергілікті өзін-өзі басқаруда белгілі бір жақсы қадамдар жасалады деп ойлаймын.

Сол тұжырымдамаға сәйкес, құрылуы тиіс жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі біздің түсінігіміздегі әкімдік пе? Әлде басқа да міндеттері болады ма?

Аталған құжатта жергілікті өзін өзі басқарудың жергілікті органы құрылады деп көрсетілген. Оның қазіргі әкімшіліктерден айырмашылығы – олар әкімнің ғана емес, жергілікті кеңестің де қызметін үйлестіретін орган болмақшы. Ол бұрын әкімнің ғана құзыретінде болған, енді ол қоғамдық кеңестің жұмысын ұйымдастырумен айналысады және соған бағынады. Әкімдер жалғыз өзі шешім қабылдай алмайды, енді ол кеңеспен келіседі. Бұрындары да жергілікті қоғамдастық деген болатын. Бірақ, ол нақтыланбаған, әкім өзі маңайында құрып алатын сипатта еді. Жоспар бойынша 2024 жылға қарай ол кеңестер нақты бір мерзімге сайланып, құзыреттері айқындалады. Осы жағынан жақсы мүмкіндік деп айтуға болады.

Былтыр халық ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін олардың құзыреті артады деді. Бұл қаншалықты жүзеге асты? Бүгінде ауыл әкімінде билік бар ма?

Иә, біраз ауылдық жерлерде әкім сайлап тастадық. Оларға бюджет берілді. Дегенменде, мұндағы ең басты мәселелер қандай? Әкім әлі де аудан әкіміне бағынады, былайша айтқанда соның айтқанымен жүреді. Неге бағынады десек, бірнеше себебі шығады. Бір жағынан ол бұрыннан қалыптасып қалған әдет, екіншіден, ауыл әкімдерінің халыққа бағынышты болу тетіктері заңнамалық жағынан анықталмаған, үшіншіден, ауылда қаржылық мүмкіндіктер аз. Ауылдың бюджеті шектеулі, көбінесе ол – субсидия. Сондықтан, қаржыны солар беретіндіктен жергілікті әкім тәуелді. Әкімді сайлағаннан кейін біз оған құзыреттер беріп, жергілікті мәселелерді өзі шеше алатындай мәртебесін өзгертуіміз керек еді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың мәні сонда ғой. Яғни, оны сайлап қана қоймай, оған құзыреттіктер және сол құзыреттіктерді іске асыратындай қаржылық, құқықтық, басқа да мүмкіндіктері болса, құба-құп. Егер ол болмаса, бұрынғы тағайындалатын әкімнен ешқандай айырмашылығы болмай қалады.

Ауылдық округтерді қаржыландыру көзі өзгерді ме? Өзіңіз айтқандай, әлі де аудан әкімдігіне тәуелді ауылдар қаржы көзін қайдан табуы керек?

Қаржы мәселесі ауылдық жерлерде өткір. Мысалға, Қазақстанда көптеген ауылдар бар. Қарағанды облысының өзінде бір ауыл екінші ауылға ұқсамайды. Мысалы, Бұқар жырау ауданында Үштөбе ауылы бар, қаланың жанында орналасқан. Ол жерде бизнес ұйымдары көп, яғни, оның салық жинау мүмкіндіктері көбірек. Немесе Ақтоғай ауданының түкпірінде жатқан, не болмаса Шет ауданының түкпірінде жатқан бір ауылда салық жинау мүмкіндіктері өте төмен. Сондықтан екі ауылды бір-бірімен салыстыруға келмейді. Аз ғана халық тұратын ауылдарда салық жинау, жарнама дейміз, жер немесе көлік салығынан түсетін бюджет өте шектеулі. Шетелдің тәжірибесінде қандай? Үздік деп танылатын Польша сияқты елдерде міндетті түрде трансферттер белгіленеді. Ауылдық бюджетке жоғары бюджеттен жыл сайын нақты бір көлем бөлініп тұрады. Яғни, олардың тұрақты түрде өзінің коммуналдық немесе басқа да бір әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік болады. Егер қаржы болмаса, әкім болсын, кеңес болсын ол қалай жұмыс істейді? Сондықтан осы мәселе өте өткір.

Мемлекет басшысы азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісіне тікелей қатысты екенін атап көрсетті. Олай болса, әр адам жергілікті өзін-өзі басқару ісіне қалай қатыса алады? Ол өзінің аталған реформаларға қатысын, шешім қабылдауға әсер ете алатынын сезінуі үшін не істеу керек?

Өте маңызды сұрақ. Президент жергілікті проблемаларды шешуде халықтың өзі қатыспаса ол проблемаларды шешу ұзаққа созылатынын, сондай-ақ, мемлекет барлығына үлгеріп, қадағалай алмайтынын айтты. Сондықтан, мейлі ол ауыл, кент я қала тұрғыны болсын көше тазалығы, жарық тарту сияқты мәселелерге тікелей қатысып, салықтан түскен немесе жоғарыдан бөлінген қаражатты қалай жұмсаймыз, қайда жұмсаймыз, қай ауланы жөндейміз деген мәселелерді бірлесіп шеше алатын болса, оларда қызығушылық та, белсенділік те артады. Бұл – бір. Екіншіден, халық жергілікті өзін-өзі басқаруды енді-енді ғана түсініп келе жатыр. Бізде жатып ішерлік деген ұғым бар ғой, маған бәрін мемлекет беру керек, мемлекет шешіп беру керек деген. Барлық мәселені мемлекет шешіп бермеу керектігін, азаматтар белсене қатыса отырып шешуге тиістігін қазір ұғынуда.

Әр ауылдың дамуы әкімнің жеке іскерлігіне байланысты. Яғни, адамға тәуелді. Егерде қабілетсіз әкім келетін болса, ол ауылда құлдырау байқалады. Сондықтан, бір адамға емес, қоғамдастыққа тәуелді болатындай бір жүйе болуы керек. Осы жүйе – жергілікті өзін-өзі басқару құрылымы. Яғни, азаматтар нақты қалай қатысатынын және қолдарында билік барын білетін болса іс басқаша жүретін болады. Сондықтан осы тұжырымдаманы іске асырудың басты шарты – ақпараттық жұмысты халыққа түсіндіру. Бізде ақпараттық қолдау жетіспей жатады. Азаматтар өзгерісті түсінбегендіктен сенімсіздік пайда болады, ал сенімсіздіктің нәтижесі наразылықтарды туындатады. Егер халық өзінің көшесін өздері қатысып, жөндесе оған басқаша жауапкершілікпен қарар еді. Яғни, белсенділік, еркіндікпен бірге азаматтарға жауапкершілік те бір мезетте келеді.

Кез келген еуропалық дамыған елде, немесе АҚШ, Жапония сияқты елдерде жергілікті өзін-өзі басқару өте жақсы дамыған, азаматтар өз мәселелерін өздері шешеді. Мысалы АҚШ-та шериф сайланады, сайланғаннан кейін онда құқық та, жауапкершілік те болады. Ал бізде аудан әкімі сайланбағандықтан, тұрақты мерзімі, бағдарламасы жоқ, тұрақсыз және жүйесіз жұмыс істейтін сияқты. Егер ол белгілі мерзімге сайланатын болса, халықтың алдына белгілі бір бағдарламамен шығады, және сол бағдарламаны іске асыруға тырысады. Бағдарламаны іске асыра алмаса, келесі сайлауда жеңіледі. Осы екі жағынан жергілікті өзін-өзі басқару біз үшін өте қажет процесс. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы біз халықтың наразылығын жұмсарта аламыз және азаматтар өздері қатысқаннан кейін сенім оянады. Демократия дегеніміздің өзі де осы ғой.

– Әңгісмеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button