Қураған ағаштан – келісті мүсін

Балқаштықтар қураған ағаштардың діңін кәдеге жаратып, көздің жауын алар туындыға айналдыруда. Бүгінгі күнде Балқаштың орталық саябағында еңбек пәнінің мұғалімдері мен оқушылар қураған ағаштардан мүсіндер жасап жатыр.

Әзірге, саябақта барлығы 15 ағаш композициясы пайда болды. Мамандардың айтуынша, мұнда Томирис, домбыра, үкі мен феникс құсы, тиын және ұлттық нақышты дәріптейтін бейнелер сомдалмақшы. Ортақ іске сүбелі үлес қосып жатқандардың бірі – №17 мектеп-гимназиясының мұғалімі Азамат Талғатұлы.

– Қураған ағашпен жұмыс істеу өте қызықты. Бұл жерде әріптестерім әртүрлі жануарлардың мүсінінен бастап, адамдардың портретіне дейін жасайды. Томар болып қиылып қалған ағаштарға екінші өмір сыйлап, мүсінін ояды. Ағашты мүсін ойып жасап шығару үшін әлі екі апта уақыт қажет. Мен домбыраның мүсінін жасап жатырмын. Домбыра жай ғана аспап емес, ол – қазақтың жаны, болмысы. Балқаш елінде Шашубайдың, Мағауия Хамзинның ізі қалған. Бұл мүсінді соларға қойылған белгі десек те артық емес, – дейді Азамат Талғатұлы.

Айта кетейік, Балқаштың орталық саябағында осыдан 11 жыл бұрын 20 ағаш мүсіні жасалған болатын. Бұл мүсіндерді жұртшылық жылы қабылдаған еді. Қазіргі уақытта төртеуі бүтін сақталған. Оларды қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Нұрдос КӘРІМ.