Руханият

Бітімі бөлек білім ордасы

Өткен айда «Орталық Қазақстан» газетінде Қарағанды облысы әкімдігі және Қарағанды облыстық мәслихатының «Қарағанды, Қаражал және Балқаш қалаларының бірқатар құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы» бірлескен қаулысы жарияланды. Онда қаламыздағы тоғыз бірдей көшенің жаңа атауларға өзгертілетінінен хабардар болдық. Бұл қалың жұртшылықты ерекше қуанышқа бөледі. Бір ғана Кривогуз көшесінің ұлтымыздың біртуар ақыны Қ.АМАНЖОЛОВТЫҢ есімімен қайта аталуының өзі неге тұрады?!

Бұл бағытта облыстағы білім беру мекемелеріне тарихи тұлғалар есімін беру де жақсы жалғастық тауып келе жатыр. Былтыр ғана №41 орта мектепке Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың аты берілуі, қуанышпен айтарлық бастама болғаны анық. Міне, енді тағы бір жағымды жаңалықтың хабары келіп жетті. Ол – қаладағы №92 гимназияға қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Сейфуллиндей сұңқар тұлғаның есімі берілмекші. Тек қана қазақ тілінде оқытатын бұл гимназия – ұлтымыздың қандай да бір тұлғасының есімін толық иеленуге лайықты білім ордасы.

Білім беру орындарының атауы қалай болса да бәрі бір емес пе, дейтіндер қатты қателеседі. Ұлы Даланың дара тұлғаларының өмірі мен өнегесі арқылы жеке тұлға тәрбиелейміз десек, әр шәкірт тек өз ұлтының тарихы мен руханияты, дүниетанымы мен барша болмыс-бітіміндегі қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Ал, жас ұрпақты ұлтжанды тұлға ретінде қалыптастыру, әрбірден соң ұлт тағдырының болашағы туралы ойлану дегенге апарып саяды. Осы тұрғыдан алғанда, №92 гимназияның «оқушы-студент-білікті маман» атты үштаған бойынша қаламыздағы жоғары оқу орындарымен тығыз әдістемелік байланыста жүргізіп жатқан жұмыстары үлгі аларлықтай.

Елбасы Н.Назарбаев: «ХХІ ғасырдың табалдырығы алдында білім беру капиталға айналуда. Оның өзі мазмұны жөнінен стратегиялық ресурстармен бәсекелесе алады. Елдің даму деңгейі осы арқылы бағаланатын болады» дегенде, сапалы білім беруге ерекше назар аударған болатын. Педагог К.Ушинский: «Біз жан – жақты жеке тұлға тәрбиелегіміз келсе, ол тұлғаны жан – жақты зерттеп білуіміз керек» дегенді босқа айтқан жоқ. ХХІ ғасыр мектебінің мақсаты – жас ұрпақтан жауапкершілігі жоғары, парасатты, адамгершілік мәдениеті қалыптасқан, өмірге икемді, ұлтжанды тұлға қалыптастыру. Қазіргі кезде біздің қоғам дамудың жаңа кезеңіне көшкендіктен, бұл – ақпараттық кезең, яғни компьютерлік техника мен оған байланысты барлық ақпараттық технологиялар мұғалімдер мен оқытушылар қызметінің барлық салаларына кірігіп, оның табиғи ортасына айналды. Сондықтан да білім беру саласында ақпараттық-қатынастық технологияларды пайдалану арқылы білімнің сапасын арттыру, білім беру үрдісін интенсификациялау мен модернизациялаудың тиімді тәсілдерін іздестіру жұмыстары – барлық білім беретін ортаның басты нысанасы. №92 гимназия басшылығы мен ұстаздар ұжымы бұл бағыттағы оқу-тәрбие жұмыстарын жоспарлы жүргізуде. Оған мысалға осы білім ордасында элективті, вариативті оқу бағдарламасы бойынша жүргізілетін оқу курсы пәндерін алсақ та жеткілікті. Мұндай вариативті таңдау курсы сол пәнді бейінді түрде емес, барынша тереңдетілген деңгейде оқуға мүмкіндік береді, барлық бөлімдері қалыпты жағдайдан да жоғары деңгейде оқытылады.

Ұлы ағартушымыз Ы.Алтынсарин «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы, тамаша жақсы педогогика құралдары да, үкіметтің ең жақсы бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылаулары да оқытушыға тең келе алмайды» деген болатын. Әрбір ұстаз ізденімпаз ғалым, нәзік психолог, тынымсыз еңбеккер, ортаның ұйтқысы, жанжақты шебер, терең қазыналы білімпаз, гуманист, белсенді патриот болғанда ғана қоғамның мықты да білікті, жоғарғы мәдениетті, жанжақты дамыған, шығармашылығы жоғары жеке тұлғаны қалыптастырып, тәрбиелейтіні анық. Бұған №92 гимназия ұстаздарының тек өткен оқу жылында қол жеткізген айтулы жетістіктері дәлел бола алады.

Ендеше №92 гимназия басшылығы мен ұстаздары бүгінгі таңда бүкіл адамзат қоғамының ХХІ ғасырдың алғы шебіне, яғни, ғылыми-техникалық прогресс пен өркениетті даму дәуіріне бет бұру кезеңінде білімді, зияткер тұлғаны қалыптастыру жолында жемісті еңбек атқарып жатқаны қуантады. Ал Сәкен сұңқардай ұлтымыздың аяулы тұлғасының есімімен аталуынан туындайтын мақсат-міндеттерді абыроймен атқару жолында гимназия ұстаздарының жаңаша серпінді құлшыныспен еңбек ететініне сенім кәміл.

Жандос СМАҒҰЛОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button