АймақАқтоғай

Туған жер ыстық әркімге

Ауыл – рухани һәм ұлттық құндылықтарымыздың алтын қазығы. Кешегі күннен керуен тартып, сыпатына сын түспей бүгінгі күнге дін аман жеткен ата-баба салт-дәстүрі мен ғадет-ғұрпы да қаймағы бұзылмаған қалпында ауылда сары майдай сақтаулы. Жаппай урбанизация белең алған қазіргі таңда ауылдың отын өшіріп алар болсақ, онда сол күні-ақ қазақылығымыздан қол үземіз. Сондықтан, ауылды сақтау – ұлттық болмысымызды сақтау деген сөз. Осы тектес мәселелердің алдын алу мақсатында Үкімет әр алуан мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, ауылдың тынысын ашуға тырысып-ақ келеді. Шалғайдағы ауылдың бойына қан жүгіртіп, аяқ алысын ширата түсетін сондай жобалардың бірі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Аталмыш бағдарламаның арқасында ауылдағы кадр мәселесінің түйіні едәуір тарқады.

Ерасыл Мұңайтпасов – Қараменде би ауылының мал дәрігері. Жоғарыда атап өткен «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының шарапатын көріп отырған жас маман. Былтыр Елордадағы іргелі білім ордаларының бірі – Қазақ агротехникалық университетін озат тәмамдап, күректей қызыл дипломды қолына алған соң «Ауыл, қайдасың?» деп бірден өзінің туған ауылына жөнелген. Кіндік қаны тамған өлкеге келісімен-ақ уақыт оздырмастан мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. «Қазір, Құдайға шүкір, жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, біршама ысылып қалдық», – дейді өзі.

Біздің кейіпкердің бұл саланы таңдауы кездейсоқ емес. Ерасылдың әкесі Еркін аға ата кәсіппен айналысып, төрт түлігін төскейде өргізген еңбекқор жан. Бүгінде тасы өрге домалап, шаруасына шыр біткен. «Нұршат» шаруа қожалығының жетекшісі. «Тау баласы тауға қарап өсер». Кішкенесінен төрт түліктің жайкүйіне көзі қанып, аттың жалында өскен ауылдың қара домалақ баласына бұл мамандық, тіпті де таңсық емес. Ерасыл өзі де адам алаламайтын ақкөңіл жан екен. Сөзге тартқанымызда іркілмеді, ағынан жарылды.

– Мен – небір дүлдүлдер дүниеге келген Қараменде би ауылының перзентімін. Ауылдың ауасымен тыныстап, топырағына аунап-қунап өстік. Көзден ғайып болса да, көңілден кетпейтін балдәурен шағымыз да осы ауылда өтті. 2003 жылы мектеп табалдырығын аттап, білім айдынына бет бұрдық. 2014 жылы астанадағы Қазақ агротехникалық университетінің ветеринария және ауыл шаруашылығы кафедрасының «ветеринария» мамандығына оқуға түстім. Бір кісідей қызығы мен шыжығы қатар жүретін студенттік шақты да өткердік. 2016 жылы университет жанындағы әскери кафедраның «автомобилист» мамандығына оқуға түсіп, қос оқуды қатар алып жүрдім. «Үлгермеймін», «қолымнан келмейді» деген құр сылтау ғана. Кежегесі кейін тартып тұратын кер жалқаудың сөзі. Бастысы – құлшыныс пен шынайы ниет болу керек. 2019 жылы аталмыш оқу орнын тәмамдадым. Қолыма қызыл дипломды алған кездегі қуанғанымды көрсеңіздер ғой. Ол – төрт жылдың мұғдарындағы түн қатып, көз майымды тауысқан күллі еңбегімнің жемісі еді. Қатырма қағаз уысқа түскен соң көп ойланбастан бірден ауылға тарттым. Қазақта «Ер туған жеріне» деген мақал бар емес пе еді?! Ауылға келіп, орналасқаннан кейін араға екі-үш күн салып аудан орталығындағы аудандық ветеринария станциясына жұмысқа орналасу жөніндегі өтінішім мен түйіндемемді тапсырдым. Аталған мекеме өтінішімді құп алып, бүгінде бір ауылдың ветеринарымыз. Атағы дардай білім ошағын тәмамдай отырып, ауылға келгеніме бір мысқал да өкінбеймін. Керісінше, мақтан тұтамын. Бұл да болса туған жер алдындағы перзенттік парызымды өтеуге берілген мүмкіндік деп білемін, – дейді Ерасыл.

Шынымен де, жаны бар сөз. Біз осыны түйсіне алып жүрміз бе екен? Айпара төсінде өткен бейқам балалық шақ үшін, бір тыныстасаң, ғұмыр бойы кеудеңнен кетпейтін, жусаны жұпар аңқыған ауасы үшін, шыбықты ат қылып мініп, жалаңаяқ шапқылағанда көк майсасы табаныңды қытықтап, майдай тиген майда топырағы үшін туған жер алдында белшемізден борыштар екенімізді сезінеміз бе? Ол енді әркімнің ар таразысында безбенделетін дүние. Біз бар болғаны Ерасылды өзі секілді қатарластарына үлгі етіп көрсеткіміз келеді.

Ауыл ахуалы аз айтылып жатқан жоқ. Тіпті, жаза-жаза жауыр, қаузай-қаузай қотыр болған тақырып. Күн тәртібінен түспесе, әлі талай айтылатыны белгілі. Осынау шетін мәселенің шешімін табу – сізбенен бізге тікелей байланысты, құрметті жас. Әрбір жас маман кіндік қаны тамған кіші Отанға барып, тұралап қалған саланың бір пұшпағын ұстап, аяққа тұруына сеп болса, бас-аяғы он жыл мұғдарында еліміздің түкпір-түкпіріндегі әрбір ауылдың тасы өрге домалар ма еді, кім білсін?!

Еркебұлан АЙТЖАН.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button