АймақБалқаш

«Қазақмыстан» – 46 пәтер

Балқаш қаласында «Қазақмыс» корпорациясының 46 көпбалалы қызметкері көптен күткен, баспаналарының кілтіне ие болды. Игі шара облыс әкімдігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Kazakhmys Holding» ЖШС қол қойған үшжақты келісімде қамтылған әлеуметтік көмек аясында жүзеге асырылды.

Пәтер кілттерін табыстау салтанатында қала басшысы Ораз Тәуірбеков пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Әділет Барменқұлов баспана иелерін құттықтап, әлеуметтік бағытта атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

– Өндіріс саласында еңбек ететін 1200-ден астам көпбалалы отбасы бар. Олардың арасынан ең мұқтаж деген отбасыларына кезең-кезеңімен пәтерлер беру жоспарланған. Бұл шаруалар Kazakhmys Holding мұрындық болуымен жүзеге асырылуда. Бүгінгі 46 баспананың кілтіне ие болған отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Әлі де еңбеккерлер пәтер кілтіне қол жеткізеді. Үшжақты меморандумға қол қойылға қаншама игі істер атқарылды. Маңызды құжат компанияда еңбек ететін жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын түзеуге бағытталып отыр, – деді Әділет Барменқұлов. Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Байжігітовтер отбасы. Көпбалалы отбасының отағасы Жаңаұлан Байжігітов жеті баланы тәрбиелеп отыр. Жаңаұлан «Kazakhmys Smelting» ЖШС БМЗ-да шихта дайындау цехында жұмыс істейді. Оның айтуынша, олар үлкен пәтер туралы көптен армандаған. Бірақ, «Қазақмыс Холдинг» ЖШС оларға пәтер ғана емес, сонымен қатар балаларды өмір сүруге және тәрбиелеуге барлық жағдайларын қарастырып жайлы үйді сатып берген көрінеді.

Жаңа үйге ие болған Жаңаұлан мен оның әйелі Аяулының компанияға айтар алғысы шексіз.

Біз сөзге тартқан көпбалалы ана Алена Зинина да халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынып жатқан жұмыстар туралы пікірін білдірді.

– Мен жаңа пәтер үшін «Қазақмыс» басшылығына шын жүректен ризамын. Бұл компания өз қызметкерлерін шынымен қолдап, көмектесетін санаулы компаниялардың бірі. Біз үшін өмір сүруге барлық жағдайлар жасалды – төрт бөлмелі үлкен пәтер, мұздатқыш, теледидар, кір жуғыш машина және жиһазбен үйіміз қамтамасыз етілген, – дейді төрт баланың анасы Алена Зинина.

Айта кетейік, осы күні Балқашта тұрғын үй кезегінде тұрған 19 адам үймен қамтылды. Және көпбалы отбасылар үш, төрт, бес бөлмелі пәтерлерге ие болды. Алдағы уақытта да «Қазақмыс Холдинг» ЖШС азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, қолайлы жағдай жасап, басында баспанасы бар тұрғындар санын көбейтуді көздеп отыр. 

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button