РесмиРуханият

Сарыарқаны Абай рухы тербеп тұр

Қазақ даласында Ұлы АБАЙҒА деген құрмет толастамақ емес. Абайдың 175 жылдығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Арқада да осы апта сүйіншілеткен шараларға толы болды. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында «Жас Абай» драмасы сахналанса, Қарағанды шаһарында Абай көшесі, Абай қаласында һакімнің ескерткіші салтанатты түрде ашылды. «Абай жаққан бір сәуле…» деген атпен жергілікті ақындардың өлеңдер жинағы мен әлемнің 18 тіліндегі «Абай жолы» роман-эпопеясы CD дискісінің тұсаукесері де осы тойға тарту болды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Ұлы Абайдың мұрасы – ұрпақтарға тағылым» тақырыбында Халықаралық конференция өтті…

Көшесінде Абайдың алшаң басып келеміз

Қарағанды тарихында 12 қараша алтын әріппен жазылды. Бұл күні ақжарма тілектер айтылып, жырдан шашу шашылып, Абай көшесі салтанатты түрде ашылды.

Сүйіншілеткен күнге жеткенше бірнеше жылды артқа тастадық. Тарих қойнауына кеткен Кеңес Одағының пролетариат көсемі Ленин көшесін Абай атына ауыстыру туралы талай айтылды, жазылды. «Келмеске кеткен Кеңес дәуірі сананы улап тастаған, Қарағанды қаласындағы көшелер қазақыланбай тұр» деген сөздер де айтылды. Жоқ. Тәуелсіз Қазақстанда жерге, елге деген рух өлмеген екен. Оған тағы да көзіміз жетті. Сең қозғалып, жыл басындағы қоғамдық тыңдау кезінде қала халқы көше ауыстыруды қолдап дауыс та берді. Нәтижесі, міне, алдарыңызда. Бір ғана Ленин емес, бірнеше көшенің атауы қазақыланды.

Қаладағы Абайдың еңселі ескерткішінің алдында өткен көшенің ресми ашылуына келгендер ерекше сезімде болғаны да рас.

– Һәкім Абайды ұлт болып ұлықтау біздің перзенттік парызымыз. Сіздерді Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Қарағанды қаласының орталық көшелерінің біріне Абай атын беру рәсімімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – ұлы ойшылымызға көрсеткен құрметтің белгісі, – деді қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Ақын Серік Ақсұңқарұлы:

– Мен әлемнің барлық классик ақындарының шығармаларын оқыдым: Пушкин, Гете және басқалар. Бірақ, Абай шығармалары – бұл бөлек шексіз шығармашылық тұңғиық. Абай Алаштың алып рентгені. Өзегімізде қандай өрт, кеудеміздегі қандай дерт болсын, соның бәрі Абайдан анық көрініп тұр. Шаһарымыздағы Абайдың көшесі құтты болсын, – деп ақ тілегін арнап, жырдан шашу шашты.

Бұл – шығармалары қазақ әдебиетінің әдеби мұрасына айналған, әлем таныған Абайға деген құрмет. Сонымен қатар, Ленин көшесіне Абайдың атын беруді мақсат еткен қоғамдық тыңдауда көше атауын өзгертуге кететін шығынды (аншлагтар) өз мойнына аламын деп уәде беріп, сөзінде тұрған белгілі кәсіпкер, «Нәтиже» компаниясының жетекшісі Ерлан Әшімнің мәрттігін де айта кетсек артық болмас.

Сүйінші, ағайын, біз енді ерекше рух беретін, жанға жылу сыйлайтын Абай көшесінде алшаң басып жүретін боламыз!

Абайда – Абай ескерткіші

Арқа көгінде Абай рухы асқақтап тұр. Осы мерейлі сәтпен әлеуметтік желідегі ағайын бір-бірін ақжарыла құттықтап жатыр. Абай атындағы көшенің тұсауы кесілді. Міне, қуаныш жалғасын тауып, ұлы ақынның еңселі ескерткішінің алдында тұрмыз. Бұл жолы баба тұғыры ел бойынша Һакімнің есімі берілген жалғыз қалада, яғни, ырысы еселеніп, берекесі көшеленген Абай қаласында бой көтерді. Алашымен қауышқалы тұрған жаңа ескерткішке облыс әкімі Жеңіс Қасымбек және бір топ салтанатты жиынға арнайы қатысқан мәртебелі қонақтар гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты шара аймақ басшысының құттықтау сөзімен басталды.

– Міне, Абай есімімен аталатын жалғыз қалада ұлы ойшылдың еңселі ескерткішінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Елбасы «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті» деп ұлы тұлғаның қадір-қасиетіне баға берді. Ұлы Абай біздің елдің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Абай әдебиетіміздің негізін ғана қалап қоймай, көрегендігімен бүкіл қазақ қоғамының өркениетін өрге сүйреді. Ақын мұрасындағы терең ой, өршіл рух ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады. Өткенін ұмытпаған, ұлыларын ұлықтаған жұрттың қашанда болашағы жарқын болады. Осы тұрғыда Абай мұрасын тереңнен зерделеп, келешек ұрпаққа жеткізетін бүгінгідей шаралар ұлттың берік негізін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады, – деді аймақ басшысы Жеңіс Махмұдұлы.

Келесі келелі сөзді қоғам және мемлекет қайраткері, абайтанушы Ғарифолла Есім алды. «Абай біздің сезім-санамызды, таным-түйсігімізді өзгертуші тұлға. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың, жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп айтып кетті. Енді жақсы менен жаманды айыратын кез келді. Қазақ сапалы ұлт болатын уақыт болды. Өйткені, Абай сол кездегі қазақтың намысын оятып, халықтың үміт шамын жаққан еді. Абайдың сол жаққан үміт шамы өшпесін. Өшпейді де. Болашағымыз зор. Сол зор жетістікке Абаймен бірге жетейік», – деп түйіндеді абайтанушы.

Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахман қарағандылықтарға айрықша алғыс білдірді.

– Ардақты абайлық ағайын. Жалпы Абайға қай қаладан болса да ескерткіш қоюға болады. Ал, Қарағанды өңірінде ескерткіш орнатуға әбден тиіспіз. Өйткені, Абайдың нағашы жұрты да, қайын жұрты да осы Қарағанды жері. Ұлы ойшылдың құрметіне ұйымдастырылып жатқан шаралар өте орынды әрі жарасымды. Қасиеттісін қадірлеген Қарағанды елінің берекесі арта берсін, – деп ақжарма тілегін жеткізді.

Ескерткішке тоқталсақ. Ескерткіштің тұғырымен бірге биіктігі 10 метрге жуық. Таза қоладан құйылған. Салмағы – 5 тонна 600 келі. Бұл еңбекті жасауға үш ай уақыт кетіпті. Авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қарағандылық мүсінші Бейбіт Мұстафин. Айталық, шебер – Ботақара кентіндегі Бұқар жырау мен Нұрадағы Сәкен ескерткіштерінің авторы.

Салтанатты шара жергілікті ақындардың «Абай жаққан бір сәуле…» атты жинағының тұсаукесерімен жалғасты. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтің әлемнің 18 тіліндегі «Абай жолы» роман-эпопеясының дискі-жинағы ұсынылды. Кітаптарды цифрлау Шахтинск қаласының орталық кітапханасымен бірлесіп жүргізіліпті.

Кеудені қуаныш кернеп, көңіл пернесі Абайдың «Көзімнің қарасын» деммен сызылтып тұрғандай күйдеміз. Сірә, бұл сезім «Алла, Алаш, Абай» деп жиылған әр азаматтың тұла бойын толқытып тұрған шығар…

Абай жолы – Алаш жолы

Кеше Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Абайдың ұлы мұрасы – ұрпақтарға тағылым» атты ZOOM форматындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Сайлаубай қатысты. Сондай-ақ, шетелдік абайтанушы ғалымдар Алияз Ахмет (Түркия), Илшат Насипов, Айнұр Үтәев (Ресей), еліміздің абайтанушы ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты.

ҚарУ-дың ректоры Нұрлан Дулатбеков тізгіндеген шарада облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов аймақ басшысының құттықтау хатын оқыды.

Сауытбек Адрахмановтың айтуынша, бірде-бір елде ақын-жазушысын «ата» деп атау үрдісі жоқ екен. «Ол бізде ғана бар. Өйткені, ол ағартушы, ақын, композитор ғана емес, бізге соншалықты жақын, мұңдас, сырлас. 1971 жылы 125 жылдығына қатыстым. Бір жылға шегеріліп, аталып өтті. Бұл да сол кездегі салқын саясаттың көрінісі. Елбасы ЮНЕСКО көлемінде 150 жылдығын тойлауда үлкен еңбек сіңірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай туралы мақаласында айтқанындай, XIX ғасырда өмір сүріп, XXI ғасырдың сөзін сөйлеген ұлы перзент. 100 жылдан соң да, Абайдың шығармалары мәнін жоймайды. Керісінше, сан қыры ашыла бермек. Ол сарқылмас мұхит. Ол біздің адастырмас темірқазығымыз», – деді ол.

Ал, абайтанушы Ғарифолла Есім: «Біз биыл жаттанды сөздер емес, жүректің сөзін айта бастадық. Бұл биылғы мерейтойдың жетістігі. «Рухани реформатор» деп Президент айтса, салмағы үлкен. Абайдың реформаторлығы әл-Фарабиге тіреледі. Биыл екі үлкен мерейтойда ойлар тоғысты. 9 ғасыр арада жатса да, араларында рухани үндестік бар. Алланы, адамды, дүниені тану. Осы ой Абайдың отыз сегізінші сөзінде де айтылады. Рухани сабақтастық үзілмеді. Біреуі түркілік мәдениет, екіншісі мұсылмандық дүниетаным арқылы адамзатқа тура жол көрсетеді. Адастырмайды. Абай және Науаи, Абай және Низами, Абай және Юнус Әміре деген сынды мұсылмандықтүркілік дүниені жиып, бөлек жинақ қылып, ұрпаққа жеткізуіміз керек. Мұның бәрі Фарабидің шекпенінен шыққандар. Түркі-мұсылман бағытында дамып, мектепке араб тілін енгізуіміз керек. Өйткені, бабалардың ілімін меңгеруге араб тілі өте қажет. «Абай данышпан» дедік. Ал, оны 13 жасында әкесі оқудан шақырып алды. Бірақ, өздігінен ізденді. Осындай дәрежеге көтерілуінің себебі, оның ілімі «аян ілім». Ол аян ілімін тура қабылдайтын ерекше туған жан. Біз әлемді аралап, Абайдың дәрежесіне жете алмадық. Әріп, таңба, біз сияқты аян ілімін тура қабылдай алмайтындарға керек. Абайға әріп керек емес. Меніңше, аттестация кезінде ұстаздарға «Абай жолы» романы мен Абайдың бес өлеңін білу жүктелсе құба-құп болар еді» дейді.

Конференцияда көптеген тұщымды баяндама оқылып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Ерлан Сайлаубай мырза Абай заманында қазақтың саяси құқығы шектеулі болғанын және сол ой шектеулілігімен оның күрескенін айтады. «Түрлі шығарма сол қайшылықтан туды. Қазіргі ел басқару жүйесіне де Абайдың көзқарасы әсер етіп отыр. Оның «Толық адам» ұғымын қарапайым адам ұға алатын деңгейде қайта қарау керек. 1950 жылдары Америкамен шығармашылық байланыс болып Мұхтар Әуезов барып, естелік циклын жазыпты. Сонда олар біздің ойлау жүйемізді байқағысы келген екен. «Абайға «адамзаттық кеңістікке құлаш ұрған ғұлама» деп баға беріпті» деді ол.

Дерекке сүйенсек, биылғы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, 82 ісшара жоспарланып, дені орындалыпты. Шет елдерде өтуі тиіс болған 15-і эпиджағдайға байланысты жоспардан алынған. «Абай күні» мерекесі бекітіліп, Семей әуежайына Абай есімі беріліп, Абай академиясы құрылды. Академия 20-дан аса кітап шығарыпты.

– Алда Абайдың аудармашылығы туралы кітап жарық көреді. Хакімнің кітаптары 10 тілде шығарылып, бүкіл әлемнің кітапханаларына таратылды. Бүгінгі шараға байланысты осы жиынның мақалалары енгізілген жинақ шықты. Ұйымдастырған облыс әкімдігі мен ішкі саясат басқармасына, университет ұжымына мың алғыс, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Сондай-ақ, Аманжол Әлтай абайтануға үлес қосып, «Абай» кітабын шығарған. Онда Абайдың нақыл сөздері, Шәкәрімнен бастап, Абай жөніндегі айтылған сөздердің мәйегі топтастырылған. Аталған жиында кітаптың тұсауы кесілді. Облыстық Абай атындағы балалар кітапханасына, ҚарУ-дың кітапханасына бірнеше данасы берілді. Нұрлан Орынбасарұлы кітапқа кірген Қадыр Мырза Әлінің Абай жайлы өлеңін оқып, студенттердің поэзияға деген қызығушылығын арттырды. Сондай-ақ, Аманжол Әлтай да тұщымды баяндамасын оқып, ордалы ойларымен бөлісті.

Ал, түркиялық жазушы Алияз Ахмет Абайдың «Кемел адам» туралы толғанысы кез келген адамды таң қалдыратынын айтады. «Адам өмірі – аманат, өлімі – ақиқат» дейді Абай. Юнус Әміре де, Жәләләддин Руми да «мен» деген түсінік хақында айтады. Мұны Абай да баса айтқан. Сондықтан, руханиятымыз үндес. Абай – теңдессіз құбылыс. Абайды тану – адамды тану. Ол уақытпен өлшенбейтін туындылардың авторы. Адам жанын емдейтін дәрумен сөздердің Лұқпан Хакімі. Ол – адамзаттың Абайы» деп тебіренді ол.

Илшат Насипов болса, татар тілінде баяндама оқып, Абайдың татаршаға аударылған өлеңін оқып берді. Абайдың қалыптасуындағы татар руханиятының әсерін айтып, 4 желтоқсанда Қазан қаласында Абайдың 175 жылдығына арналған халықаралық конференцияға шақырды.

Белгілі ғалым Айгүл Ісмақова «М.Әуезов – абайтанушы» тақырыбында баяндама жасап, Мұхтардың Абай жайлы біраз жыл ашық айта алмай, 1952 жылы шәкірті Қайым Мұхаммедхановқа «Абайдың ақындық айналасы» диссертация қорғатқаны жайлы тың деректерге тоқталды. Ал, Тұрсын Жұртбай: «Сегіз аяқ» өлеңінің аудармасы туралы тұщымды ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, Абайды шетелге насихаттағанда қазақты, ұлтты жаман көрсететін емеурінге жол бермеуіміз керек. «Орысша аударылған Абай өлеңінің сапасының нашар екендігіне тоқталып, нағашы жұрты Қарағандыда «Шетелге аударылған хакім өлеңдерінің деңгейі қандай?» тақырыбында семинар өткізу қажет. Оны мақтамай, талдауымыз керек. Абайдың нұсқаған жолымен жүрейік. Өйткені, Абай жолы – Алаштың жолы» деді.

Тағылымға толы ауқымды шараның соңы түрлі бағыттағы секция жұмыстарымен жалғасты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қасымхан ҒАЛЫМ,

Жәлел ШАЛҚАР.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button