Тұлға

Үстем болсын мерейің

Мектеп! Осы сөз eciне түссе, елжiремес жан бар ма екен, шiркiн! Қандай ыстық сезiм! Лапылы бойыңды шарпып, елжiрейсiң, егiлесiң. Ерiксiз өткендi еске түсiресiң. Тамашалайсың, езу тартасың, қиял өpiciнe енесiң. Кешегi әлiппе ұстап мектепке кiргенiң, алғашқы мұғалімің, алғашқы сабақ, мектеп қоңырауының сыңғыры, кластастарың көз алдыңнан бiрiнен соң бiрi өтiп жатады. Ең соңы – мектеп түлектерi кешi есіңе түседi.

Иә, сонымен тынған сияқты болады. Жоқ. Тынбайды екен, мектеп-ана қалыптастырған ынтымақ, достық жойылмайды екен, өмiршең екен. Жалғаса бередi.

Біз әр жерден келген, малшының, егіншінің, кеншінің балалары едік. Бәрiмiздiң басымызды мектеп-интернат бiрiктiрдi, тәрбиесiне алды, өміpгe деген көзқарасымызды қалыптастырды, бiлiммен сусындандырды, еңбекке баулыды. Өмір сүруге қажет деген тағылымның бәрiн ұстаздар қажымай-талмай бойымызға ұқыппен сiңiрдi. Сөйтiп, кезектi балапандарын 1963 жылы өмipгe қанаттандырып ұшырды. Балапан саны 42 едi. Біз әлі бірімізден-біріміз айырылған емеспіз!

Біз өзіңмен бірге тамаша өмір кештік. 1960 жылдар – еліміз өмірінде елеулі елес қалдырған жылдар болатын. Коммунистік партияның XXII съезі сол кездегі ұрпақ коммунизмде өмip сүреді деп жария eттi. Елде ұланасыр өзгерістер болып жатты. Алып құрылыстар бой көтеріп, әcipece елде идеологиялық шабыт басым болды. Оның куәсі болдық. Кемелденген социализмді басымыздан өткіздік. Қайта құрудың да куәгеріміз. Міне, Тәуелсіздік таңын қарсы алып, шаттыққа бөленген заманда өмір сүріп жатырмыз.

Бұлар – біздің басымызға тағдыр сыйлаған тарихи оқиғалар. Соның бәрінде сен бізбен бірге, «Орталық Қазақстаныңмен» бірге болдың. Біздің ішіміздегі лидеріміз болдың, мақтанышымыз болдың, үлкен жетістіктерге жеттің, қуаныштымыз.

Менен «бүгінде өмірде арлы да адал жандар бар ма?» десе, әрине сені алға тартар едім. «Сіз үшін адал достықтың, жолдастықтың үлгісі кім?» десе, сені көрсетер едім. «Өз ісінің майталманы кім?» десе, сені айтар едім. «Ата-баба салтын, дәстүрін бойына сіңірген, сіңіріп қана қоймай, өз өмірінде қолданып жүрген адам бар ма?» десе, сені көрсетер едім. «Бүгінгі күнде таза махаббат бар ма?» десе, Батима мен сені айтар едім. Неменеге айта беремін, сен бар жақсылыққа лайықсың. Халық куә!

Бұл мереке – біздің жалғыз Аманның емес, барлық кластастарымыздың, бізге сабақ беріп мәпелеген, тәрбие берген ұстаздарымыздың және саналы өмірін арнаған «Орталық Қазақстан» газеті ұжымының мерекесі. Бұл лебізді, бұл сөздерді мен өзіңмен бірге оқыған кластастарың атынан жазып отырмын.

Жеңіс ИМАНОВ,

кластасы, техника ғылымдарының кандидаты,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button