Сейітхан ИСАЕВ: «Оқушымды көрген сайын, кеудем мақтанышқа толатын»
Президент ұстаздары жайлы қызықты естеліктерінде соғыс және еңбек ардагері Сейітхан ИСАЕВТЫ жиі атап өтеді. Оқушы күнінде Елбасыға жарқын жол сілтеп, бағыт берген қария Қарасай ауданы мен Қаскелең қаласының Құрметті азаматы, жергілікті Ардагерлер кеңесінің төрағасы болған. 102 жасында қайтқан ұстазына көз жұмғанша құрмет көрсетіп өткен Елбасы көпті сүйсіндірген оң қасиеттерінің қалыптасуына тікелей ұстазы себеп болғанын айтады. Ұстазының оқушысы жайлы жарқын естеліктерін Президент телерадиокешені ұсынған фильмдерден байқадық.
Жалпы Елбасы бастауыш білімді туған ауылы Шамалғанда алған. Ауылда қазақ сыныбы жабылғаннан кейін анасы Әлжанапа ұлының болашағы туралы көп ойланып, орта білім беруді мақсат тұтқан. Аудан орталығындағы Қаскелеңде оқытуды жөн көріпті.
Баласының зеректігін байқаған Әлжан апа сабақты ыждахатпен оқысын деп баласын жатақханаға емес, туысы Сабырханның үйіне жатқызады. Сол уақытта Абай атындағы мектепке Шамалған ауылынан алты ұл және бір қыз келген екен. Солардың ішінде болашақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев та бар еді.
Ұстаздары мен сыныптастарының әңгімесіне сүйенсек, кішкентай күндерінен Сұлтан елгезек болып өскен. Баласының музыкаға әуестігін байқаған әкесі ұлына гармонь сатып әперіп, домбыра жасап берген екен. Балалар биге, киноға барып жүргенде Нұрсұлтан көпке үлгі болып, күреспен айналысып, тәуір ән салып, гармонь мен домбырада ойнаған. Талантты балаларды ұйымдастырып үгіт бригадасын құрып, ұжымдық шараларға шығып тұрған.
– Ол тұста мен мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары едім. Оң қасиеттерімен көпті сүйсіндірген Нұрсұлтан оқушылар тарапынан комсомол комитетінің жетекшісі болып сайланып, ұйымның жұмысын тез игеріп шыққанын бәріміз көрдік. Ол оқу озаттары мен тәртіпті оқушыларды комсомол қатарына тартып, ұйым мүшелерінің санын арттырып қана қоймай, жоғары сынып комсомолдарының санымен білім сапасын көтеруге, оқу-тәрбие жұмысының жақсаруына ықпалын тигізді. Соның арқасында комсомол ұйымы әп сәтте-ақ оқытушылар ұжымының тірегіне айналып шықты. Сабақ пен мектептен тыс жұмыстарды қолға алып, музыка, би, спорт үйірмелерін жандандырды. Оқушылар қазақша күреспен айналысып, шаңғы тебу жарыстарына, ақындар сайысына белсенді қатысты. Өнерлерін паш етуге ықпал еткен Нұрсұлтанға ата-аналар қауымы да, мектеп, аудан басшылары да үнемі ризашылығын білдіретін. Сондықтан ол маған тек сүйікті шәкіртім ғана емес, әрдайым орынды ұсынысын айтар таптырмас көмекшім атанды. Жылдар өте екеуіміз бірнеше мәрте кездестік. Сол баяғы көркем мінезді, әзілге жақын жайдары оқушымды көрген сайын кеудемнің мақтанышқа толатыны езуімнен байқалады. Жеңістің 60 жылдығында «Парасат» орденімен марапатталған сәттен естелік суретті «Мұғаліміме жіберерсіңдер» деп тапсырыпты. Маған білдірген алғысының белгісін көріп қатты риза болдым. Ол – мен үшін өте бағалы сурет, – деген екен Сейітхан Ахметұлы.
Ұстазының атап өтуінше, Нұрсұлтанға көшбасшылық қасиеттер аса сүйіспеншілікпен қымбат көретін анасынан дарыса, сөзге шешен, айналасын өзіне үйіріп алатын көпшілдігі ән салатын, әзілге шеберлігі, еңбекқорлығы, табандылығы мен сырбаздығы әкесі Әбіштен бойына сіңген. Әкесі мен анасынан дарыған қасиеттер Нұрсұлтанның мектептегі алғашқы күнінен байқалған. Құрбы-құрдастары оның бойындағы тілтапқыштық, іскерлік, жауапкершілік, зейінділік, саяси сауаттылық, ұйымдастырушылық және достарын соңынан ерте білу сияқты көшбасшылық қасиеттерін ерте кезден сезген. Сондықтан да, мектеп ұжымы 1957 жылы қазанда Нұрсұлтанды мектеп комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлаған екен.
– Нұрсұлтан барлық оқушылардан гөрі маған жақын болды. Мен онда мектеп партия ұйымының хатшысы болатынмын, ал ол – комсомол хатшысы. Мен әрқашан да оның көмегін сезініп отырдым. Сондықтан да, ол менің сүйікті оқушым ғана емес, сенімді көмекшім болды, – депті Сейітхан Ахметұлы.
Жастайынан кітап оқуға құмар болған оқушы Нұрсұлтан мектепті үздік бітіріп, Алтын медальға ұсынылған. Мектептен кейін комсомолдардың алғашқы легімен Қарағандыға, металлургия зауытының құрылысына аттанады. Сөйтіп, Елбасының еңселі еңбек жолы Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында «Қазметаллургқұрылыс» тресінде қарапайым жұмысшыдан басталған. Осылайша, Мемлекет басшысының балалық шағының аспанын жарқыратқан жарқын естеліктері көмірлі шаһар – Қарағандының жұлдызын жақты.
Аяулым СОВЕТ.