Айыппұл тұрағы қызмет көрсетеді

Аудан орталығы Осакаров кентінде жол ережесін бұзған жүргізушілердің көліктері үшін арнайы айыппұл тұрағы ашылды.

Автотұраққа жол ережесін бұзғаны үшін ұсталған автокөліктер қойылады. Яғни, мас күйінде көлік тізгіндеу, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ немесе жалған нөмірлермен жүру секілді тәртіп талаптарын ескермеген жүргізушілердің көліктері сақталады. Сондай-ақ, жолда жүру қағидаларын бұзу, құқық қорғау органдары қызметкерінің талаптарын орындамау да көліктің айыппұл тұрағына қойылуына әкеледі. Көлігін қайтарып алу үшін жүргізуші айыппұл төлеп, рұқсат алуы керек.

Қарағанды облыстық көліктік бақылау инспекциясы қызметкерінің айтуынша, жыл басынан бері Осакаров ауданында рейд жүргізіліп келеді. Рейд барысында 40 көліктен құқықбұзушылық анықтаған. Тәртіп бұзушыларға қатысты 4 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік құжат толтырылып, жүкті рұқсат етілген салмақтан артық тиегені үшін 160 мың теңгеден астам қаражат республикалық бюджетке өндірілді. Айыппұл тұрақтарын ашу автомобиль жолдарын сақтау жоспары аясында жүзеге асырылуда. Аталған шара бүгінгі таңда Жезқазған және Теміртау қалаларында да іске асырылуда.

Жаңадан салынған айып тұрағының аумағы – 2080 шаршы метр. Үш бейнебақылау камерасы орнатылған және оны «Күзет» агенттігінің 4 қызметкері тәулік бойы күзетеді. 

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ОСАКАРОВ ауданы.