Жаңалықтар

905-ші баспана берілді

«Көп тілегі – көл» демекші, халықты жұдырықтай жұмылдырып, ізгілікті жобаны іске асырып жүрген «Қарекет» қайырымдылық қорын білмейтін адам кемде-кем шығар. Қордың шарапатын көргендердің қатары күн санап артып келеді. Сондай жандардың бірі – Қарағанды қаласының тұрғыны Кенжегүл Мұқашева.

– Қарағанды облысы бойынша «Қарекет» қайырымдылық қоры бес жылдың ішінде 905 отбасыға баспана алып берді. Басты мақсаты – баспанаға мұқтаж отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету. Басты үш категория бойынша біріншісі мүгедек жəне жетім балалары бар отбасы, екіншісі жалғыз басты ана мен əке, ажырасқандарына үш жылдан жоғары жəне үш баладан көп отбасылар, үшіншісі жеті баладан көп баласы бар отбасыларға көмек көрсетеді. Осы жолы баспаналы болған отбасындағы үш баланың екеуінің мүмкіндігі шектеулі. Он бес жылдай пəтер жалдап келген жалғызбасты анаға толық жөндеу жөнделген, жиһазымен үш бөлмелі пəтердің кілтін табыстадық, – дейді қордың облысы бойынша өкілі Жанар Арстамбекова.

Жыл басынан бері қайырымдылық қордың қолдауымен Жарық станциясы, Балқаш, Теміртау қалалары мен Жаңаарқа ауданының жоғарыда аталған санатқа жататын отбасылар баспаналы болды.

– Үйден үй ауыстырып көшіп жүрдік. Өте қиын болатын. Кей жағдайларда мүгедек балаларың бар деп иелері пəтер беруден де бас тартатын жағдайлар кездесті. «Енді, өз үйіміз бар. Ешкім шығыңдар, үйді босатыңдар» деп айта алмайды. Қуанышымда шек жоқ. Халыққа, «Қарекет» қорына алғысымды білдіремін, – дейді Кенжегүл Мұқашева.

Қанша жанның басты мұңы баспанасын алып беріп, шексіз қуантып жүрген қайырымдылық қор «Ауыл аманаты» бағдарламасына орай, алдағы уақытта ауылдық жерлердегі баспанаға мұқтаж отбасыларға көңіл бөлуді жоспарлап отыр.

Сағыныш ƏБІЛ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button