«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

90 жылдық шежіре – ел назарына

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың бірінші қабатында орналасқан «Білім орталығы» бұрышында өлкетану бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш ОРЫНБАЙҚЫЗЫНЫҢ ұйымдастыруымен «Жаңалықтың жаршысы» атты кітап көрмесі қойылды. Көрмеде аймақтың рухани шежіресіне айналған «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттерінің кешегісі мен бүгінінен сыр шертетін құнды жәдігерлер жұрт назарына ұсынылды.

Көрмемен арнайы барып таныстық. Себебі, мұнда кітапхананың сирек кітаптар қорында сақталатын газетіміздің 1950-1960 жылдардағы тігінділері де қойылған. Сол көненің көзіндей болған тігінділерді парақтап, тарих қойнауынан бір-ақ шықтық. Қос газеттің да мерейтойларына орай баспа бетіне шыққан альбом кітаптары мен мақалалар қатталған бағалы кітаптармен таныстық. Әсіресе, Нұрмұхан Оразбеков ағамыздың «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» кітабы көзімізге оттай басылды. Оны толық оқып танысуға деген ынтамыз арта түсті.

Бұдан бөлек «Арқа баспасөзінің қаранары» атанған ұстазымыз Мағауия Сембайдың қаламынан туған «Құбылыс», «Жауынгер қыздар» және басқа да кітаптары назарымызды еріксіз бұрғызды. Ал, қазақтың қабырғалы қаламгері Жайық Бектұровтың қолданған жеке бұйымдарын көргенде сол дәуірдің бейнесі, қаламгерлердің азаттық үшін жан алысып, жан берісіп тер төккен ерліктері көз алдымызға келді.

Сонымен қатар, мұнда газеттің әр дәуірінде журналистер пайдаланған теру машинкасы, асты тастан жасалған шырақ және көненің көзіндей болған үй телефоны ерекше назарымызды бұрды. Сондай-ақ, Арқаның абызындай болған қос басылымның ең алғаш жарық көре бастаған сәтінен бастап, бүгінге дейінгі атаулары және фирмалары бейнеленген көрменің келесі бөлігінен біз әр кезеңдегі өзгерістерге куә болдық.

– Мен «Ortalyq Qazaqstan» газетінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп, зейнетке шықтым. Әлі де мақалаларым шығып тұрады. Осы аға басылым бәрімізді тәрбиелеп, қанатымызды қатайтты, қаламды қалай ұстау керектігін үйретті. Кейін өзіміз аға болғанда сол үлкен мектептен алған тәлімді жас буынға үйретіп, оларды да үлкен аламанға қостық. Біздің алдымызда Амантай Сағындықов, Амантай Сұлтанов ағаларымыз болды. Мені жұмысқа қабылдаған редактор Рамазан Сағымбеков еді. Оның алдында облыстық телеарнада да редактор болып қызмет еттім. Бірақ, мен өзімнің жаныма баспасөздің, газеттің жақын екенін сездім. Әлі де үзбей жазып келемін, – дейді белгілі жазушы, ардагер журналист Сүйіндік Жанысбай.

Ал, Аман Жанғожин ағамызды энциклопедиялық білімі бар, белгілі журналист ретінде ел таниды. Ол өзінің еңбек еткен жылдарында көбіне өндірістік бағытта қалам тербегенін айтады. «Не жазсам да көзіммен көрмегенше қолыма қалам алмайтынмын. Өйткені, көзбен көрген нәрсе тірі шығады. Мен жастарға ерінбей не жазса да зерттеп, толық түсініп жазуды айтар едім. Бізге аға буын осыны мықтап үйретті. Талай рет шахтаға, зауыттарға, егін басына арнайы барғанбыз» – дейді ол.

Осындай аға буынның назарын ерекше бұрғызып, арнайы келіп танысқан көрменің елге берері мол екенін айтқымыз келеді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button