Абай – ой алыбы
Ел Президенті Қ. Тоқаевтың «Абай-рухани реформатор» деген мақаласын оқып, ой түйдім. «Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек» деген екен мақаласында. Абайдың әрбір шығармасы «қалың елі, қазағын» бірлік пен берекеге шақырады. Жалпы, қазақ халқының ұлт болып ұйысуында дін мәселесінің маңызы өте зор. Ұлы Абайдың қырық бес қара сөзінің он бірін дін тақырыбына арнай отырып, ақ ішкен айбынды ата-бабаларымыз мойынсұнған исламды құрмет тұтып, Алланы мойындау ел арасындағы ынтымақтың кілті екендігін меңзеді.
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың» дейді Абай 17-ші қара сөзінде. «Құдай жолы – жанашыр харекет, көпке пайдаңды тигізу», – деп ұқтырады. Он үшінші сөзінде жазылған «Алла тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген пенденің жүзі құрсын» деп, одан көрі күнә жасамауға үндеген алыбымыз «ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер» деп жақсылықты алдыңғы қатарға қояды. Өз ақылың мен еңбегіңе сүйен! Өзгеге жақсылық ойла, шама-шарқыңша шапағатыңды тигіз!
Адамдық, ізгілік деген осы. Нәпсіге ерсең, Алланың мейірімінен құр қаласың – осыған илан, деп кеткен хакім Абай – дін негіздерін әлемдік деңгейде жаңғыртқан батыл ойлы кемеңгер. Мұсылманда әйгілі әл-Ғазалиден кейінгі сенім ілімін тірілткен екінші ұстаз-реформатор. Сайып келгенде, қазақтың Абайы тек мұсылман әлемінің ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ ой алыбы. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзінің өзі өмірлік мәнін жоғалтқан емес. Ал Абайды ұлы реформатор ретінде танып, биікке көтеріп отырған Президенттің көрегенділігіне дән ризамыз. Абайдың әрбір сөзі бізге өмірлік сабақ.
Дана ӘЛИЕВА,
Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы.