Руханият

Майталман математик

1977 оқу жылының қаңтар айы болатын. Мектеп директоры Мақсұт ШАЙМЕТҰЛЫ мені, оқу ісінің меңгерушісі Ә.ӘБДІҚАЛЫҚОВТЫ шақырып, «Аудандық оқу бөлімінен хабарлады, бізге математика, физика пәндерінен оқушылар білімінің сапасын байқауға облыстан бір маман келетін көрінеді. Аты-жөні Тілеуғалы ӘМІРТАЕВ. Кейінгі үш оқу жылының құжаттарын, өткен оқу жылының емтихан материалдарын қарайды, сабақтарға қатысады, өте сауатты жас жігіт. Қала басындағы мектептердің, әдістемелік кабинеттің материалдарымен танысып, естерін шығарып жатқан көрінеді» дегенді айтты.

Сабақтар біткенде Әбекең мұғалімдерді жинап: «Құжаттарды, әсіресе журналдарды байқаңдар, сабақ жоспарын мұқият жасаңдар. Әміртаевты қайсың білесің, өзі қай жердікі екен?» деп сұрады. Пән мұғалімдерінің ешқайсысы білеміз дегенді айтпадық. Одан шыққан соң математика кабинетіне келіп біраз кеңесіп, дайындалған болдық. «Жаңадан жұмысқа тұрған жас біреу шығар. Е, бізге кім келмей жүр. Бізде бәрі дайын. Келсе сабағымызды көрсетеміз. Қонақ қылып, шығарып саламыз» деген оймен тарастық.

Ертеңінде, кешкі 22.00. сағ. күткен адамымыз келді. Жолда автобус тоқтап, үстіндегі киімі өте жұқа екен, үсіп-жаурап әрең келіпті. Жанында аудандық оқу бөлімінің инспекторы бар. Директор күтіп алып, амандасып, танысқан соң, үйге жүріңіз десе, «Жоқ, осында Зекен Қасымбеков деген математик бар көрінеді, мені сонда апарыңыз» деген соң, біздің үйге алып келіпті. Қазақтың қай үйінде болса да шайы қайнап, еті асылып жатады емес пе, кішкене қысылсақ та сол жетер деген оймен шай бердік. «Тоңып келдіңіз, бой жылытайық» дегенге, «Жоқ, ішпеймін. Шайдан артық ештеңе керек емес» деген соң, ащыны ауызға алып көрмеген мен де қуандым. Қонақты сыйлайтын халықпыз ғой, жас болса да көбірек сөйлетіп, сөзін тыңдап отырмыз. Қазақтың нағыз салт-дәстүрі сақталған Ақтоғай ауданының тумасы, тегі Тобықты екен. Әңгіме желісі әңгімешіл, тіл маманы Әбекеңе де, отырған басқаларға да ұнады. Шайдан кейін үйдің кітапханасымен танысып, көңілі көншігендей болды. «Кітап-журналдар жеткілікті екен, бірақ, кейінгі жылдардың әдістемелік кітаптары, математикалық қосымша оқулықтар аздау екен» дегенді айтты.

Келесі екі күн бойы сабақтарға кірді, сынып журналдарын, басқа да құжаттарды байқады. «Қызықтыра оқыту, баланың логикалық ой қабілетін дамыту, көрнекіліктерді пайдалану, оқушыны сөйлету, оқушы еңбегін дұрыс бағалау, т.с.с. оқытудың әсерлі әдістері, тиімді түрлері кейбір мұғалімнің сабақтарында бар, бірақ сирек қолданылатындығы байқалады. Осының бәрі сабақ жоспарын ойлана түрлендіре, алдын ала жасауға байланысты….» деген ой-пікірін білдірді. 7-10 сыныптардан математикадан алған бақылау жұмысын қорытындысы бойынша, 10 сынып оқушыларының білім үлгерімі мен сапасын шығарып, «Талапқа сай, керемет нәтиже емес, бірақ мен биыл бақылау алған 27 ауыл мектебінің ең жоғары көрсеткішіне иесіздер» дегеніне масаттандық. Мектепте болған үш күннің ішінде қаншама сабақтарға қатысып, бақылау жұмысын алып, оны тексеріп, құжаттарды қарап, мұғалімдерге семинар өткізді. Директордың да, орынбасарларының да сабақтарына қатысты. Біраз кемшіліктердің де басын ашты. Бірақ осы жолы да, кейінгі келген кезінде де бірде-бір кемшілікті аудандық, облыстық білім бөліміне жазба түрінде қалдырмай, тек жетістіктерімізді баспа бетінен көрсетіп, курстарда айтып, таратып жүрді.

Менің мұны тәптіштеп жазып отырғаным, Тілекеңнің осы келісінен кейін, менің өзімнің де, басқалардың да сабаққа дайындалуға, өткізуге деген көзқарасымыз мүлдем өзгерді. Ол бізге көп жаңалық-жетістіктерді айтты, әдістемелік материалдар тастады. Өз тәжірибемізді өзіміз қалай жазып, өзіңнің, мектептің жетістіктерін қалай көтеру, тарату керектігін үйретті.

Сонау 70-жылдары Тілеуғалы Әміртайұлын ешкім біле қоймаса 80-жылдары оның нағыз әмбебап әдіскер, қаламы жүйрік қаламгер, аймақ мектептеріне еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз, ақынжанды азамат екенін көпшілік білді. Тілекеңнің КСРО-ның жаңашыл мұғалімі В.Шаталов туралы жасаған кинороликтерін көрсете, тәжірибесін тарата лекция оқығанда 4-6 сағат бойы орнымыздан қозғалмай қызыға тыңдайтынбыз. Шаталовтың әдісін Қарағанды өңірі мектептерінде қолданбаған физик-математик жоққа тән, көпшілік мектеп әлі күнге дейін пайдалануда. Әріптестің КСРО-ның ғажап математиктері А.Колмогоров, А.Погореловпен, математика оқулықтарының авторы О.Жәутіков, Б.Баймұқанов, тағы басқа да ғалымдармен кездесіп, ой-пікір бөлісуі, дастархандас болуының өзі керемет емес пе?!

Мен қазір 83-темін, аужайлап байқасам, біздің облыста Тілеуғалы Әміртайұлынан артық баспа беттерінде көп мақала жазып, көптеген әдістемелік құрал қалдырған ешкім жоқ сияқты. Сондықтан да ол, аймағымызға толық еңбегі сіңген майталман математик, әмбебап әдіскер, ардагер-педагог, абзал азамат.

Зекен ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақ КСР халық-ағарту ісінің озық қызметкері, ардагер-педагог.

Басқа материалдар

Back to top button