Тағзым

Адалдықты ту еткен арда азамат

Қазақты ардақ тұтар азаматтар баршылық. Солардың бірі – отбасының тірегі, әулет тұғыры, елінің елеулі тұлғасы дерлік аяулы азамат Амангелді ӘБІЛ болатын. Бұл азаматты сәби кезінен білетінмін. Әкесі Әбіл НОҒАЕВ менің шешемнің інісі. 1951 жылы 9 жасымда алғаш рет осы нағашымның үйіне келгенде әдеби кітаптың көптігін көріп таң қалғам. Жұмыстан келген соң қолынан «Советтік Қарағанды» газеті түспейтін ағаға қарап, мен де осы газетті тиіп-қашып оқи бастадым. Газет, кітапқа деген шынайы қызығуым осы үйден басталды.

Сурет А.ӘБІЛДІҢ жеке мұрағатынан

Әбіл нағашым халқымыздың салиқалы салт-дәстүрі мен ата-бабадан жеткен аталы сөздерді санасына тоқыған, ақын-жазушылардың туындыларын көп оқыған өте сауатты азамат-тын.

«Әкеге қарап ұл өседі» дегендей, Амангелдінің де, оның бауырларының да мектепті жақсы бітіріп, тамаша тәлім-тағлымдық қасиеттерді бойларына сіңіруі осындай текті де сауатты ортаның әсері болар.

Амангелді жасөспірім кезінен тәлімі сөзінен білінер, білімі ісінен танылар, мейірімі көзінен көрінер үлгі-өнеге боларлық адами жақсылықты бойына жия білген жалынды жас болды. Талантты жас 1970 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылық институтын бітіріп, туған жерінде мамандығына сай еңбек жолын бастаған. Кейін аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушілік қызметтерін атқарып, Арқа аймағында іскерлігімен ерте танылды. 1979 жылы Жезқазған кәсіподақтар Кеңесінің бөлім меңгерушілік, одан аумақтық жекешелендіру комитеті агро-өндіріс кешеніндегі қызметі кезінде ауыл жағдайын жақсарта да өркендете білімділік, іскерлік қырларымен танылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ақтоғай ауданы әкімінің бірінші орынбасары бола жүріп, ауыл шаруашылық басқармасы бастығы қызметін қоса атқарып, аудан халқының құрметіне бөленді.

Амангелдінің елге белгілі ерекше қыры – саф тазалығы, адалдығы еді. Бұл – кейінгі кезеңде жоғалып бара жатқан керемет қасиет. Жиен ретінде нағашымның бұл қырын әкесі Әбекеңнен ауған қасиет десем болар. Оған мысал, сол нағашымның үйінде оқып жүргенде Сейілбек Стамбеков (ақын Дәуітәлі Стамбековтің әкесінің ағасы) деген абыз да шежіреші ақсақалдың «Ауданда сандаған қызмет істеушілерден арлы да адал екеуі болса, соның бірі – біздің Әбіл. Ауылшаруашылық басқармасының бас экономисі. Тәуелділер көп. Бірақ ешкімнен ештеңе сұрамайды да алмайды» дегенін естідім.

Амангелді де тура әкесіне тартқан. Оның 1999-2010 жылдары Қарағанды облысы бойынша қаржылық бақылау комитетінің бас бақылаушы-тексерушісі қызметін атқарған уақыты жиірек қарым-қатынастағы кездеріміз болатын.

Бірде, жиендікке салып, «Әу, нағашы, мынадай тамаша лауазымды қызметте талай жыл еңбек етудесің. Астыңда машинаң неге жоқ?!…» деген ойын-әзіліме: «Біз сияқтылар, бізден дөйлер де баршылық. Олардың бәрі үкіметтің қаражатына қол сұға берсе, арттағы ұрпақтарға не қалар?! Тыныш ұйқтаған да жақсы ғой…» дегенін естідім. Шіркін, «жоғарыдағы дөкейлер» осылай ойласа, ешбір жемқорлық болмай, еліміз 30 болмаса да елеулі 50 елдің ортасында болар еді-ау деген ой, санамды сызып өтетін.

Есте қалған бір жағдай, 2017 жылы Қарағанды қаласының ардагерлері облыстың бас Имамы Өмірзақ қажы мен сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошановтың қолдауымен қаламыздағы мешіттердің атауын өзгертуге еңбек еттік. Ұйымдастыру комиссиясын құрып, көпшіліктен түскен қаржыға адал да арлы азамат ретінде иегер-кассир деп Амангелдіні ұсынып, бірауыздан келістік. Жаңа мешіт – Әнет бабаның атымен, №1 мешіт – Әл Машани атымен аталды.

Иә, Амангелді бауырымның, қандай қиындыққа кездессе де, тілінен одағай, аузынан балағат сөз шықпас ұстамдылығы – өте зиялылығын, қашанда болмасын қол ұшын беруге дайын тұруы – қайырымдылығын, үйдің тіршілігі мен түздің ерекшілігін оңтайлы шеше білуі – ақылмандығын айшықтайтын адами қасиет.

Адам қанша жақын болса да, басқаның кейбір керемет қаракетін, сындарлы сырын, жаңалық-жақсылық дерлік ғажайып қырын біле бермейді. Ондай қилы-қиян армандарын, маңызды-мәнді мақсаттарын қолыңа түскен оқыған жазба-естеліктерінен, өршіл өлеңдерінен, туындыларынан танисың.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды…» дегендей, парасатты да пайымды, сабырлы да салмақты нағашымды көп уақытқа дейін «Тек мамандығына орай еңбек ете есі шығып жүрген экономист қой» деген сияқты орынсыз ойда жүрген маған, кейініректе жарық көрген туған жер, махаббат, Отан туралы өлеңдерінен, «Кешқұрым», «Бегазы» және «Мұхаммад пайғамбардың (ғ.с.с.) өмірі» атты тарихи туындыларын оқып, ақындығына таң қалдым. Қилы-қияс, уақыт жетпес еңбек жолында жүре ақындық деген талай ойға шомдыратын, көп оқуды, ұзақ ізденісті қажет ететін ұзақ жолға түсуі – ұрпақ қамын ойлауы болар. Әлбетте, түрлі тақырыпта жазатын ақындар баршылық. Діни оқу бітірген, дін жолында қызмет етіп жүрген лауазым иесі емес, кезінде комсомол, партия құрамында қызмет атқарған Әбіл Амангелдінің Пайғамбарымыз бен ислам дінінің тарихы жөнінде еңбекті жарыққа шығаруы – оның үлкен философиялық жолға қадам басқанын байқатады.

Сондай-ақ, Амангелдінің қол өнерлік, аңшылық, спорттық сайыстардағы жанкүйерлік, өлке тану – зерттеушілік, өсімдік тану қырлары да айрықша еді.

Әбіл Амангелді қызмет бабында талайларға жақсылық жасапты. Әсіресе, Жезқазғанда облыстық кәсіподақтар кеңесіндегі қызметінде, Ақтоғай әкімінің бірінші орынбасарлығы кезінде көпшіліктің көңілінен шыққан болар «нағыз адал да арда азамат» деген сөздерді жиірек естіп, нағашы бауырыма, абзал азаматқа шын жүректен шаттанған сәттерім аз емес-тін.

Иә, бір-біріміздің жетістігімізге қуандық. Әбекең мен менің шешем Үмиланың данагөйлік сыйластығының арқасында Амангелді бастаған нағашымның балалары және алты ағайынды біздер қызық-қуанышта бірге болдық, реніш-қайғыны бірге бөлістік. Мен үшін де, көпшілік үшін де сондай қайғылы күннің бірі – Амангелдідей жақсы жанның, Арда азаматтың

2020 жыл наурызының 7 жұлдызында, өзінен ертерек о дүниенің есігін ашып, қабырғасын қайыстырып, жүрегін жаралаған ұлы Бауыржанымен пейіште кездесуге асыға, бақилық дүниеге 73 жасында ертерек аттануы.

Бауырларымның иманы қасында, жатқан жерлері жайлы да жарық, бейнелері туғандары мен дос-жарандарының есінде болсын! Жасаған жақсылықтары о дүниеде өзіне пана болып, жатар орындары тек Жұмақ болсын! Аруақтары ұрпақтарын қолдап, қорғап жүрсін!

Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,

ардагер-ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button