Жаңалықтар

Облыс тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5%-дық несие ала алады

Аймақта жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, азаматтарды аграрлық бизнеске тарту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Ortalyq.kz stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының микрокредит беру, өңірлерді дамыту және ауыл шаруашылығы кооперациясы дамыту бөлімінің басшысы Қуандық Ахметов:

– Биыл жобаны жүзеге асыру үшін Қарағанды облысына 3,4 миллиард бөлінген. Жобаға келіп түскен өтініштерді  «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы наурыз айынан бастап қабылдап жатыр. Бүгінде 532 өтініш келіп түсті. Келесі аптадан бастап несие беру жұмыстары басталады. Қаржыландыру жоспарына сәйкес осы жылдың мамыр айына 2,4 миллиард теңге, осы жылдың шілде айында 1 млрд. теңге түсім жоспарлануда. Бұл кәсіпкерлік бағдарлама негізінен ауыл халқына арналған. Ауылдың жағдайын көтеруге, әл-ауқатын жақсартуға, өз істерін ашып, сол арқылы табыс табуды, жұмыс орындарын ашуды көздейді. Сондай-ақ көп балалы отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға және NEET санатындағы жастарға ерекше көңіл бөлінетін болады, – дейді бөлім басшысы. 

Оның айтуынша, бұл жоба Қарағанды облысының барлық аудандары мен ауылдық округтерінде жүзеге асырылуда. 

– Осы бағдарламаны іске асыру үшін 8 бірліктен тұратын «Сарыарқа» ӘКК АҚ штаты құрылды. Оның ішінде 4 несие менеджері, 1 заңгер, 1 несие әкімшісі бар. Бүгінде қарыз алушылардың несие алудағы мақсаты ірі қара мал, ұсақ мал өсіруге және сатып алуға және ауыл шаруашылығы техникасын (тракторлар, комбайндар) сатып алуға бағытталған, – дейді ол. 

Қуандық Ахметовтің айтуынша, несиені беру мерзімі мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін беріледі. 

– Несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Бұл тиімді несиенің халыққа пайдалы болары анық. Себебі, қазір ешқандай коммерциялық банк ауыл тұрғындарында осындай тиімді шарттармен несие алуға мүмкіндік бермейді. Сол себепті де ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл таптырмас дүние, – дейді Қуандық Ахметов. 

Оның сөзінше, негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі екі жылды құрайды. Сондай-ақ, несиені алу үшін кепілмен қамтамасыз ете алатын жылжымайтын мүлік рөл атқара алатын дүние болуы қажет. 

Сонымен қоса Қуандық Ахметовтің айтуынша, несиені кәсіпті жаңа бастағысы келетіндер де және жеке кәсібі бар азаматтар да ала алады. 

– Микрокредиттер ет және сүт шаруашылығына, құс шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына, шағын жылыжайлар салуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге беріледі. Мемлекет өңірлерде ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ыңғайлы жағдайлар жасады. Бүгінгі таңда министрлік сатып алынған техникаға, машиналар мен жабдыққа инвестициялық субсидиялар үлесін – 25%-дан 50% – ға дейін ұлғайту бойынша өзгерістер енгізді. Жобаға қатысушылар құрылтайшылар ретінде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуі қажет, бұл өнімді қайта өңдеуді, өткізуді жолға қоюға, жем өндіруді қамтамасыз етуге және оларды серіктестеріне нарықтық бағадан төмен бағамен сатуға мүмкіндік берері анық, – деді Қуандық Ахметов.

Оның айтуынша, бұл ауылшаруашылық техникасын жаңартудың нақты мүмкіндігі, өйткені қазір көптеген шаруалар 20-30 жылғы тракторларды пайдаланады.

– Өтініштер саны бойынша Абай, Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандары көш бастап тұр. Жылдың аяғына дейін жоспар бойынша 486 несие беріліп, 500-ден астам жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз, –  деп атап өтті спикер.

«Ауыл аманаты» – «AMANAT» партиясы мен ел үкіметінің ауыл және қала тұрғындары арасындағы табыс алшақтығын қысқартуға бағытталған бірлескен жобасы. Ол халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Азаматтар кеңес алу үшін «AMANAT» партиясының жергілікті филиалдарына жүгіне алады.

Айта кету керек, биыл «Ауыл аманаты» жобасына 100 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға ауылдық жерлерде 18 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. 

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button