Қарияларды қадірлейік
«Неменеге жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр» деп жырлап еді мұзбалақ ақын Мұқағали. Осы өлең жолдарын оқыған сайын, ауылдың көнекөз қарияларынан естіген мына бір оқиға есіме оралады.
Бағзы заманда бір хандық болыпты. Күндердің күнінде ел билеушісі «Хандықтағы 60 жастан асқан қарттардың көзін жою керек. Олар соғыс болса бізге зиянын тигізбесе, пайда әкелуі екіталай» деп жарлық шығарып, нөкерлерін жібереді. Халық қанша қарсы шықса да еш әрекет істей алмайды. Патшаның айтқаны орындалып, елдегі 60-тан асқан қарияның барлығын қырып салады. Тек арасынан бір жігіт әкесін тауға апарып, үңгірге жасырады. Содан бастап әлгі жігіт әкесін үңгірде асырап, бар тапқанын тасумен жүреді.
Күндердің күнінде ел арасына белгісіз бір дерт тарайды. Дертке шалдыққан адам қайтып жазылмай, өлім құшады. Хандықтағы небір емшілер дерттің емін таппай, өлім саны одан әрі артады. Әлгі жігіт әкесіне барып, болған жағдайды бүге-шігесіне дейін баяндап береді.
Сонда қария «Ол індетті жеңу – әркімнің өз қолында. Жағдай тұрақталғанша әркім өз үйінен шықпай отыруы қажет» дейді. Естігенінің бірін қалдырмай жеткізген жігіттің ақылына хан иланып, жарлық шығарады. Біршама ай өткеннен кейін елдегі жағдай тұрақталып, бәз-баяғы қалпына қайта оралады. Көпшілік бір-бірімен жаңа көріскендей арқа-жарқа күй кешіп, ұлан-асыр той жасайды.
Араға жылдар салып, хан ордасынан тағы хабар келеді. Ханның «Анау ұшы-қиыры жоқ көлдің ішінде алмас тас жатыр. Соны маған жеткізген жанға ат басындай алтын беремін» деген сөзі ел арасына жылдам тарап үлгереді.
Оны естіген көшілік су бетінде қалқып тұрған алмасты көрсе де, ала алмай діңкелері құриды. Қасына жақындап барған сайын, көзден ғайып болып кетеді екен. Мұны естіген жігіт, ақыл сұрауға үңгірде жатқан әкесіне барады. Әкесі «Онда ешқандай алмас жоқ. Ол жерде тек биік тал бар. Талдың ең биік тұсына құс ұя салған. Алмас сол ұяда. Көлдің бетіндегі тек соның көлеңкесі ғана» деп ұлын шығарып салады.
Ханның алдына барған жігіт әкесінің айтқандарын баяндайды. Мұны естіген хан межелі жерге барса, жігіттің айтқанындай екен. Дәл осы оқиғадан кейін біраз жылдардан соң ел басына тағы да ауыр күн туады. Аспаннан қара бұлт арылмай, елдің ауызбіршілігі жоғалып, құлдыраудың аз-ақ алдында қалған шағы еді. Әлгі жігіт әдеті бойынша үңгірдегі әкесінен ақыл сұрап, ханға айна-қатесіз жеткізіп, тағы да елін күйреуден аман сақтап қалған екен.
Мұндай оқиға бірнеше мәрте қайталанғаннан кейін ханда күдік пайда бола бастайды. Нөкерлеріне жігітті әкелуін тапсырып, ұрып-соғып сұрақтың астына алады. Ал, жігіт болса, істегеннің бәріне көндігіп, әкесі жайлы ауыз ашпайды. Ызаланған хан оны өлім жазасына кесуге үкім шығарғанда ғана, үңгірдегі әкесі жайлы бәрін баяндап береді.
Бүтін бір елді қиын кезеңнен алып шыққан жігіт емес, үлкеннің ақылы. Осыны түсінген хан өткені үшін өкініп, халқының алдында тізе бүгеді. «Бұдан кейін қарттар елдегі ең сыйлы адам болады» деп үкім шығарыпты деседі.
Биылғы індет көптеген қазыналы қариялардың өмірін қиды. Аузы дуалы ақсақалдардың қадірі қашан да биік. Ендеше, қарттарды қадірлейік…
Дәуірхан ЖЕҢІС,
Қазыбек би аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы.