АймақДенсаулық

Ауру ерте анықталса, тез жазылады

Онкологиялық аурулар ішінде сүт безінің қатерлі ісігі көп тараған. Мамандар оны жиі кездесетін ауруға жатқызады. Облыс бойынша жылына 3500-ден астам қатерлі ісік түрлері анықталса, соның 500-550-і сүт безінің қатерлі ісігі екен. Олардың 40 пайызы аурудың бірінші сатысында анықталған. Мұндай көрсеткішке жетуде ерте диагностикалаудың ықпалы зор.

– Жыл басынан бері облыс көлемінде 436 әйелде қатерлі ісіктің осы түрі анықталды. Бұл күніне орташа есеппен 1-2 жағдай деген сөз. Профилактикалық тексерулер ауруды ерте анықтап, нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді, – дейді №3 көпбейінді аурухананың жалпы онкология және хирургия бөлімі басшысының міндетін атқарушы Татьяна Хайтиди.

Ол үшін скринингтерден бас тартпай, тексерілуге шақырғанда міндетті түрде бару қажет екенін айтады Қарағанды медицина университетінің онкология және сәулелік терапия кафедрасының меңгерушісі Найля Қабылдина.

– Бүгінде медицинаның мүмкіндігі зор. Ісікті көзге көрінбейтін, саусақпен басқанда білінбейтін ерте кезеңде анықтауға жағдай бар. Егер ерте анықталса, құлан таза айығу мүмкіндігі мол. Бұл ағзаны сақтап қалуға, әйелдің өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсартуға жол ашады, – дейді дәрігер.
Егер әйел адамның отбасында сүт бездері қатерлі ісігімен ауырған адам болса, ол 40 жастағы скринингті күтпей, өз бетінше қарала беруі керек.

– Қатерлі ісіктің тұқым қуалау ықтималдығы жоғары. Бұл ғылыми зерттелген. Әрине, скрининг барлық адамды қамтуы мүмкін емес. Сондықтан, адам өз ағзасында, дене мүшелерінде қандай да бір өзгерісті байқаса, дәрігерге баруы тиіс. Қолтық астындағы бездердің ісуі де дәрігерге көрінуге себеп. Өйткені, без түйіндері сүт бездеріне жақын, – деп түсіндірді аурухананың амбулаториялық емханалық қызметінің басшысы Анатолий Красножен.

Дәрігерлердің айтуынша, темекі тарту, алкоголь, ащы, майлы тамақтарды жиі тұтыну ағзадағы зат алмасудың бұзылуына алып келуі мүмкін. Ол ағзадағы гормоналды және генетикалық ауытқулардың себебіне айналуы ғажап емес.

– Қазір әйел адамдардағы онкологиялық аурулар оның психосоматикалық жағдайына да байланысты екені ғылыми тұрғыда айтылып жүр. Яғни, әйелдің психологиялық жағдайы, көңіл-күйі аурудың пайда болуына әсер етеді. Әйел адам өз-өзіне, өмірге, айналасына көзқарасын түзеп, қатынасын реттеуі керек, – дейді Татьяна Хайтиди.

– Қазіргі заманда «Еш жерім ауырмайды, дәрігерге не үшін барамын?» деген қате пікір. Жаныңа батып ештеңе мазаламаса да адам жыл сайын тексерістен өтуі керек. Дәрігер кабинетіне дейінгі қарау кабинеттері бар. Мұнда да ауруды ерте анықтауға болады. Әйел адамның денсаулығы – өз қолында. Егер тіркелген емханаңыз көңіліңізден шықпаса, оны ауыстыру мүмкіндігі бар. Әйел адам үйде өзін-өзі тексеріп, қарап отыру қажет. Дәрігерге баруды соза бермеген дұрыс, – дейді Анатолий Красножен.

Сүт бездері қатерлі ісігі жайлы ақпараттандыру аясында Ашық есік күнінде тексерілген әйелдің екеуінде қатерлі ісік болуы мүмкін екені анықталды. Ал, бір әйелде ісік алдындағы жағдай белгілі болып, ультрадыбыстық зерттеу, пункция, трепанобиопсия сияқты зерттеулер жасалды.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button