Жаңалықтар

Алтын кездік (очерк)

Екі дос шұрқыраса табысқан. Сағынысып қалыпты. Соңғы жылдары ел іргесін індет жайлап, алты құрлықты абдыратып, Әлемді әбігерге салғаны белгілі. Бір топырақта туып, бала күннен жұптары жазылмаған екеудің жүздесуі сиреп қалып еді. Екеуі де аты жаман індеттің салдарынан «аунап тұрған». Бір-бірінің нұрлы жүзіне ұзақ, үнсіз қарасып, екеуі де ойға шомған. Үнсіздікті әңгімесін әзілмен тұздықтап отырмаса бойына ас дарымайтын Зақаңның:

Шашың қуарып, шал болып қалыпсың ғой, – деген қалжыңы бұзды. Отан аға тосылған жоқ:

Сексен деген жарықтық сенің де сертіңді бұзған екен. Көмірдей қара шашыңды күміс көмкере бастапты ғой, – десін. Достар әзілі риясыз күлкіге ерік беріп, ескі достар бірін-бірі қайта құшты. Жанарларына жас іркіліп, екеуінің де қиялы алыс күндерге – сонау Балқантаудың баурайын өрлеп, Едірейдің етегіне бір қонып, Арқалық тауларының асуларына қиялап кеткен.

Фото: «Орталық Қазақстан» газетінен

Екеуі де – зергер. Бірі – белгілі сөз зергері, ғалым, публицист, академик Зарқын Тайшыбай. Екіншісі – аты аңызға айналған оташы, өрелі өнертапқыш, адам сүйегінің зергері Отан Мақышев. Екеуі де – бір жылдың, бір топырақтың төлі. Жұптары жазылмағалы – 80 жыл. Жарайды, ес білгендері бес жас болса, тура 75 жыл қатар келеді. Сыйластықтарына сызат, достықтарына қылау түсіп көрген жоқ.

…Әңгіме тиегі ағытылсын. Жүйрік қиялдың жүгенсіз тұлпардан айырмасы бар ма?! Екеуі де кешегі көктем күндеріне оралып, көк белде шыбықты ат қылып жүйткіген күндерін еске алды. Откеңнің асыл жары Назымның:

Дәм алыңыздар, шәй суып қалды, – дегеніне қарап жатқан жоқ.

Семей полигонындағы алғашқы жарылыс болған күн есіңде ме? – деп қалды Зақаң.

Иә-ә-ә. Дәл сол күні сынақ алаңында алапат жарылыс болып, сол аждаһаның апанында 40 бойы дүмпу болатынын, оның зардабын біздің Қу өңірі күні бүгінге дейін тартатынын сезбедік қой. Табиғат жарықтықтың әдеттегі тосын мінезі, долы дауылы деп қабылдадық емес пе?! – деді Откеңнің үнінен жарықшақ сезіліп.

Соның салдары ғой, біздің буыннан екеуміздің ғана аман жүргеніміз. Қатарымыздың бәрін жалмады ғой.

Әдемі әзілмен әдіптеліп, әсерлі басталған әңгімелері мұңдылау әуезге жол беріп, екеуі де ой тұманына сіңіп бара жатты.

…Ас ішіліп, қымыз сімірілді. Бірін-бірі 80 жасымен құттықтаған екі дос қимай қоштасып, Откең Зақаң мен Гүлекеңді көлігіне дейін шығарып салды. Екеуі де – тың. Сексеннің сеңгіріне сергек көтерілген. Алайда, елді ойласа, Егіндібұлақтың тағдырына алаңдаса, Тасшоқыны сағынса, екеуі де мұғдана қалады. Еңсесі еңкіш тартқан күйі Зақаң көлікке жайғасты. Иығы салбыраған Откең үйге беттеді. Екеуін де елдің мұңы толғандырады. Бірі көлікте, бірі үйде отырған екеуінің де қиялы бір арнаға тоғысып, Арқалыққа аттанып бара жатты. Екеуінің де жадында жарылыс жаңғырып, құлағына Семей синдромының дүмпуі келеді.

***

…Ескі альбомды парақтап отырған Отан ағаның ойынан Зарқын досының «Семейдегі алғашқы жарылыс болған күн есіңде ме?» дегені шығар емес. Иә, есінде. Бірақ, бірнеше жылға дейін адам қолымен жасалған бұл сынақтың Алланың сынағынан да ауыр салмағы боларын сезбеген еді. Бала күнінде ұшқыш болуды армандайтын. Тосшоқының Арқалық тауларының баспалдағындай болған биіктеу жотасына шығып алып, ауыл үстінен ұшып өткен ұшақтардың ізіне қарап отыратыны бар-ды. Әкеден ерте айырылып, жалғыз ананың жанарындағы мұң мен шерге жаутаңдап өскен балада ананың амандығынан басқа арман бола ма?! «Ұшқыш боламын» деген арманның жетегінде отырып: «Егер, ұшқыш болсам, тура осы Тасшоқының үстінен ұшып бара жатып, анама үнді шәйі мен тәттілер тастап кетер едім» деп армандайтын еді ғой.

…1942 жыл. Батыстағы қан майданның үрейі үдеп тұрған кез. Тура сол жылы Тасшоқыда 5 келіншек ұл туған. Үлкендер жағы Алланың бергеніне шүкіршілік етіп, қамыққан ауылдағы бұл қуанышты күн сайын майдан даласынан келіп жатқан қара қағаздың өтеуі деп жатты. Сол бесеудің бірі – Зарқын Тайшыбай да, бірі – өзі. Қалғандары дүниеден озып кетіпті. Бірі – ақ қан, енді бірі – қан қысымы, тағы бірі – жүрек талмасы. Осының барлығы – полигон зардабы.

Отан мен Зарқын мектептің жоғары сыныбында оқып жүрген шақтарында «Ана ауылда пәленшенің әйелі кемтар бала туыпты», «мына ауылда түгеншенің келіншегі туған бала құбыжыққа ұқсайды екен» деген әңгіме көбейе бастаған. Ашық айтылмаса да, үлкендердің сыбырлап айтқандарынан «Семей полигоны» туралы біле бастады. Осы кезде Отанның «ұшқыш боламын» деген бала арманы «Дәрігер боламын» дегенге ойысқан. Бар мақсаты осы ойға тоқайласты. «Жарылыс зардабын тартып жатқан жерлестеріме көмек көрсетемін, ажалға араша боламын!» деп тастүйін бекіп алды. Сынақ алаңынан небары 100 шақырымдай ғана қашықтықта тұрған Егіндібұлақ өңірінен бір жылда 8 азаматтың дәрігерлік оқуға түскені бар. Олардың да арман-мақсатына Семей полигонының септігі тиген болар. Бұл да сол жолды таңдады. Сол сегіздің бірі белгілі травматолог, алтын қолды оташы Құсни Елеуовтің кейін өзіне ұстаз болатынын сезген де шығар, бәлкім…

***

Арманы орындалды. Қарағанды медицина институтының студенті атанды. Бірді-екілі орысының өзі бір ауыз орысша білмейтін ауылдан келіп, оқу бағдарламасы бірыңғай орыс тілінде өтетін оқу орнының талабына көндігіп кету оңайға түскен жоқ. Лекцияны орысша тыңдап, практикалық сабақтарда адам мүшелерінің атауын латын тілінде меңгеру ауыл баласын бар ынта-жігерінен айырып, мақсатынан айныта бастаған. Егер, институттың сол кездегі ректоры Петр Моисеевич Поспеловтың қазақ балаларына деген қамқорлығы болмағанда, өзі де қолды бір сілтеп, Қарағанды шахталарының шыңырауына түсіп кетуі мүмкін еді. Қиналды.

…Ректордың атшаптырым кабинеті. Петр Моисеевичтің бір сөзін түсінсе, екі сөзін түсінбейді. Әйтеуір, дауыс ырғағы мен жүзінен төгілген мейірім ректордың ұрсып отырмағанын, керісінше қамқорлық пейілмен сөйлеп отырғанын сездіреді. Бар түсінгені – ауыл балалары үшін қосымша сабақ ұйымдастыратыны, қазақ балаларына ерекше көңіл бөлінетіні. Ректор тарапынан жасалған қамқорлық пен жеңілдік жігерлі жастың қайратын жанып, қиындыққа деген төзімін қалыптастырды. Ақыры, төртінші курсқа жеткенде тікелей ректордың рұқсатымен медициналық жедел жәрдем мекемесіне фельдшер болып жұмысқа орналасты. Фельдшер болғанда да – сапарға шығатын фельдшер.

Өмірлік тәжірибесінің баспалдағындай болған жедел жәрдемнің әр ауысымы Отан аға үшін институттың бір курсындай болды. Әр сапарында – әртүрлі дерт, әртүрлі жағдай, әртүрлі адам, әртүрлі тағдыр. Осының бәрін игеріп, диагноз қою, алғашқы көмек көрсету, алуан түрлі мінез-құлықпен тіл табысудың қыр-сырын жетік меңгеріп шықты.

***

Жас кезі. Дулы ортаға үйірсек болмаса да, ақжарқын достардың шақыруын жерге тастаған кезі жоқ. Қонаққа барар болса, жұмыс орнына баратын үйінің немесе жатақхананың телефон номерін қалдыру – міндетті. Диплом алып, Қарағанды көмір бассейніне қарасты медициналық-санитарлық бөлімге хирург болып қызметке орналасқан кезі. Қонақта отырған. Отырыс қызған шақта үй телефоны безілдеп қоя берген. Үй иесі:

Отан, сені шақырып жатыр, – дегеннен-ақ, жұмыстан іздеп жатқанын білді. Бөлім басшысы Клавдия Михайловна Мацнева екен.

Отан Мақышұлы, тездетіп жұмысқа келіңіз. Шахтада апат болып, жарақат алғандарды бізге әкеліп жатыр, – деді де, телефон тұтқасын қоя салды. Әрине, қандай жарақат, неше адам екенін ежіктеп тұратын уақыт жоқ. Бірден такси шақыртып, жұмысқа тартты.

Сол күнгі жарақат алғандарға шұғыл жасалған хирургиялық оталардың деніне Отан Мақышұлы қатысты. Клавдия Михайловна кеңесін айтып, қасында болды. Жас маманның икеміне иліксе керек, басшысы көп ұзамай жас хирургті білімін жетілдіру курсына жіберді. Бөлімде бұрыннан істейтін дәрігерлер наразылық танытып: «Пәлен жыл істейтін біз неге бармаймыз? Кеше келіп, бүгін курсқа баратын бұл кім еді?» деген әңгіме де айтылды. Адуында һәм тәжірибелі басшы: «Отан – табиғи хирург. Оны қолдап жіберуіміз керек. Болашақта Қарағанды медицинасы осы Мақышевпен мақтанатын болады» деп, әлгілердің бетін қайтарды.

***

Сол күні жұмысқа ерте келген. Ақ желеңін жамылып, өзіне бекітілген палатадағылардың жағдайын білуге шыққан. Кезекші медбике өзін қабылдау бөліміне шақырып жатқанын айтты. Шұғыл ортопедия бөлімінің хирургі болып ауысып келген кезі. Қарағанды медицинасының абызы, аты аңызға айналған профессор, Қарағанды травматология орталығын негізін қалаушы Хафиз Мақажанов – бас дәрігер. Қабылдау бөліміне келіп түскен науқасты қабылдап алып, бөлімшеге алып келді. Шалғай ауылдардың бірінен екен. Сынығын жергілікті хирургтер дұрыс салмаған. Буыны қисық бітіп, науқас кем болып қалуға айналған. Бұл кісінің жағдайын қарап, кеңесуге бас дәрігер Хафиз Жаңабайұлының өзі қатысты. Жас хирургтер даурығып, сынықтың дұрыс салынбағанын көрген соң:

Кім салған?

Қай аудан?

Туу, обал жасаған екен, – деп жатыр еді, Хафиз Мақажанов:

Жә, болды! Сендердің өздеріңде қателік болмай ма? Шалғай ауылдарда ешқандай аппартсыз жұмыс істеп отырған әріптестеріміздің абыройын төккенше, мына науқастың жағдайына қалай көмектесеміз, соны ойлайық, – деп, тыйып тастады.

Ұстазы, Хафиз Жаңабайұлының сол күнгі ескертуі өмірлік ұстанымына айналды. Ешкімнің кемшілігін теріп, қателігін бетіне басуға дәті бармады. Арын кірлетпей, бағын адал еңбекпен үстем етуге тырысты.

Хафиз Мақажанов, Құсни Елеуов сынды ұстаздарының ұлағатын ойласа, осындай аңыз хирургтердің шәкірті болғаны үшін өзін бақыттылар қатарына қосады. Маман ретінде қалыптасып, адам ретінде ғұмыр кешуіне осы екі ағасының ықпалы көп тиген екен. Ойды ой жетелеп, сергек жадында тағы бір оқиға жаңғыра қалды.

Ана бір жылы тағы бір әріптесінің қателігі салдарынан орта жастан асқан бір келіншектің сынығы дұрыс бітпей, орталарында әжептәуір әңгіме өрбіп, әбігерге түскендері бар. Науқасқа ота облыстық медициналық орталықтың травматология бөлімшесінде жасалған екен. Ол кезде бұл мекеме қазіргі Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана құрамына енбей тұрған кезі. Ал, облыстық травматология орталығы – мамандандырылған, барлық озық технологиямен жабдықталған мекеме. Науқас ота жасаған хирургті сотқа береді де, моральдық-материалдық шығын талап етеді. Сот отырысына тәуелсіз сарапшы ретінде Отан Мақышев шақырылады. Тығырыққа тірелер сәт. Таразының бір басында – әріптес тағдыры, екінші басында – адам тағдыры. Себелеп тұрған жауынның ортасынан үстіне бір тамшысу тигізбей өту шеберлігі Отан сынды бітімгердің бойынан табылған-ды. Ойына бірден Хафиз ұстазының баяғы «Қателік термеңдер!» деген ескертуі оралған Отан Мақышұлы сот отырысында «Ота жасау тәсілінде ешқандай қателік жоқ. Тек қана арнайы аппараттың болмауы салдарынан осындай жағдай орын алған» деген қорытынды беріп, шағымданушы науқасқа қайталап ота жасауды өз мойнына алады.

58 жылдық дәрігерлік еңбек жолында бірнеше өнертапқыштың жобаларды қолданысқа енгізіп, күйік жарақаты мен жалған буын сынықтарын емдеуге қатысты 6-7 жаңалық ашқан білікті хиург өмірде жалған сөйлеп, адам баласына жамандық сасап көрмеген ұстанымына іштей риза болып, орнынан атып тұрды да, аулаға беттеді.

***

Аулаға кіші немересі Хафиз ере шыққан. Ұстазының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында дүниеге келген немересі еді, биыл мектеп табалдырығын аттамақшы. Коттедж үйдің ауласында үй шаруасымен айналысып жүрген асыл жары Назымның ту сыртынан сүйсіне қарап ұзақ тұрды. Тағдырына ризашылық білдіріп, Аллаға шүкіршілік етті. Осы Назымға құда түсіп баратын әкесі де жоқ, Алматыға жұбайының туған нағашысы, ән дүлдүлі Жүсіпбек Елебековтің алдына әлгіндегі Зарқын досы барып еді ғой. Сөзге ұста, қазақы дәстүрге жетік Зарқын досы екі бірдей Халық әртістері Жүсекең мен Нығыман Әбішевтің алдына барып, ата жолымен құдалық сөйлесіп, екі жасқа ұлылардың батасын алып қайтып еді-ау…

Қарманып телефонын іздеді. Зарқын досына қоңырау шалып:

Зақа, сексенге келдік деп, астамшылық жасап, Құдайға күпірлік еткім келмейді. «Той – Тәңірдің қазынасы» ғой. Дегенмен, өзімнің 80 жас мерейтойымды емес, мына кішкентай Хафиздің тілашар тойын атап өткім келіп тұр. Осы ұрпақ қызығын армандап, осылар үшін ғұмыр кештік қой. Өзің айтқандай, бір буыннан есен жүрген екеуміз ғана. Соған шүкіршілік етіп, Хафиздің тойын атап өтейік. Қалай қарайсың?

Мен құптаймын.

Олай болса, тойға дайындал!

Одан кейін Индира мен Анарға, Маржанға, Хафиздің әкесі Нұрниязға телефон шалып, ұсынысын мақұлдатып алды.

Күні бойы ескі күндердің елесімен ауыр ойға «тұтқын» болған нұрлы келбеті жарқыл қағып шыға келді. Тамыздың тамылжыған сәскесінде күн нұрына шағылысып бір Алтын Кездік жарқылдайды. Талайдың сырқат буынына бұлжымай түсіп, бұлтартпай емдеген Алтын Кездік қой – бұл! Қасиетті Кездіктің қылпыған жүзінде күн нұрымен шағылысып ойнаған сәуле Назым жеңгейдің де жанарында жарқыл қақты.

Жүр үйге, той қамына кірісейік!

Орталарына кішкентай Хафизді алған сәулелі жұп жарқырай жайнап, үйге беттеген. Үйге емес-ау, Хафиздерін нұрлы болашаққа жетелеп бара жатыр…

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button