Жаңалықтар

Ғалым салған сара жол

Кешегі кеңестік заманда отандық журналистика мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны Алматыдағы С.Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультеті еді. Кеңестік Қазақстандағы 19 облысты журналистпен қамтамасыз ету сол жалғыз факультеттің құзырында болды. Соның салдарынан орталық, солтүстік, батыс, шығыс аймақтарда журналистика мамандығына деген тапшылық өзекті мәселеге айналды. Журналист жетіспеушіліктен, өңірлердің мерзімді басылымы мен теле-радиосында филолог, тарихшы қала берді физика, техника саласының мамандары журналистің қызметін атқаруға тура келді. Отандық журналистикадағы күрделі проблеманың түйінін шешуді ең алдымен Орталық Қазақстан өңірі, дәлірек айтсақ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қолға алды. 1993 жылы елімізде Алматының ҚазМУ-інен кейінгі екінші журналистика мамандығы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың шаңырағында бой көтеріп, іргетасы қаланды.

Университеттегі журналистика кафедрасының алғашқы қазығын қағып, қалыптасып, қанаттанып кетуіне себепші болған, әрі осы істі үлкен қажырлықпен жүргізген – көрнекті ғалым-публицист, тарихшы-өлкетанушы Зарқын Сыздықұлы ТАЙШЫБАЕВ болды.

Зарқын Сыздықұлының бұл бастамасына университеттің сол жылдардағы ректоры, профессор Жамбыл Ақылбаев барынша қолдау көрсетті.

Міне, содан бері сынаптай сырғып 30 жыл да өте шықты. Биыл Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың журналистика кафедрасы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өту шарасына дайындық үстінде.

Отыз жыл аз уақыт емес. Кезінде басқа кафедраларға телініп, мамандық ретінде ашылған журналистика кафедрасы – қазір университеттің қабырғалы білім ордаларының бірі. Қазақстанда болып жатқан білім реформаларына сай журналистика кафедрасында жаңару мен жаңғырудың сан түрлі өткелдерінен сүрінбей өтіп, қазір заманауи оқу-әдістемелік, ғылыми-техникалық базасы қалыптасқан іргелі білім беру саласының біріне айналды. Әрине, кафедраның 30 жылдық тарихында Зарқын Сыздықұлының ұстаздық жолы мен азаматтық тұлғасы кейінгі әріптес іні-қарындастарына бағыт-бағдар, үлгі болды.

Университет басшылығына халқымыздың зиялы азаматы, әдебиет пен мәдениеттің білгірі, тарих пен дәстүрдің үлкен жанашыры Нұрлан Дулатбековтың келуі Орталық Қазақстандағы журналистика кадрларын дайындау үрдісіне ерекше серпіліс беріп, кең тыныс ашты. Қазіргі таңда журналистика мамандығынан екі ғылым докторы диссертация қорғады және ғылым кандидаттары мен магистр оқытушылардың қатары көбею үстінде.

Әрине, бұл жердегі ең басты мәселе – ҚарМУ-дың журналистика бөлімін бітіріп шыққан түлектердің білім деңгейі мен мамандықты игерудегі біліктілігі қандай дәрежеде деген сұрақтың болуы әбден заңдылық. Бірден айту керек, Зарқын аға салған сара жол лайықты жалғасын тапты. Отыз жылдық еңбек еш зая кеткен жоқ. Оны өмірдің өзі көрсетіп отыр. ҚарМУ-дың журналистика мамандығын бітірген түлектерге деген сұраныс республика бойынша жоғары деңгейде. Қазақстанның кез келген бұқаралық ақпарат құралдарында біздің шәкірттеріміз маңдай алды мамандар ретінде көзге түсіп жүр. Республикалық, аймақтық, облыстық деңгейдегі түрлі ақпарат көздерінде қызмет жасап жүрген түлектердің қадамы әрдайым назардан тыс қалған емес.

Кейбір шәкірттеріміз баспасөз қызметі арқылы мемлекеттік ұйымдарда да абыройлы еңбек етуде. Президент әкімшілігі, түрлі министрліктер, мемлекеттік агенттіктер мен департаменттердің баспасөз қызметі және ұйымдастырушылық саласында ҚарМУ түлектерінің қызмет етуі – біз үшін зор мақтаныш. Атап айтқанда, Е.Тоқшылық, Ж.Аманбаева, А.Талпақова, Ж.Қаржан, А.Кемпірбай, Е.Атамбай, Е.Қаламбай, Т.Тілеубай, Е.Қуатайұлы, А.Баязитова, Ж.Әлиман сияқты көптеген түлегіміз журналист ретінде республикаға өз есімдерін танытып үлгерді.

Ал, облыстық БАҚ-тың 50 пайызын ҚарМУ-дың журналистика бөлімінің түлектері құрайды. Атап айтсақ, «Сарыарқа» телеарнасындағы Б.Тілеген, Г.Ақажанова, Ж.Рахметолла, М.Бейсенай, «5-арнада» Ә.Сәбитова, Б.Матуова, Ж.Бақытұлы «Қарағанды-1» арнасында А.Сейсен, «Орталық Қазақстан» газетінде Н.Қанапия, Ж.Сәрсенбайұлы, А.Совет, Ж.Омарбекова, С.Әбілова сияқты түлектеріміз жемісті еңбек етіп жүр.

Ал, республикалық жетекші телеарналар «Қазақстан» мен «Хабардың» меншікті тілшілері Руслан Тұрсынғалиев пен Ардақ Қабыханның Қарағанды университетінің түлектері екені – кафедра үшін үлкен абырой.

«Орталық Қазақстан» газетінің журналистік ұстаханасынан тәжірибе жинаған тағы бір түлегіміз Жанат Жаңқашұлы бұл күнде Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімінің директоры болып қызмет етуде.

Сондай-ақ, түрлі қоғамдық салаларда, мәселен Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінде жемісті еңбек етіп жүрген шәкірттеріміз Бақытжан Құдияров, Жазира Орынбаева, Саян Жарылғап, төтенше жағдайлар департаментінде Қуаныш Мүтәлләповтер өз ісінің білікті мамандары ретінде бағаланады.

Журналистік жолда есімі елімізге танылып қалған осынау жастар шоғыры – кезінде Зарқын Сыздықұлы қазығын қағып, қалыптастырып берген Арқа журналистика мектебінің жемісі. Сол мектептен түлеп ұшқан тегеурінді толқын осылай жалғасын таба бермек. Журналистиканың теориясы мен тәжірибесіне университет қабырғасында жүріп қанықса да, болашақ журналистер ақпарат кеңістігіне бірден қанат қағып кете алмасы анық. ҚарМУ-дың журналистика бөлімі түлектерін өздерінің шығармашылық ұстаханасында шыңдап, республикалық кеңістікке шығарып отырған «Орталық Қазақстан» газеті мен «Сарыарқа» телеарнасы ұжымына алғысымыз зор.

Зақаң салған сара жол Сарыарқадан басталып, Есіл-Тобылды жағалай отырып, Қызылжар өңірін сонарлады. Осыдан дәл 20 жылдай бұрын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде журналистика мамандығы ашылды. Бұл мамандықтың ашылуы да тікелей Зарқын Сыздықұлының солтүстікке баруымен байланысты еді. Кезінде мамандық ретінде ашылған бұл бөлім бүгінде бакалавриат, магистранттар даярлайтын іргелі кафедраға айналды. Зақаң солтүстік өңірде тек ағартушылық пен ғана айналысып қойған жоқ. Зерттеуші, тарихшылар ат ізін көп сала қоймайтын өлкенің біраз беймәлім тұстарын жалғанның жарығына шығарды.

Соның бірі – Абылай хан туралы тарихи тәмсілі. Зарқын Тайшыбай соңғы 20 жыл бойы абылайтану тақырыбымен үзбей айналысып жүр. Автордың «Абылай хан» (құжаттар мен материалдар жинағы, 32 б.т. «Астана», 2005) кітабы қазақ тілінде 10 мың дана болып басылып, бүкіл елімізге тарады. Кітапта қазақ тіліне тұңғыш аударылып, уақыт ретімен тізілген жазба деректер ХVШ ғасырдағы қазақ тарихын зерттеушілерді қызықтырды, Абылай тақырыбына қалам тартқандардың әрқайсысы бұл еңбекке соқпай кеткен жоқ десе болады. Зақаңның шығармашылық жолындағы ең сүйекті еңбегі, кешенді тақырыбы осы Абылай хан тарихи дерекнамасы да Қызылжар топырағында жазылды. Ал, «Мағжанның Қызылжары», «Алаш көсемсөзі» еңбектері ұлт тарихына қосылған тың тараулар болды.

«Шарлаған жолым жатыр жер бетінде» – деп еді Қасым ақын бір кезде. Шын мәнінде, дүние атты көш керуенде әркімнің ізі қала бермесі анық. Кемел ой, кемеңгерлік биігіне көтерілген адамның ізі жер бетінде, жүрек төрінде қалары анық. Біздің Зақаң – кемел адам. Зақаң салған сара жол талай толқын, талай ұрпақты баянды болашаққа бастай берері сөзсіз.

Қойлыбай АСАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

ҚР мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button